Көк Жайлау кейбіреулер үшін «кеңірдекке тұрған сүйек» сияқты
КөкЖайлау дауы басылар емес. Бұл жоба қайта жанданғалы оның экологиялық және экономикалық тиімділігі ғана емес, айналасында болып жатқан оқиғалар да сұрақты көбейтті.
КөкЖайлау туралы аудиожазбалар жариялаған белсенді 15 тәулікке қамалды, осы тақырыпта мақала жазған Total.kz бірнеше байланыс операторы арқылы ашылмай қалды, ал 17 қыркүйекте баспасөз мәслихатына келген экобелсенді Салтанат Ташимоваға жиын басталмай жатып полиция келді. «Жас Алаш» Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне арнайы сауал жолдаған еді. Алайда екі ведомствоның да жауабы негізгі сұрақтарға тұшымды жауап бермеді.

Баспасөз мәслихатын полиция бастап берді...
17 қыркүйекте Алматыдағы Қазақстанның адам құқықтары бойынша халықаралық бюросында «Алматы тұрғындары Көк Жайлауды қорғауды жалғастырады» атты баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға бизнес-сарапшы Вадим Гетте, «Зеленое спасение» ұйымының өкілі Сергей Куратов, архитектор әрі экобелсенді Эмина Кужамуратова және экобелсенді Салтанат Ташимова қатысты. Ұйымдастырушылар алдын ала таратқан ақпаратта жобаның қаржылық моделі, инфрақұрылымы, ауқымы және ықтимал салдары сөз болатыны айтылды. Алайда баспасөз мәслихатының мазмұнынан бұрын оның қалай басталғаны назар аудартты. Себебі жиын алдында азаматтық киім киген, өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырған әлдебіреулер Салтанат Ташимоваға келіп, төменге түсіп, шақырту қағазын алуы керегін айтқан. Сол сәтте баспасөз орталығында интернет те уақытша жоғалған.
Кейін адам құқықтары бойынша халықаралық бюросы оқиғаны толық баяндады. Bureau.kz мәліметінше, азаматтық киімдегі екі полиция қызметкері Ташимованы алып шықпақ болғанымен, қолдарында дайын шақырту қағазы болмаған. Журналистер оқиғаны видеоға түсіре бастағанда олар түсірілімді тоқтатуды талап еткен. Кейбір тілшілер түсірген материалдарын өшірген. Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін Ташимованы сыртта форма киген полиция қызметкерлері күтіп тұрған.

«Менен бір сағат бойы жауап алды»
Баспасөз мәслихатынан кейін «Жас Алаш» Салтанат Ташимоваға бірнеше сауал жолдады. Экобелсендінің айтуынша, жиын алдында келген полиция қызметкерлері оған шақырту қағазын сол жерде табыстамаған. Кейін оны полиция департаментіне жеткізіп, Аруна Ортаеваға қатысты іс бойынша куәгер ретінде бір сағаттай жауап алған.
«Баспасөз мәслихаты басталар алдында маған полиция қызметкерлері келіп, шақырту қағазын табыстауға әрекет жасағаны рас. Бірақ ол қағаз маған сол күйі берілген жоқ. Оның орнына мені полиция департаментіне жеткізу туралы тапсырма бар екені айтылды. Тапсырманы кім және не үшін бергені туралы ақпарат болған жоқ. Баспасөз мәслихатынан кейін мені полицияға алып барып, Аруна Ортаеваға қатысты іс бойынша куәгер ретінде бір сағат бойы жауап алды. Бұған дейін мен бұл іс бойынша куәгер болған емеспін. Менің болжауымша, бұл баспасөз мәслихатын өткізбеуге жасалған әрекет болуы мүмкін. Өйткені Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты жобасына жетекшілік ететін куратор Астанадан келген. Бұл туралы Достық үйіндегі іс-шараға кездейсоқ қатысқан Ажар Жандосова айтты», – дейді экобелсенді.

