Кейіпкер

Қыжыртпа. «ЗЕҢБІРЕК ДОБЫ»

Киноларында қырық кісімен қаймықпай «айқаса беретін» Джеки Чан есімді қытайдың «тапал баласына» қазақтан да бір «қарсылас» табылды.

П

Ол – жасылдар партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай. Бірақ бірден ескертейік, Азаматхан мен Джеки Чанды оңаша алып шығып, төбелестіргелі жатқан ешкім жоқ. Есесіне екеуінің «сынға түсетін» кезі жақындап қалған сияқты. Өйткені Ақтау тұрғыны Қазақстанға келген қытайлық актерден ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрап, өтініш жасады. Ал «Байтақ» партиясының ұстанымы – «Таза ауа, таза су, таза жер» қағидасына негізделген. Енді түсіндіңіз бе, мәселенің неде екенін?!

Әміртай
Фото: Тимур Батыршин

Сену-сенбеу еркіңізде, Джеки Чан 5,5 келілік салмақпен өмірге келіпті. «Мұндай алып балуанды қалай таптым?» дегендей «аң-таң болған» анасы бауырындағы нәрестеге «Пао-пао» деген қосымша ныспы береді. Оның мағынасы – «зеңбірек добы» екен. Расында, Джеки Чан зеңбіректің добынан кем болған жоқ. Ал біздің Азаматхан Әміртайдың туылғанда қанша салмақ тартқаны беймәлім. Есесіне, өсе келе «шөгіп қалған» қытайлық актердей емес, сұңғақ та, сымбатты жігіт болып өсті. Сондықтан «қазақтығымызға салып», аңыз актердің әйдік есімін Азаматханға «тартып әпергіміз» келіп отыр. Себебін білесіз ғой, «Байтақтың» съезі үнемі зеңбіректің добы түскендей, ию-қию болып жатады.

Р
Фото: ашық дереккөз

Естіген шығарсыз, Құрылтайдың қамымен өзге партиялар бір съезд өткізсе, «Байтақ» екі съезд өткізді. Дегенмен мәселе, оның санында емес, сапасында! Алайда «Байтақтың» съезі сапасыз болды» деп ешкім айта алмайды.

Сапаны «көтерген» – сол баяғы ырду-дырду, айғай-шу. Алғашқы жиында партия мүшелерінің бірқатары есіктің сыртында қалып қойып, арты ерегеске ұласты. Масқарасы сол, біреулер есіктің көзінде тәжікелесіп жатқанда, ішке зеңбіректің добы «түсті» ғой. Жиынның басы негізі жып-жинақы басталған. Партия төрағасы делегаттар алдында «әжептәуір әңгіме» айтып тұрған. Міне, сол кезде саяси кеңестің мүшесі Асқар Иманалиев төрағаның жанына жандап келді де, құлақ түбіне тақап тұрып, «гүрс» еткізді. 

Шынын айтқанда, мұндай «тосын атысты» ешкім күткен жоқ. Құлақ тұндыратын «алып қарудың» дауысынан делегаттар ес жия алмай тұрғанда, Азаматхан мен Асқар микрафонға таласып жатты. Бір қарасаңыз, Иманалиевтің көздегені имансыз адамның сөзіне ұқсамайды. Өйткені ол заман талабына сай, партия басшысын жаңарту қажеттігін, ол үшін дауысқа салу керектігін ұсынды. Оны біреу қоштап, біреу қоштамағаны әлеуметтік желіге тараған видеодан байқалады.

Бастысы, осы оқиғадан кейін былайғы жұрттың көңілінде «Байтақ» партиясында «зеңбіректің добы» көп екен ғой» деген ой туды. Шынтуайтына келсек, «доптың қаншау» екенінде кімнің қандай шаруасы бар, мысалы? Ал біздіңше, кемінде салмақты-салмақты «екі доп» бар секілді көрінеді. Біріншісі – Азаматханның өзі болса, екіншісі – Қарлығаш. Қарлығаш – Азаматханның әйелі. Төраға мен партия мүшесі трибунада «кергілесіп» жатқанда, арасына осы ханым барып киліккен. Мұны айдалада отырып, тон пішетін ағайын жақтырмады. «Әйел басымен әр-жерге мұрнын тығып несі бар, еркектердің жұмысына неге араласады?» деп «сөкті». Құдайшылығына келсек, бұл пікір – қате. Өйткені Қарлығаш та – «Байтақтың» белді мүшесі. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Азаматхан азаматтық танытып, партияны өз есебінен асырап отыр. Оның сомасы аталса, екі көзіңіз аспанға шығады. Себебі жылына 600 миллион қаржыны өз қалтаңнан «суырып беру» дегеніңіз – ерлікпен пара-пара еңбек. 

