Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:04, 13 Ақпан 2024

Қызылордада мемлекет қаржысын аса ірі көлемде жымқырған білім саласының қызметкерлері сотталды

жемқорлық
Фото: из открытых источников

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы білім бөлімінің бұрынғы басшысы, бас есепшісі және 24 мектеп есепшілеріне қатысты сот үкімі шықты. Өз қызметтерін асыра пайдаланған мамандар мемлекет қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржыны жымқырғандары дәлелденді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Жаңақорған аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы өткен жылдың күзінде ұсталған болатын. Тергеу кезінде бөлімнің бас есепшісі мен 24 мектептің бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынған болатын. Белгілі болғандай, сотталушылар "мектеп қызметкерлерінің еңбек ақысын көтермелеуге қажетті қаражат" деген сылтаумен білім мекемелерінің қаржыландыру жоспарына артық соманы енгізіп келген. Сонымен қатар, декреттік демалыстағы, жұмыстан шығарылған қызметкерлер мен бас есепші туыстарының банктік шоттарына заңсыз ақша аударылып келген. Мектеп есепшілері қаржы жоспарына өзгерістер енгізу арқылы тарифтен артық ақша бөлініп, артық қаржыны бөлім басшысына бергендерін мойындаған.

Жаңақорған білім саласы қызметкерлеріне қатысты сот процесі бірнеше айға созылған болатын. Сот отырыстары ашық түрде өтті.

"Сот үкімімен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы және бас есепшісіне 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды. Тағы бір есепші 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Жас баланың асырауында болуына байланысты оның жазасы 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Сонымен қатар, қалған 23 есепші ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, ҚК-нің 65-бабының талабына сай, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушылар мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам залал келтірген. Бүгінгі күнге оның 348 миллион теңгеден астамы мемлекет пайдасына нақты қайтарылды. Залалдың қалған бөлігі сот үкімімен өндірілген.

 

     Айнұр Төлешова