Аудиожазба, тінту және 15 тәулік
Тамыз айының соңында Аруна Ортаева Instagram парақшасында аудиожазбалар жариялады. Жарияланған материалда Алматы әкімдігінде өткен делінетін жұмыс кеңесінде Көк Жайлауға баратын жол құрылысы аумағындағы ағаштардың тағдыры талқыланатыны айтылды. Жазбаның мазмұнына сүйенген бірқатар БАҚ онда Қызыл кітапқа енген Сиверс алмаларының мәртебесі мен қоғамдық тыңдауды өткізу мәселелері сөз болғанын хабарлады. Аудиодағы адамдардың кім екені және жазбаның толық контексті ресми түрде әлі түпкілікті расталған жоқ. Дегенмен жазбалар жарияланған соң Ортаеваның үйінде тінту жүргізіліп, ол полицияға жеткізілді. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 148-бабы – хат-хабар, телефон арқылы сөйлесу және өзге хабарламалар құпиясын заңсыз бұзу бойынша қозғалған. Ал оның 15 тәулікке қамалуы бөлек әкімшілік іс бойынша – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының 1-бөлігі, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау негізінде шығарылған. Алматы қалалық соты кейін бұл әкімшілік қамауды өзгеріссіз қалдырды. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры осы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді. Қор аудиожазбалар қоғамдық маңызы жоғары мәселені – жасыл желекті, ірі инфрақұрылымдық жобаны және қоғамдық тыңдауды қамтитынын айтып, белсендіге қатысты шектеу шараларының құқықтық негізі ашық түсіндірілуі керек деп мәлімдеді. «Власть» басылымының сауалынан кейін Алматы қалалық прокуратурасы мәселені Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаментіне жолдаған. 16 қыркүйекте департамент Алматы әкімдігіне ақпарат сұратып, аудиожазбада көтерілген мән-жайларды анықтайтынын хабарлады.
Көк Жайлау туралы жазған Total.kz неге ашылмай қалды?
Көк Жайлау төңірегіндегі тағы бір резонансты оқиға 12 қыркүйекте болды. Сол күні Total.kz порталы Almaty SuperSki жобасының экологияға ықтимал әсерін талдаған материал жариялады. «Әділ сөздің» хабарлауынша, мақала шыққаннан кейін редакцияға мемлекеттік орган өкілі хабарласып, материалды уақытша жасыруды сұраған. Total.kz бұған келіспеген. Осыдан көп ұзамай сайт «Қазақтелеком», Altel, Tele2, Activ және Kcell желілерінде ашылмай қалған, тек Beeline арқылы ғана ашылған. Хостинг компаниясы мәселенің өздеріне қатысы жоқ екенін айтқан. Бір айта кетерлігі, Total.kz-тің мемлекеттік органның тапсырмасымен ресми түрде бұғатталғаны жөнінде әзірге жарияланған ресми шешім жоқ. Сондықтан «билік сайтты бұғаттады» деп кесіп айтуға негіз де жеткіліксіз. Бірақ мемлекеттік орган өкілінің мақаланы жасыру жөніндегі өтінішінен кейін сайттың бірден бірнеше оператор желісінде ашылмай қалуы сөз бостандығын қорғаушылардың күдігін күшейткені түсінікті. «Әділ сөз» Мәдениет және ақпарат министрлігін осы жағдайға түсініктеме беруге шақырды.
Министрліктер «Жас Алаштың» сұрақтарына неге нақты жауап бермеді?
«Жас Алаш» бұған дейін «Тоқаев тыйым салған Көк Жайлау дауы Almaty SuperSki атауымен қайта қоздады» деген тақырыппен Көк Жайлау дауы туралы мақала жазған еді. Кейіннен редакция жобаға байланысты Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше сауал жолдады. Алайда екі министрлік нақты қойған сұрақтарымызға жауабында айналып өтуге тырысқандай. Талдап көрейік.
Редакция Экология және табиғи ресурстар министрлігіне «Көк Жайлауда құрылыс пен жол үшін нақты қанша ағаш кесіледі немесе көшіріледі, олардың түрі мен орташа жасы қандай?» деген сауал жіберген. Министрлік жоба аумағында «Ақ-Көңіл» фирмасы жасыл желекті түгендеп, әр ағашты жеке есепке алғанын хабарлады. Алайда мұнда неше ағаш кесілетіні, нешеуі көшірілетіні, олардың түрі мен жасы көрсетілмеген.
Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларға қатысты сұрағымызға берілген жауап та осыған ұқсас. Біз «Жоба ықпал ететін аумақта мұндай түрлер бар ма, қандай зерттеу жүргізілді?» деп сұрадық. Министрлік «бар» немесе «жоқ» деп нақты жауап бермеді. Оның орнына 30 шілдедегі хаттама бойынша Іле Алатауы ұлттық паркіндегі Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мониторингінің нәтижесін қарау үшін жұмыс тобын құру мәселесін пысықтау тапсырылғанын жазды. Қызыл кітаптағы жануарлар туралы жауапта нақты дерек жоқ. Осы жерде «егер Қызыл кітапқа енген түрлерге қатысты мәселе толық зерттеліп, қорытындысы айқын болса, мониторинг нәтижелерін қайта қарайтын жұмыс тобы не үшін қажет болды?» деген сұрақ туады.
«Бүкіл жобаны бағалайтын біртұтас зерттеу жоқ»
Экобелсенді Ташимованың айтуынша, Almaty SuperSki біртұтас жоба ретінде емес, курорт, жол, су алу нысаны, инженерлік желілер, қосалқы станция, аспалы жол секілді бірнеше бөлек нысан түрінде қарастырылып отыр. Оның негізгі сыны – сел қаупі туралы құжаттарда мүлде айтылмады деген сөз емес. Белсенді бүкіл жобаның табиғи ортаға жиынтық әсерін бағалайтын біртұтас зерттеу жоқ деп есептейді.

«Бұл, әсіресе, сел қауіпсіздігі үшін маңызды. Жол құрылысын, орман кесуді, нысандар салуды, жер бедерінің өзгеруін, су бұру жүйесі мен инженерлік инфрақұрылымды бір-біріне қатысы жоқ жеке мәселелер ретінде қарастыруға болмайды. Бұдан бөлек, негізгі сұрақтарға берілген нақты әрі сенімді ашық жауапты көріп отырған жоқпын: сел жүруінің нақты қандай сценарийлері есептелді? Құрылыс пен аумақтың өзгеруі селге қалай әсер етеді? Қандай аумақтар аса қауіпті? Экстремалды табиғи құбылыстар кезінде адамдар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Мен «сел қаупі мүлде зерттелмеген» деп отырған жоқпын. Менің айтпағым – сел қаупі жобаның жекелеген бөліктері бойынша емес, барлық компонентін қамтитын біртұтас жүйе аясында бағалануға тиіс. Тағы бір маңызды сұрақ – кейінгі 10 жылдағы селге жасалған талдау қайда?», – дейді экобелсенді.
Ташимованың сұрақтарына қатысты бұған дейін редакция Экология және табиғи ресурстар министрлігінен су ресурстары, топырақ, ауа айналымы және тау экожүйесіне әсерін де сұраған еді. Министрлік су тұтыну және гидрологиялық зерттеулерге қатысты түсініктеме берді. Сондай-ақ көшкін мен сел қаупі инженерлік-геологиялық ізденістер аясында егжей-тегжейлі пысықталғанын мәлімдеді. Бірақ жауапта зерттеуді нақты қай ұйым жүргізгені, оның қорытынды құжатының атауы, анықталған сел қаупінің деңгейі көрсетілмеді. Топыраққа, ауа айналымына және бүкіл тау экожүйесіне әсер жөніндегі сұрақ та жауапсыз қалды.
Министрлік жауабында тағы бір қызық тұс бар. Ведомство климат өзгерген жағдайда жобаның «стратегиялық негізсіздігі» туралы тезисті халықаралық тәжірибе жоққа шығарады деп, Альпі мен Кавказдағы курорттарды мысалға келтіреді. Бірақ «Жас Алаштың» министрлікке жолдаған сауалында жобаны «стратегиялық негізсіз» деп атаған жоқ. Яғни ведомство редакция сұрамаған мәселеге жауап берген, ал ағаштың нақты саны сияқты қойылған сұрақ жауапсыз қалған.
Сондай-ақ біз экологиялық талап бұзылса, жобаны тоқтату немесе қайта қарау тетігі бар ма деп те сұрадық. Министрлік өзі бақылау жасайтынын және заң бұзылған жағдайда «тиісті жауапкершілік шаралары» қолданылатынын жазды. Бірақ қандай жағдайда құрылыс тоқтатылатыны, қандай норманың негізінде рұқсат кері қайтарылатыны немесе жоба қайта қаралатыны жауапта көрсетілмеген.

2019 жылы тыйым салынған жоба қалай қайта жанданды?
2019 жылғы 29 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы кеңесте Көк Жайлауда тау-шаңғы курортын салу мәселесіне қатысты анық мәлімдеме жасады. Ол «осы мәселеге қайта-қайта оралмас үшін» жобамен айналысуға тыйым салатынын айтып, Көк Жайлауда курорт салудың қажеті жоқ екенін жеткізген. Бұл туралы «Жас Алаш» осыған дейін жазды. Туризм және спорт министрлігіне жолдаған бірнеше сауалымызға ашық жауап күткенбіз. Алайда «2019 жылғы Көк Жайлауға қатысты президент айтқан нақты тыйым кейін қандай құжатпен өзгерді?» деген сұрағымыз жауапсыз қалды. Редакция министрліктен құжаттың атауын, күні мен нөмірін сұрады. Вице-министр Мирас Төлебаевтың берген жауабында ондай мәлімет жоқ. Сонымен бірге министрлік редакцияның Almaty SuperSki бұрынғы Көк Жайлау жобасынан несімен ерекшеленетіні, неліктен дәл осы аумақ қайта таңдалғаны және Түрген шатқалының балама ретінде қарастырылған-қарастырылмағаны туралы сұрақтарына да нақты жауап бермеді. Қаржы мәселесі де солай. Министрлікке жолдаған ресми сауалда жобаның жалпы құнын, мемлекеттік қаржының көлемін және жеке инвестиция үлесін сұрадық. Жауапта бірде-бір сома көрсетілмеді.
«Көк Жайлаудың неге таңдалғаны алдымен дәлелденуі тиіс»
Осы орайда Салтанат Ташимова да Көк Жайлауға курорт салынуы үшін ең алдымен осы аймақтың неге таңдалғаны дәлелденуі тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, Көк Жайлау алдын ала таңдалып қойған аумақ ретінде қарастырылып, кейін сол шешімге негіздемелер іздемеуі керек. Басқа нұсқаларды толыққанды салыстыру қажет. Олардың қатарына Оңтүстік және Солтүстік Қаскелең, Түрген, қазір жұмыс істеп тұрған тау шаңғысы нысандарын дамыту, бірнеше аумаққа бөлінген модель, сондай-ақ жаяу және табиғи туризмді дамыту да кіреді.
«Жаяу тау туризмін дамыту – «Алматыны туризмсіз қалдыру» деген сөз емес. Керісінше, табиғи құндылығы жоғары аумаққа барынша аз араласа отырып, тау туризмін дамытудың бір мүмкіндігі. Сондықтан қазіргі ұстанымым – Almaty SuperSki жобасын Көк Жайлауда тек «жетілдірілген» немесе сәл өзгертілген нұсқада салуды қолдамау. Алдымен баламаларды ашық салыстыру, бірыңғай жобалық құжаттама әзірлеу, жобаның жиынтық әсерін, табиғи және сел қауіптерін толық бағалау және шынайы қоғамдық талқылау өткізу қажет. Егер осындай тәуелсіз талдаудан кейін Көк Жайлау шынымен жалғыз негізделген нұсқа екені дәлелденсе, онда мәселе алдын ала қабылданған шешімге емес, нақты құжаттар мен деректерге сүйене отырып талқылануы керек», – дейді С.Ташимова.
P.S. Көк Жайлау дауының бүгінгі түйіні «Курорт салу керек пе, жоқ па?» деген екіұдай сұрақтан әлдеқайда күрделі. 2019 жылы президент тоқтатуды тапсырған жоба қандай құқықтық негізбен қайта жанданды? Неліктен дәл КөкЖайлау таңдалды? Қанша ағаш кесіледі? Қызыл кітаптағы түрлерге әсері қандай? Бұл сұрақтар экобелсенділерді ғана емес, тұтас қоғамды алаңдатады. Көк Жайлауға курорт салу қажет болса, оның қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Ал дәлелдің орнына жауапсыз сұрақ көбейген сайын, 2019 жылы жабылған Көк Жайлау дауының қайта қоздауы заңды.
Айтпақшы, редакция осы жобаға байланысты Kazakh Tourism Development Ltd компаниясына бірнеше сауал жолдаған. Алайда арада бірнеше апта өтсе де, сұрақтарымызға жауап келген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР