Қыжыртпа. ҚҰДАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Еліміздегі «бір-бірінен аумайтын» партиялардың бірнешеуі төрағасын ауыстырып, Құрылтайға құлағын түріп отыр. Алайда солардың денін жұртшылық жыға танымайды.
Партиялар ғана емес, төрағалары да бір-біріне «ұқсай» ма, әйтеуір көпшілік «анау – ананікі ме еді?», «мынау – мынанікі ме еді?» десіп, жиі шатасып жатады. Бұл мәселеге келгенде, «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы – өз алдына бір төбе. Өйткені Қайрат Айтуғановтың атын атасаң болды, есімін естіген елдің бәрі «Еее, құданың құдасы – құнан қойдың сорпасы ма? Білем, білем...» деп шыға келеді. Демек, бұл кісі қазір – ең танымал төраға.
Байқаған шығарсыз, ілгерідегі бір оқиға есіне түсіп, таңданысын білдіргенде, қазекең «Құданың құдіреті, мен сонда бірдеңені сезіп едім» деп бастайды, әңгімесін. Бұл жердегі құданың құда емес, Құдай екені айтпаса да, түсінікті. Өйткені құдірет – Құдайға ғана тән. Бір қызығы, су жаңа төрағаның Дариғамен құдандалық байланысы туралы сыпсың сөз жайылған судай «қоғамды жайлағанда», Қайрат Айтуғановтан да «құдірет» іздей бастағандар кездесті. Олардың ойынша, бұл кісіні «Ауылдың» төбесіне шығарған күш – жегжаттық жақындықтан «тамыр тартып» жатуы бек мүмкін. Бірақ бірден ескертейік, біз мұндай құрғақ болжам, дүдәмал долбарға ешқашан сенбейміз. Сөздің реті келгенде, оған «айғақ-дәлел» де келтіреміз, бұйырса.
Дегенмен Құрылтайдың төбесі көрінгенде, «сөзуар жұртты» араның ұясындай шуылдатқан «құдандалық жайы» қайдан шықты? Міне, бұл өте маңызды сұрақ. Дегенмен оған жауап бермес бұрын одан да қызықтау бір оқиғаға назар аударайық. Байқасаңыз, журналист Асхат Ниязов ауылдықтармен «жақын араласа» бастағандай. Алдымен «Ауылдың» жілік шаққыш білекті мүшесі Жигули Дайрабаймен қол күрестірді де, жеңіліп қалды. Шын жеңілді ме, әдейі әзірлеген әдісі ме, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ ауылдықтар Жигулидің жеңісіне «марқайып» жүргенде, журналист төрағаны «омақастыра құлатты». Бейнелеп айтсақ, қол күресте жеңілген әріптесіміз «сөз күресте» тақ-тұқ сұрақтарын жаудырып, «құдандалық құпиясын» төрағаның «тілінен суырып» алды.

Төраға мен журналистің әлеуметтік желіге тарап кеткен «жұлқыласуына» тағы бір зер салсаңыз, мынаны байқайсыз. «Менің ешқандай байланысым жоқ, ол ақпаратты естідім, бірақ бізде туыстық жақындық жоқ» деп, азар да безер болып жатқан Қайрат Айтуғановқа журналист былай деп сауал қояды:
– Тұра тұрыңызшы, сіздің Аида деген қызыңыз бар ма?
– Иә, бар.
– Ол Нұржан Шайжүнісовке тұрмысқа шықты ма?
– Иә.
– Ал Шайжүнісовтер Дариға Назарбаевамен құда ма?
– Иә. Бірақ менің олармен байланысым жоқ, түсінесіз бе?..
Осылай деген «Ауыл» партиясының төрағасы Дариға Назарбаевамен бетпе-бет кездеспегенін, тек Сенатта 20 метрдей жерден көргенін айтып, ант-су ішкендей күй кешеді. Бұған біреу сенер, біреу сенбес, бірақ осы енді жұрт болып талқылайтын тақырып па? Дариғаның да, Қайраттың Шайжүнісовтер әулетіне қыз бергені рас. Қайраттың қызы – Аида болса, Дариғаның қызы – Венера. Демек, Венера мен Аида – абысын. «Абысын тату болса, ас көп» деген мақалды білесіз. Ал асы көп, берекесі тасыған жерден әманда адам аяғы үзілмейді. Әрине, Дариға мен төрағаның «ит арқасы қиянға» тамақ іздеп бармайтыны белгілі. Бірақ өмір болған соң, жақсылы-жаманды жағдаяттар болып тұрады. Міне, сондай кездерде, жолдары түйісіп жатса, айып па? Тіпті «Құданың құдасы – құнан қойдың сорпасы» десіп, қалжыңдасып, қауқылдасып, құшақтасып-қолтықтасып жатса, ол – қылмыс па? Әрбірден соң Қайрат Айтуғанов Дариғаны 20 метрден көре ме, 5 метрден көре ме, онда кімнің қандай шатағы бар, мысалы?
Міне, сондықтан біз «құдандалық мәселесін» осы жерден доғарып, жоғарыдағы уәдемізге көшеміз. Естеріңізде болса, ілгеріде «Айтуғановтың жаңа қызметіне байланысты «айғақ-дәлел» келтіреміз» дегенбіз. Неге? Себебі сол, қызметте өсудің жолын құдалық қатынастан ғана іздейтіндер «Айтуғанов «Ауылға» қалай келді?» деп жиі сұрайды. Қалай келуші еді, солай келді! Бір жерге баратын адам біреуден ақыл сұрай ма? Біле білсеңіз, бұл кісі басынан бақайшығына дейін – таза ауылдық. Мамандығы – агроном. Ауыл шаруашылығы министрлігінде, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінде» ірі қызметтер атқарды. 2020 жылдан 2026 жылға дейін «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары болды. Етке тойып ап, сүйек сындырғанын «мәртебе көретін» кейбір әріптестеріндей емес, бұл кісі аграрлық саланы шемішкеше шағады. Аграрлық саланы жетік білгеннен кейін, мал таниды. Тісін ашып, әуре болмай-ақ, 20 метр жерде тұрып, «анауың – тұсақ, мынауың – ісек» деп қорадағы қойыңды түстеп-түгендеп беретін бірден-бір маманыңыз – осы кісі. Ендеше, мұндай адам «Ауылға» бас болмағанда, «Ақ жолдың» айтқанына» еріп, «Байтақтың» батпағына» батуы керек пе еді?!
Байқадыңыз ба, бәрі дұрыс, бәрі жөн. Жаңа төрағаның келуі партияның беделіне бедел қоспаса да, сайлауалды дақпыртын арттырып тұр. Тек бір әттеген-айы, «Ауылдың» съезінде жаңа төраға баяндамасын орыс тілінде сүйкектетіп жазып әкепті де, сол тілде судыратып оқып бере салыпты. Мұндай ғадет қазақшасы нан сұрап жеуге жарамайтын Асхат Рахымжанов секілді төрағаларға жарасар еді. Ал мемлекеттік тілде ешкімнен кем сөйлемейтін Айтуғановтың мұнысы несі? Қойын қоралап, шөбін маялап, кешкі шайға отырып, «Ауылдың» съезінен сыр аңдағысы келген ауылдықтар жаңа төрағаның «тілінен тіксініп» қалғанға ұқсайды. Ал бұл жөнінде сауал қойған журналистерге Айтуғановтың өзі «съезде орыстар бар, басқа ұлттар бар...», пәлен-пәштуан деп ақталып әлек болды. Ал ауылдықтар «ауылдың тілінде сөйлемейтін мұндай «Ауылдың» атасының аузын...» деп ашуланып отыр. Ал біз не істейміз? Әрине, Айтуғановтың жағына шығамыз. «Қыжыртпаның қонағын» қолымыздан келгенше «құрметтейтін» әдетімізбен кейіпкеріміздің кемшілігін «түсіндіруге» тырысамыз.

Түсіндірудің жалғыз жолы мынау: Солтүстікте туған соң, Айтуғановқа кез келген дүниені орысша айта салу – оңай. Ақмоланың Ақмола болғанына 30 жылдан асып кетсе де, бұл кісі кейде «Целиноград облысы» деп «ұрып» жіберетіні содан. Оның үстіне, кейіпкеріміз орыс тілін – ғылым-білім тілі деп танитын сияқты. «Ғылым-білім тілін» жетік білген соң, 2010 жылы «Проблемы развития интеграции в аграрной сфере Казахстана» деген тақырыпта диссертация қорғап тастаған. Қызығы, 12 жыл өткен соң сол еңбектен «мүлтік» шықты. Қайрат Айтуғановтың ұйықтамай, бел жазбай, «айдың жарығымен» жазған диссертациясын «Антиплагиат» сервисіне салып кеп жібергенде, жауап қандай болады деңіз. Жауап мынадай болады: «диссертацияның «28,17 пайызы – түпнұсқа, яғни оны Қайрат Айтуғановтың өзі жазған». «Өзі жазғаны несі, дендерің сау ма, сонда қалғанын кім жазған?» дей жаздап барып, әрең тоқтайсыз. Ал NEGE Media порталының сол кездегі сауалына «Антиплагиат» сервисі «мәтіннің 63,98 пайызы басқа еңбектерден алынған» деп жауап беріпті. Тіпті «білгіш сервис» еңбегі «қолды болған» ғалымдардың да атын атап, түсін түстеген. Олар – ресейлік Зарема Куек, Надежда Лебедова және Екатерина Калинина.
Міне, осы жаңалықты естіген «ақылмандар» сол кезде «Ойбу, масқара-ай, әйелдердің еңбегіне қол салғанша, қорадан қой ұрлағаны жақсы ғой!» деп «ділмәрсыған». Бірақ бұл жерде де біз кейіпкерімізді жамандыққа қимаймыз. Ғылым дегеніңіздің өзі шимай-шатпақ болып, шатысып-бытысып жататын дүние емес пе? Бір ғалымның еңбегі екінші біреудікіне ұқсап қалып жатса, онда тұрған не бар? Мысалы, Зарема Куек авторефератындағы кіріспесін 2007 жылы жазыпты. Сондағы сөзбе-сөз абзацтар Айтуғановтың еңбегінде де кездеседі. Кездессін! Бұл «плагиат болды» дегенді білдіре ме? Біздіңше, білдірмейді. Өйткені Айтуғанов диссертациясын 2010 жылы қорғағанымен, ол бүкіл еңбегін сол жылы жазып бітіре салған жоқ қой. Нағыз ғалым ұзақ ойланып, жылдар бойы толғануы мүмкін. Алдымен әбден көңілінде пісіріп, содан кейін шетінен қағазға түсіре бастауы да ғажап емес. Ал ғалым деген қауымда шекара болмайтынын естіген шығарсыз. Сондай кездесулердің бірінде аңғал қазақ «мен бүйтіп жатыр едім» деп мақтанса, шошаңдаған пысық қыздар «ғалымның хатын» шырт еткізіп суретке түсіріп алса... түсініп тұрсыз ба, нағыз плагиаттың қандай болуы мүмкін екенін...
Қысқасы, біз кейіпкерімізге «кір жуытқымыз» келмейді. Әрі жұмысына да сәттілік тілейміз. Ауыл мен «Ауылдың» арасы жақындап, бір-бірін түсінетін тілде сөйлесіп жатса, оған бірінші болып біз қуанамыз. Тұсақ пен ісектің саны көбейіп, бар қазақ құнан қойдың сорпасын ішетін күн туса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кезең келді деген сол емес пе?
Тек мәселе біреу ғана ғой. Ол не? Ол – сол, қазекең бір күні «Құданың құдіреті, «Ауылға» Айтуғанов келгенде, мен осыны сезіп едім» деп отырмаса, бопты да, әйтеуір...
Сансызбай НҰРБАБА