Саясат

Көлеңкедегі үкімет көңілден шыға ма?

Бір қараған адамға Қазақстан тыныш жатқан, мамыражай ел секілді. Жаңа президентін ың-жыңсыз сайлап алды.

Көлеңкедегі  үкімет  көңілден  шыға  ма?

Сенат  пен мәжіліс сайлауын  да у-шусыз өткізді. ТМД-ның  өзге   мемлекеттеріндей  дүрбелең,  шерулер,  мемлекеттік  төңкерістер  болмады.  Сырт  көзге ынтымағы  жарасқан, ауызбірлігі  мықты   мемлекетке  ұқсайды. Алайда бізде  бәрі шынымен солай ма?  Жоқ. Керісінше, саяси  реформалардың  жүрмей  жатқаны, экономикадағы күйзеліс,  әлеуметтік  мәселелердің  шешілмеуі,  қаржы  саласындағы  түйткілдер  және т.б.  мәселелер жетіп-артылады.

       Алысқа  бармай-ақ,  күні  кеше  ғана  өткен  парламент  сайлауын алайық. «Баяғы  жартас – сол  жартастың»  жағдайы  қайталанды. 2012  жылдан  бері  парламентті  бермей  келе  жатқан үш  партия («Нұр Отан», «Ақ  жол», коммунистер)  тағы да парламент төріне шықты.  Үкімет те өзгермеді.  Сол  көзге  сүйел  болған  ескі   министрлер  өз  орынтақтарын  сақтап  қалды. Осындай  жағдайда  елде саяси  реформалар  жүріп  жатыр  деп қалай айтуға  болады? Пандемия кезінде жөпшеңді  тірлік  жасай  алмаған  үкімет  енді  бір  нәрсені  қатырады деу  қиын. Осыдан  ба, жұртқа  танымал  қоғам  белсенділері көлеңкедегі үкімет  құрамыз деп  жатыр.

       Бұл  қаншалықты  ақылға  қонымды?  Рас,  халықаралық  тәжірибеде  бар  нәрсе. Мәселен, Ұлыбритания, Канада,  Алмания,  Австралия және т.б.  елдерде көлеңкедегі  үкімет  кәдімгідей  жұмыс жасап  жатыр.  Демек, бізде де  сондай балама үкімет  құрылып  жатса,  артықтық  етпесі  хақ.  Өйткені  олар заңға  томпақ келетін шаруамен айналыспайды.  Керісінше, ресми үкіметтің  жұмысын  қадағалап,  қажет  жерінде   балама  ұсыныстар  ұсынып  отырмақ.

       Көлеңкедегі  үкімет  құрмақ  болып  жүрген  қоғам  белсенділерінің бірі   Азаматхан  Әміртай  былай  дейді:

«Сәтін  салса, алдағы 3 ақпанда  «Көлеңкелі  үкімет»  құрамыз дегендердің  алғашқы  отырысы  өтпек.  «Мақсатымыз  не?»,  «Жоспарымыз  қандай?», «Үкіметке  кімдер кіреді?» «Қалай  қаржыландырамыз?»  деген  мәселелер  талқыланбақ.   Онда  18  министрлік  және  т.б.  қызметтер  болмақ. Айтуға  оңай  болғанымен,  нақты  іске  келгенде  бұл жеңіл дүние емес.  Жанашыр  азаматтар тарапынан көптеген  ұсыныстар түсіп  жатыр. Қолдаушымыз  көп екені  анық.  Айтатын  бір  мәселе – ол халықтық үкімет пе, балама  үкімет пе, көлеңкелі  үкімет  пе,   бәрібір.  Ең  бастысы – халыққа  қызмет ету.  Ресми  үкіметке балама бола отырып, кем-кетікті көрсету, толықтыру,  дұрыс  бағыт-бағдар беру.  Бұл бүйректен  сирақ  шығару  емес. Дұрыс түсінгеніміз  жөн.  Қалайда  елдің жағдайын  жақсарту, заңдардың  халық  үшін   жұмыс  жасауын  реттеу, ұлт  мүддесін алдыңғы  қатарға  шығару және т.б. мәселелерді ел үшін оңтайлы шешуге атсалысу.  Экономикадағы  жағдай  айтпасақ та түсінікті. Табыс мардымсыз, ал  баға  өсіп  бара  жатыр.  Оны  мына үкімет  құрықтай алмай  отыр. Өйткені  құрамында  мықты  экономистер,  қаржыгерлер  жоқ.   Сондықтан қазіргі  үкіметке  балама үкімет, яғни  көлеңкелі  үкімет  құру  біздің  міндет  болып табылады». 

       Дәл  осындай  мәселені  кезінде «Нұр  Отан» партиясынан шығарылып,  депутаттықтан аластатылған Нұржан  Әлтаев та  көтеріп,  ресми  үкіметке  балама  үкімет  құрамын деп  жатыр. Жөн-ақ. Алайда билік бұған  қалай  қарайды? Жол  бере  ме?  Мәселенің  үлкені  осы. «Тоқаев – авторитарлық  жүйенің   ноқтасын  қалайда  лақтырып тастағысы келіп  жүрген   мемлекет  басшысы.  Ол келгелі  саясатта   «жылымық»  басталды. Егер көлеңкедегі  үкімет  құрамыз  деп  жүргендердің айтқаны  Тоқаевтың  құлағына  жетсе,  ол  қайта көмектесуі  мүмкін. Демократия  құндылықтарын қадірлейтін азамат  қой.  Мынадай  қиын кезеңде мемлекетке  қол  ұшын берейін  дегендерге  неге «тәйт»  десін. Керісінше,  қолдауы мүмкін», – дейді  белгілі  саясаттанушы  Әзімбай  Ғали.

        Көлеңкедегі  үкімет біздің елде  болмаған,  тәжірибеден  өтпеген.  Демек, оны  құрамын деу  айтарға  жеңіл  болғанмен,  нақты іске келгенде  қиын болары анық. Оның  үстіне билік бұған  қалай  қарайды? Әр  нәрсені «биліктің жобасы»  деп  үйреніп қалған  халық  қолдай  қоя  ма? Тіпті көлеңкедегі үкімет әупірімдеп  құрылғанымен,  оның  құрамында   білімді,  білікті азаматтар  топтаса қоя  ма? Мәселенің үлкені  осы  болмақ.

Тегтер: Без Тега
Жайна Тәттімбет
Жайна Тәттімбет Жайна Тәттімбет

Оқыңыз