Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:32, 29 Наурыз 2025

Қоғамда тәңіршілдік «шизофрениясы» бар

Асылтай Тасболат
Фото: kazaknews.kz

Менің ойымша, әннің тәңіршілдікті не шаманизмді насихаттап жатқан ештеңесі жоқ. Байқасам, тәңіршілдікті насихаттап жатыр, бұның артында Ресей не басқа да сыртқы күштер тұр деген пікірлер жиі айтылып жатыр екен.

 Бірақ бұл пікірге аса илана қоймадым. Осыдан біраз уақыт бұрын тәңіршілдер жиын өткізген. Дінтанушы маман болғандықтан қызығушылығым ашылып, барып көрдім. Ол жиынды да зорға ақша тауып, кішігірім форматта өткізгені көрініп тұр. Шетелден ақша құйып, қазақты не ислам дінін жою үшін қаржыландырады деген жаңсақ пікір деп ойлаймын. Бұл үлкен дау тудырып, қорқатындай дүние емес, өздері де зорға дегенде бас қосып, жиын жасағанын өз көзіммен көріп қайттым. Әдетте әсіре діншілдер конспирологияға жақын боп келетіні бар. Дегенмен дін ұстанатындардың бәрі радикал деп те айтуға келмес. Дін мен ұлтты бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Қоғам болғандықтан көзқарас қайшылығы қашан да болары анық. Бірақ соңғы кезде тәңіршілдікті қолдан үлкен құбылысқа айналдырып, түймедейді түйедей қып жүргендер бар. Тәңіршілдік туралы ести қалса, қорқып, үрейленіп кететін «шизофрения» пайда болды. Құмай туралы ән орындаған топтың құрамына Адель есімді орындаушы жақында ғана қосылған. Бұрын «Арғымақ» атауымен құрылған топтары болған. Негізі бұрыннан бар, осы бағытта ән шырқап жүрген өнерпаздар ғой. Тек Homay әні арқылы желіде танымал боп, көптің назарын аударып жатыр. Әннің құрылымынан қазақтар түпкі тамырын көріп, қанында жаңғырып жатқан көне жады оянса керек. Түркі жұрты эпикалық дастандардағы элементтерді көрді ме, әйтеуір қолдап-қолпаштап жатқаны қуантады. Ал сыңаржақ пікір айтып жатқан аздаған адамның салдарынан ислам діні ұлтқа, ұлттық бояуға қарсы дей алмаймыз. «Исламға қарсы қолдан жасалған жоба» деген пікір әлемде өзін сонша маңызды санайтын адамдардың эгоцентристік көзқарасы деп ойлаймын. Бір жағынан визуалды тұрғыда тартымды туынды, сондықтан көрермені мен тыңдарманы көбейіп жатыр.

Қоғамдағы қайшылықтың басты себебі – дүниетанымдағы өзгеріс. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде көне түркілік сенімдер мен ислам қатар өмір сүріп келді. Бірақ уақыт өте келе кейбір діни топтар түркілік дүниетанымды теріс түсінік ретінде көрсетіп, оған қарсы пікір қалыптастырды. Бұл, әрине, белгілі бір идеологиялық ұстанымның әсері. Кез келген ұлт сынды қазақ деген ұлттың қалыптасуы да ұзақ, бірнеше сатылы процесс. Қазақ даласына дін, соның ішінде, ислам діні келгенге дейін де, келгеннен кейін де қазақтықтың белгілі бір формасы қалыптасып үлгерді. Тым шариғатшыл, исламды сүннет пен Құраннан, хадистен ғана тұрады деп түсінетіндер мұсылманшылықтың әртүрлі формасын қабылдай алмасы анық. Шын мәнінде, мұсылманшылдық әртүрлі мәдени форма мен контексте көрініс табатынын қабылдай алмайтын топтардың пікірін мен де оқып қалдым. Бәлкім, арасында жай ғана лайк жинау үшін де осындай пікірлер жазып жатқандары да бар шығар. Қоғам әртүрлі көзқарастардан тұрады және ең қызығы да осы шығар. Түркі даласына ислам діні келмей тұрып та мыңжылдық мұрамыз болды. Тіпті Құранның өзінде «Біз сендерді ұлттар мен нәсілдерге бөлдік. Бір-біріңді тану үшін» дейді. Сол секілді бұл ән – башқұрт мәдениетінің, ұлтының бір бөлшегі. Қазақтар оны тез қабылдап, жақсы көріп кетсе, онда біздегі ортақ түркілік тамырдың, архетиптік жадтың тірі екеніне дәлел деп ойлаймын.

Асылтай Тасболат, дінтанушы