И
Фото: ашық дереккөз

Ал неге Азаматхан Әміртай осынша ақшаны «құрдымға» құяды? Себебі сол, «Байтақтың» басына биліктің «ноқтасын» кигізгісі келмейді. Сол үшін де үкіметтен соқыр тиын алмай, партияны дербес, ешкімге жалтақтамайтын демократиялық партия жасағысы келеді. Осыны жұрттың «түсінбегеніне» күйінді ме, Қарлығаш ханым съезде жылап жіберді. Қасындағы қосағы жылағанда, төрағаның да түрі зеңбіректің добы түскен жердей «быт-шыт» болып кетті. 

Енді осыдан не түсінуге болады? Түсінетін нәрсе көп. Қыруар ақшаны қалтасынан шығарып жатқан соң, төрағаның қасына әйелін ертіп жүруге әбден қақы бар. Қайта Азаматхан «абыройын ойлайтын» азамат екен, әйтпесе, әйелі тұрмақ, төрт баласын да «топырлатып» қасына ертіп алса, кім қой дей алады?! Ол мүмкін бе? Ендеше білдей партияны бір өзі асырап отырған адамға «төрағаны ауыстырайық» деу – қаншалықты «орынды»?

Міне, осының бәрін ой елегінен өткізсеңіз, партияның басында тұрған кісінің абырой-беделі «аспандап» бара жатқанын байқайсыз. Сондықтан жиі-жиі «бардакқа» айналатын «Байтақтың» съездерін сөз қыла берудің қажеті жоқ, біздіңше. Тек бір ғана мәселе бар. Азаматхан Әміртайдың зеңбіректің добындай салмақты пікірлері кейде қодықтың құмалағындай «құнсызданып» кететінін көз көріп жүр. Енді осыған мысал келтірейік.

Бұл кісі партиясы тіркелмей тұрғанда, батыл-тұғын. Мәселен 2021 жылы «АЭС-тің артында лоббистер мен олигархтар тұр» деген пікірі қоғамның құлағына жақты. Эколог ретінде таныла бастаған жас саясаткер қызды-қыздымен «Егер билік осыған рұқсат беретін болса, қатты қателеседі. Сондықтан, Президент нақты шешім қабылдап, бұл мәселені тоқтатуы керек» деп Тоқаевтың өзіне «тапсырма» беріп жіберген. Ал 2024 жылы «Қазақстан АЭС энергиясына мұқтаж» деп өз пікіріне өзі қарсы шықты. 

Көсіліп сөйлеген сұхбаттарына қарасаңыз, Азаматхан Әміртай үміткерлердің парламентке тек партия арқылы бару жүйесін қолдайды. Бір мандатты округтен сайлауға түсу – «Әділетті Қазақстанға» жетуге – кедергі деп есептейді. Әрине, саясаткердің «қыран көзі» қиырды шалатынын ескерсеңіз, оған қарсы дау айту жөн емес. Алайда өткенге көз жіберсек, 2023 жылы болған парламент сайлауында Азаматхан Әміртайдың өзі бір мандатты округтен додаға түсіп, «таңы айрылып», жолда қалған. Сонда сұрақ туады: «жеке батырлардың» сайлауға түсуі қате болса, Азаматхан неге «таңын жыртып», додаға қосылды?!

