«Көк паспорттың қадірі артып келеді»: Қазақстан азаматтығынан бас тартатындар азайған
"Көк паспорттың қадірі артып келеді": Қазақстан азаматтығынан бас тартатындар азайған
Қазақстан азаматтығынан бас тартуға ниетті адамдардың саны азайып келеді. Журналист-блогер Сырым Иткулов Instagram парақшасында 2019 және 2026 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып, қазақстандықтардың өз төлқұжатына деген көзқарасы өзгергенін айтты.
«Қазақстандықтар көк паспортын барған сайын берік ұстай бастады. Қазақстан азаматтығынан бас тартатындар азайып келеді», – деп жазды Иткулов.
Блогер жариялаған мәліметке сәйкес, 2019 жылы Қазақстан азаматтығынан шығуға 1700 адам өтініш білдірсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 43 адамға дейін төмендеген. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің саны алты есе артқанын атап өтті.
Иткулов қазақстандық төлқұжатпен визасыз саяхаттау мүмкіндігіне де тоқталды.
«Біздің паспортпен 80 елге визасыз баруға болады. Іс жүзінде Орталық Азиядағы ең қуатты паспорт бізде», – деп жазды блогер.
Ол визасыз сапар жасау мүмкіндіктерінің кеңеюін Президенттің халықаралық деңгейдегі белсенді дипломатиялық қызметімен байланыстырды.
Ресми статистика не көрсетеді?
Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштердің азайғаны жөніндегі мәліметтерді бұған дейін Ақорда жариялаған.
Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылы азаматтықтан шығуға 1,7 мың адам өтініш берген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 944 адамға, ал 2021 жылы 123 адамға дейін төмендеген.
Кейінгі жылдары да төмендеу үрдісі жалғасқан. Атап айтқанда, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, ал 2025 жылы 68 адам Қазақстан азаматтығынан шығуға өтініш білдірген.
Қазақстан азаматтығын кімдер алып жатыр?
Қазақстан азаматтығын алған адамдар туралы қосымша мәліметтерді Ішкі істер министрлігі жариялады.
Ведомствоның дерегінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Президент жарлықтары негізінде 279 адам Қазақстан азаматтығын алған. Ал жеңілдетілген тәртіппен 9243 адам азаматтыққа қабылданған.
Осылайша, жарты жыл ішінде 9522 адам Қазақстан азаматтығын алған.
Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алғандардың 7518-і – қандастар.
Бұдан бөлек, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы келісім негізінде 972 адам азаматтық алған. Ал 710 адам тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы конвенцияға сәйкес Қазақстан азаматы атанған.