Қоңқабаев мансабын аяқтады
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев мансабын аяқтады. Қолғабын шегеге ілгені жайлы спортшының өзі ресми хабарлаған жоқ, бірақ отандық БАҚ оның енді шаршы алаңға шықпайтынын жарыса жазып жатыр.
Бұл ақпаратты бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов кезекті сұхбаттарының бірінде айтқан.
«Қамшыбек боксты қоямын деді. Оны айта беруге болатын шығар. Өйткені допинг сынамасын алуға келген халықаралық ұйым боксшыны таппай қалып жүр. Сол үшін Қамшыбек боксты қойдым деп хат жазу керек еді. Осы мәселе бойынша боксшыға хабарласқанда ол мансабын аяқтаймын деп шешті», – дейді бас жаттықтырушы.
Ақпарат құралдарындағы мәліметке сенсек, Қамшыбек Қоңқабаев енді өзі туып-өскен Қызылорда облысындағы спорт мектебінің директоры болуы мүмкін.
Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта (+92 келі) өнер көрсетті. Екі мәрте әлем чемпионатының (2017, 2019), үш рет Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021) атанды. Азия ойындарында да (2022 жыл) екінші орын алған. Сондай-ақ 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола медаль еншіледі.
Боксшы ірі турнирлерде алтын медальге қол жеткізе алмады. Бұған Өзбекстан өкілі Баһадүр Жалоловтың әсері болды. Екі боксшының жолы бірнеше мәрте финалда түйісіп, өзбек спортшысы жеңіске жетіп отырды.
Бұған дейін ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов пен Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев Қамшыбектің рингке оралуы екіталай екенін айтқан. Қоңқабаев 2024 жылы жаздағы Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін жұрт көзіне түскен жоқ. Тіпті әлеуметтік желідегі парақшасын да Олимпиаданың ашылу салтанатынан кейін жаңартпапты. Соған қарағанда Франция төріндегі жеңіліс боксшыға ауыр соққан сияқты. Ол мансабын үлкен өкінішпен аяқтап жатыр деуге негіз бар.