Қызылордада жол ережесін бұзған той кортежіне қатысушылар жазаланды
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шыққан той кортежінің қатысушылары жауапқа тартылды. Оқиға 23 тамызға қараған түні болған.
Кортеждегі көліктер қарсы бағытқа шығып, қауіпті маневрлер жасаған және жолдағы басқа жүргізушілерге авариялық жағдай туғызған. Сонымен қатар елдімекен аумағында пиротехникалық құралдар қолданылған.
Полиция кортежге қатысқан 13 жүргізуші мен 2 жолаушыны анықтап, бөлімшеге жеткізді. Олар Жаңақорған ауданы, Алматы және Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Барлығы бойынша 56 әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушылар қарсы бағытқа шығу, авариялық жағдай жасау, қауіпті маневрлер, көлік жүргізу құқығынсыз және техникалық ақауы бар көлікті басқару, ұсақ бұзақылық және пиротехниканы заңсыз пайдалану фактілері бойынша жауапқа тартылды.
Сот шешімімен үш жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Қатысушылардың біріне 5 тәулік әкімшілік қамау тағайындалса, қалғандарына айыппұл салынды. Бес көлік арнайы тұраққа қойылды.