Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 02 Мамыр 2024

Қызылордада «заңды толық білмейтін» шенеунік бар

Әкім

Қызылорда облысы Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт былтыр жыл аяғында өзіне 450 мың теңге сыйақы жазып алыпты. Бұл мәселе жақында белгілі болып, шенді ескерту алды.

Егер бөлім басшысы бір жыл бойы маңдайы терлеп жұмыс істеп, еңбегіне сай сыйақы алса, ешкім ештеңе демес еді. Бірақ Қанат Нұрсейіт аталған қызметке 2023 жылдың 27 қарашасында ғана келген екен. Яғни саусақ ұшын қимылдатпай жатып, елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда көп сыйақы алған.

Қазақстан үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысының 4-тармағы, 2-тармақшасына сай, мекемеде 1 айдан аз жұмыс істеген қызметкерге сыйақы берілмейді. Демек, бөлім басшысының бір ай болмай «өз-өзін мадақтауы» ережеге томпақ келіп тұр.

Оның бұл әрекетін аудандық әкімдік байқап қалып, әдеп кеңесіне шағым түсірген. Әдеп кеңесі шендіге ескерту жасап, мұндай әрекет қайталанса, креслосымен қоштасатынын есіне салды. «Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басуға» тырысқан бөлім басшысы қателігін мойындап, 1 сәуірде сыйақыны қазынаға қайтарыпты.

Аудандық бөлім басшысы өзінің әрекетінің қате екенін толық мойындап, «заңды толыққанды білмедім» деп ақталған. Ендеше, Қанат Нұрсейіт қалай бөлім басқарып, қалай бұл қызметке тағайындалғанына таңғалмасқа дәтің жоқ. Нұрлыбек Мәшбекұлы басқаратын аймақтың мемлекеттік қызметкерлері заңды толық білмей-ақ қызметке тағайындалып, сол заңды білмеген күйі ары қарай жұмысын жалғастыра берер болса, басқарып отырған саласы, атқарып отырған шаруасы қалай алға баспақ.

Мұны кішігірім мәселе деуге келмейді, өйткені ол қазақ шенділерінің шынайы бейнесін көрсетеді. Билік басындағылар орайы келсе, опырып қалуға дайын тұратыны жасырын емес. Билікте сәнқой, ысырапшыл ақ жағалылар да өте көп. Біздің шенділер қымбат көлікке мініп, бағалы брендтен сауда жасауға әуес.

Бір ай жұмыс істеп, 450 мың теңге сыйақы алатын Қанат Нұрсейіттің үлкен бастығы Нұрлыбек Нәлібаев та мұндай дауға жиі ұрынады. Мысалы, алғаш Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған жылы ол мәжіліске 9 миллион теңге тұратын сағат тағып келген. «Аз ғана» жалақыға өмір сүретін шенді мұнша қымбат сағатты қалай алғанын түсіндіре алмай, журналистерден қашып құтылған еді.

Дәл сол 2022 жылы Нәлібаев ұлының тойын дүркіретіп өткізген. Сол кезде БАҚ-та облыс әкімі The Ritz-Carlton кешенінде өткен тойға 265 миллион теңге жұмсады деген ақпарат шықты. Әрине, Нәлібаев тойға мұнша қаржы жұмсағанын мойындаған жоқ. Бірақ 9 миллиондық сағат та, бірнеше жүз миллиондық той да мемлекеттік қызметкерге сай келмейтін сән-салтанат екені анық.

Н.Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі болып тұрғанда «ұстаздық – мамандық емес, ұлы қызмет» деп мұғалімдерді мақтай отырып, 10 оқытушыға 100 мың теңгеден сыйақы берген. Ұлы ұстаздарға 100 мың теңгені «әрең» берген Нәлібаев шалғай ауылдағы «шағын» шендінің бір ай жұмыс істеп, 450 мың сыйақы алғанына не дейді екен? Әлде 20 мың долларға сағат тағатын нән әкім «небәрі» мың долларға бола сөз шығындамай, үнсіз қоя сала ма?

Облыс әкімі Нәлібаев ғана емес, Сырдария ауданының басшысы Берік Сәрменбаев та бұл мәселеге қатысты пікір білдірген жоқ. Бөлім басшысының заңсыз әрекеті БАҚ-та дау тудырып жатса да, аудандық әкімдіктің сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасы тып-тыныш. Соған қарағанда, Сәрменбаев өзі тағайындаған «заң білмейтін» қызметкерін қатаң жазаға қимайтын сияқты.

Берік Сәрменбаев биыл 8 сәуірде жиналыс өткізіп, «бюджетті тиімді жоспарлау арқылы экономикамызды ілгерілетеміз» деп сөз сөйлеген. Егер бір ай жұмыс істеп, бірмұнша сыйақы алатын бөлім басшыларын тектемесе, әкім мырза бұл уәдесін орындай алмай қалуы мүмкін.

Қуаныш Қаппас