Қызылорда облысында оқушы қызды өлтірген ер адам 20 жылға сотталды
Қызылорда облысының Шиелі ауданында 16 жастағы мектеп оқушысын тұншықтырып өлтіріп, денесін каналға тастаған 22 жастағы ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға маусым айында болған. Жасөспірім үйінен құрбысына баратынын айтып шығып, кейін оралмаған. Бір тәуліктен соң оның денесі Жахаев атындағы каналдан табылған.
Тергеу мәліметінше, қыз ер адаммен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Сол кезде күдікті некеде болған. Қайғылы оқиға болған күні ол қызды канал маңына апарған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал туындап, ер адам кәмелетке толмаған қызды тұншықтырып өлтірген. Кейін мәйітті суға лақтырып жіберген. Қыздың мойнынан қалың сым табылған.
Көп ұзамай күдікті ұсталды. Оның бұған дейін де сотталғаны анықталған. Сотта ер адам кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұраған.
Сот шешімімен ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталған адамнан жәбірленуші тарапқа моральдық шығын үшін 10 млн теңге өндірілді.