Байқасаңыз, «Байтақтың» төрағасы «Кеңестік санадан арыла алмаған» партияларды жиі сынайды. «Біз мемлекетімізді ойласақ, бізде топтық сана болуы керек. Біз топ құра алуымыз керек. Жұмыс жасай білуіміз керек» дейді Азаматхан Әміртай. Әміріңізге құлдық деп сөзіне қосыла кетуге болар еді. Өкініштісі сол, кейіпкеріміз мемлекеттік деңгей былай тұрсын, партияның өз ішінде «топ» құра алмай келе жатыр. Съезд сайын жиынға «зеңбіректің добы» түседі. Іште біреу жылап, сыртта біреу күліп жатады...

Білесіз бе, білмейсіз бе, осыдан 5-6 жыл бұрын Светлана Жолманова деген судья ұсталып, кабинетінен 10 мың доллар табылған. Судьяны біреу ақтап, енді біреу даттап жатқанда, даулы мәселеге Азаматхан Әміртай қиырдан келіп қосылды. Эколог жігіт судьяның ақ-қарасын былай «ысырып қойып», оның мемлекеттік тілде сөйлемейтініне шүйлікті. Былай қарасаңыз, жаны бар пікір. Алайда онсыз да басына күн туған сотты «жатқан күйінде тепкілеу» –саясаткерге жарасатын қылық па? Қазақстанда қазақшаны «қақпайтын» жалғыз Жолманова ғана ма? Егер Азаматханның мемлекеттік тілге жаны ашыса, қазақшадан мақұрым шенеуніктер мен партия төрағаларын солқылдаған көк шыбықпен қуып жүріп «сабауына» болар еді. Бірақ Азаматхан өйтпейді. «Басыма бәле іздеп қайтем» дей ме, әйтеуір, жығылған мен сүрінгенді «сойылдауға» әуес.

Азаматхан Әміртай
Азаматхан Әміртай. Фото: ашық дереккөз

Міне, осындай кісі «Құрылтайдан кемі 20 пайыз дауыс аламыз» деп күпініп жүр. Алса алатын шығар, кім біледі? Бірақ ондай күн туа қалса, өзге партияларға «обал» болғалы тұр. Себебі 2023 жылғы сайлауда Мәжіліске өте алмаған жалғыз партия, осы – «Байтақ». Ол кезде де – ұрыс-керіс. Ол кезде де – айғай-шу. Қысқасы байтақтықтар айналаны жаңғырта «гүрсілдетіп» жүріп, 2,3 пайыз дауыс алды да, «үндері өшті». Бейнелеп айтсақ, дүрдей «зеңбіректің добы» торғай атуға да жарамай қалды. Енді сол партия 20 пайыз дауыс жинаса, не болады? Не болатынын итім білсін, бірақ қалған алты партияның үлесі 15 пайызға да жетпей қалғалы тұр. Бұл – «Байтақтың» басына қонуы мүмкін «баққа» ұқсай ма?!

Енді басты мәселеге оралайық. Джеки Чан Қазақстанда не істеп жүр? «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсіріліміне келді. Маңғыстауға барып, облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбаймен «қосақталып» жүргенінде, Ақтаудың бір тұрғыны «анадай әңгімені» актердің «әдрісіне атып кеп» жіберді. Айдаладан келген актерге ауыз судың мәселесін айту – ұят тірлік. Алайда қала тұрғыны «көкейін тескен» мәселені енді кімнен сұрауы керек еді? «Кімнен?» деген сұрақ туғанда, алдымен ауызға Азаматхан түседі. Өйткені партияның ұстанымы мен бағдарламасында «таза су» мәселесі «ту болып» көтерілген. Сондықтан Джеки Чанға «құбыр тартқызып», ұятты болғанша, Азаматханның «азаматтығына» бір мәрте куә болған орынды секілді. Ол үшін не істеу керек? Белгілі ғой, ешкім «Байтақтың» бір жылғы шығынын Ақтауға құйшы» деп сұрамайды. Тек Құрылтайдан 20 пайыз орын алғалы жүрген саясаткер Маңғыстау әкімдігінің босағасына барып, «гүрс» ете қалса, бітті. Тек соған «жарылғыштық қасиеті» жете ме, жетпей ме? «Байтақтың» басында тұрған адамның «зеңбіректің добы» екеніне жалғыз дәлел осы сияқты. Ал Сіз қалай ойлайсыз?

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз