Қызылорданың автосалоны да – алаяқ

Қызылорда қаласының тұрғындары автосалонның айлакерлік әрекеттерінің құрбаны болды.
Қала тұрғындары көліктерін қымбат бағаға сатқызу үшін автосалонға бергенімен, компания басшылары бірде-бір тиын төлемей, ғимаратты тастап кетіп, ізін жоғалтқан.
Алаяқтар әлеуметтік желі арқылы көлік сатуға ниеттенген адамдармен байланысқа шығып, олардың көліктерін жоғары бағаға сатып береміз деп, келісімшарт рәсімдеуді талап еткен. Енді алданған тұрғындар көмек сұрап, құзырлы органдарға барған.
Автосалон қызметкерлері көлік иелеріне екі апта ішінде ақша төленетінін уәде етіп, көліктерін компания басшысының атына тіркеуді сұраған. Қазір алаяқтардың сөзіне сеніп, көліктерінен айырылған адамдар полицияға арыз жазып, кінәлілердің жазалануын күтіп отыр.
Жүрілген көліктерді сатып береміз деген автосалон иелері өзінің клиенттерін әлеуметтік желісі арқылы тауыпты. Ақшадан қиналып, арзан бағаға көлігімді сатамын деп жарнама берген жандарға салон қызметкерлері хабарласып, машиналарын қымбат сатып береміз деп уәде берген көрінеді. Ол үшін темір тұлпар иелері өз техникаларын олардың атына рәсімдеулері қажет болған.
«Автосалон талабы бойынша келісімшартқа отырып, көлікті директордың атына аударып бересіз. Одан кейін осы келісімшарт бойынша 14 күннің ішінде ақшаңызды тауып береміз деді. «Сатылсын, сатылмасын 14 күннің ішінде мен сізге 14 миллион теңге шотыңызға түсіріп беремін» деді. Қазір, міне, 1 ай 4 күн өтті, ешқандай хабар жоқ. 100 теңге де берілген жоқ», – дейді алданған тұрғынның бірі Қайрулла Табикабилов.
«Машинамыз басқа нөмірмен қалада жүр. Біреулер заңды сатып алған негізінде. Біз жүрміз мында. Мынадай салонға, адамына қалай лицензия беріп отыр? Алаяқтық қой таза», – деп ашынады тағы бір тұрғын Амадулла Жалмұрзаев.
Көліктерін тез әрі қымбат сатпақ болғандар саны күн есе артып келеді. Олардың саны бүгін жиырмаға жетті. Алданғандар салонның офисіне келуді әдетке айналдырыпты. Алайда мұнда тірі жан жоқ. Салонның басшылығына хабарласып көріп едік, телефоны сөндірулі.
Алданғандар полицияға арыз түсіріпті. Бүгінде тергеушілер алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алданған көлік иелерінің саны жиырмадан асып, әр күн сайын көбейіп жатыр екен.
Полиция басқармасындағылар алданғандардан арыз әлі де келіп түсіп жатқандығын сөз етті. Ал көліксіз қалған қызылордалықтар тергеу аяқталып, кінәлілер тезірек жазасын алса, көлігіміз немесе қаржымыз қолға тисе дейді.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда қаласы