Оқиғалар

«Қоғамдық мәдениет әлсіреп барады»: экс-депутат Жанарбек Әшімжан дабыл қақты

Экс-депутат Жанарбек Әшімжан қоғамдағы әдеп, тәрбие, мәдениет пен адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, кейінгі уақытта қоғамдық тәртіп пен мәдениеттің әлсіреуі тұрғындарды жиі алаңдата бастаған.

Жанарбек Әшімжан

Ж. Әшімжан ел өңірлерін аралау кезінде әлеуметтік мәселелермен қатар тәлім-тәрбие, дәстүр, адамгершілік пен қоғамдық әдепке қатысты сұрақтардың жиі көтерілетінін айтты.

«Жаңаөзенде егделеу бір ағамыз айтты. Қызылордада орта жастағы кәсіпкер келіншек жанұшырып айтты. Қонаев қаласында көзтаныс энергетик ескертті. Күні кеше Алматыда, Ғылым академиясындағы жиында белгілі ғалым өткізіп, жеткізіп айтты», – деді ол.

Экс-депутат әлеуметтік желілерде көшеде жаға жыртысқан адамдардың, қоғамдық көлікте бір-біріне тіл тигізген жолаушылардың, дөрекілік танытқан жастардың видеолары жиі тарайтынын атап өтті.

«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы – адамгершілік қайда? Сөйте жүріп өркениет, мәдениет туралы асқақ ойларды айтудан жалықпаймыз», – деді Әшімжан.

Оның пікірінше, өркениетті қоғам құру үлкен ұрандардан емес, күнделікті өмірдегі қарапайым мәдениеттен басталуы керек. Адамдардың бір-бірімен дұрыс амандасуы, айналасына құрметпен қарауы, қоғамдық тәртіпті сақтауы, көшеге қоқыс пен темекі тұқылын тастамауы және өзгенің ала жібін аттамауы да қоғам мәдениетінің көрсеткіші.

Жанарбек Әшімжан бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Оның сөзінше, озық әрі заманауи мемлекеттің азаматтары қоғамдық ортада және жұмыс орнында өзін ұстай білуі қажет.

«Өркениетті, дамыған ел боламыз десек, тал бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Уақыт көшіне ілескені – бірге жасайды, ілесе алмағаны – қалады», – деді ол.

Экс-депутат қоғамдық мәдениетті көтеру әр адамның өзінен басталатынын айтып, күнделікті жақсы әдеттің кейінгі ұрпақ тәрбиесіне де әсер ететінін жеткізді.

«Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді. Соны ұмытпайық», – деп түйіндеді Жанарбек Әшімжан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз