Әлеумет

Көлсайға барар жол ашық

«Тауы көшті, жолы жабылды» деп біраз елді дүрліктірген Көлсайдың уақытша қиындығы демалыс маусымына дейін жөнге келетіні жайлы Алматы облыстық әкімдігі бұған дейін де ескерткен.

Көлсайға барар жол ашық
Әу баста елдің есін шығарған топырақ көшкіні де анау айтқандай қорқынышты апат емес екеніне көпшіліктің көзі жетті. Десе де, көптің көкейінде «Көлсай қашаннан бастап адам қабылдайды? Енді қашан бара аламыз?» деген сұрақтың қалғаны анық.Таудың беткі қабатындағы қозғалыс анықталған күннен бастап қауіпсіздік мақсатында жабылған жол қазір толықтай ашылды. Және қауіпсіз жағдайда көлге қарай өтуге толықтай мүмкіндік бар. Соңғы жылдары туризмді дамыту мақсатында табиғи қорықтар мен ерекше сұлу жерлерді заманға сай инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жолын жөндеу сияқты шаруалардың мықтап қолға алынғаны белгілі. Көлсай сияқты әлемге әйгілі көлдің бұл шаруалардан қалыс қалмайтыны және анық. Соңғы жылдары ұзақ уақыт бойы айтылып келе жатқан жол мәселесі де шешілуге жақын қалған. Бұрындары жолдың қиындығын айтып, көп жағдайда шаршап жететін демалушылар құрылысы бітуге таяп қалған асфальт жолға қуана қарайтын болып жүр. Жыл сайын туристері көбейіп келе жатқан «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне барар жолдағы жатаған төбенің биылғы ерекше мінезі көлдің имиджіне кері әсер етпеуге тиіс. Керісінше, көшкен таудың орнын көру үшін-ақ біраз адам баруы мүмкін деп болжауға болады. О баста осындай таудың алып көшкінінен пайда болған үш көлді табиғаттың өзі қолдан қашаған, сол көлдегі аздаған өзгерістің өзі былайғы жұртты бейжай қалдырмасы анық.Бұрындары 10 мың адамға жете алмай-ақ қойған көлдің көрсеткіші 2014 жылдан бастап күрт көтеріліп, 2017 жылы 2,5 есеге жуық өсіпті. Көркі ғана емес, қар барысы бар екені (және Қызыл кітапқа енген қаншама жан-жануар, жәндік, өсімдік) естіген елді елеңдетпей тұрмайтын сұлу көлге келушілердің саны былтырғыдан да асып жығылады деп күтілуде. Себебі туристерге арналған ескі қонақүйлер түгелге жуық сүріліп тастап, жаңадан салынып жатқан үйлердің біразы биыл пайдалануға беріледі. Оның сыртында, жаз шыға бой түзей қалатын киіз үйлердің тізбегі де жыл сайын көбейіп келеді.Қазақстандықтардан гөрі шетелдік туристер көбірек көзге түсетін Көлсайда жазғы демалыс маусымы ашық. Енді тау деген алып құдіреттің уысында бір уыс гауһар сияқты мөлдіреп жатқан Көлсайда тіршілік қайнай бастайды.
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз