Кейіпкер

Қозғалысты өмір философиясына айналдырған жиһангез

Адам баласының көңіл түкпірінде орындалмас бір арман жүреді. Бірі көкке ұшуды қалайды, бірі теңіз асып, бейтаныс жұртты көргісі келеді. Ал «Шіркін, дүниенің төрт бұрышын аралап, жер жүзін өз көзіммен көрсем ғой» деген қиял көптің жүрегінде көмескі сағым болып қалатын секілді.

Түгелбек Қасымұлы

Рас, бүгінде ұшаққа мініп, әлемнің әр қиырына сапар шегіп жүргендер аз емес. Бірақ жолдың шаңын жұтып, желмен жарысып, дүниені велосипедпен кезген қазақ туралы жиі ести бермейміз. Ал сексеннің сеңгіріне шыққан Түгелбек Қасымұлы сол көмескі қиялды шындыққа айналдырған жан. Ол 2014-2018 жылдары 400 мың шақырым жол басып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Салауатты өмір салтын, бейбітшілік пен белсенді ғұмыр идеясын насихаттап жүрген ақсақал әлемнің 40-тан астам мемлекетіне табаны тиіп, жасқа бағынбайтын қайсарлықтың қандай болатынын дәлелдеді. Сол себептен де ол өзін жалғыз жортатын «жолбарысқа» теңейді. 

Түгелбек Қасымұлы
Фото: Түгелбек Қасымұлы

Ауылдан басталған арман

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жамбыл ауылында өмірге келдім. Менің жолға құмарлығым ауылдан басталды. Біз бала кезде велосипед деген үлкен қуаныш болатын. Қазіргідей мүмкіндік жоқ, бар нәрсенің қадірін білетін заман. Велосипед мінсек, өзімізді еркін сезінетінбіз. Сол еркіндік сезімі бойымда өмір бойы сақталып қалды.

Кейін ұстаздық еттім. Ұзақ жыл сол елді мекендегі Жамбыл атындағы орта мектепте математика пәнiнен сабақ беріп, зейнетке шықтым. Жастайымнан спортқа бейім болдым. Қыста шаңғымен 20 шақырым жердегі орталығымыз – Ақжарға моншаға баратынмын. Ал жазда велосипедпен жүремін. Кей адамдар спортты жастықтың ермегі деп ойлайды. Мен оған келіспеймін. Спорт – адамның өзін сақтау мәдениеті. Өмірімдегі үлкен бұрылыс Кабардин-Балкар жерінде болды. Кеңес одағының дәуірі. Веложарыс өтіп жатыр. Қатысушылардың көбі – спорт шеберлері. Жастары да менен кіші. Ол кезде мен қырық бесте едім. Іштей қобалжу болды. Бірақ жарыс басталған соң бәрі ұмытылды. Жиырма екі шақырымдық қашықтықтың соңында үшінші болып мәреге жеттім. Сол күні алған марапаттан бұрын, өзіме деген сенім қымбат еді. «Менің қолымнан келеді екен ғой» деген ой оянды. Кейде адамның тағдырын үлкен кеңестер емес, бір сәттік сенім өзгертеді. Менің тағдырымды өзгерткен сол жарыс болды. Содан кейін ойыма бір нәрсе маза бермеді. «Егер осынша мүмкіндігім бар болса, неге жолға шықпасқа?».

Әу баста Өскемен, Семей, Алматы, Түркістан, Астанаға жолым түсті. Алматыға 65 жасымда көшіп келдім. Балаларым да осында жоғары оқу орнында оқыды. Оның үстіне Алматыдан шетелге шығып кету жылдам әрі тиімді. Кейін Астана арқылы Ресей шекарасына өтіп, Мәскеуден әрі қарай Берлинге өттім. Осылайша, 50 жасымда әлемге саяхат есігі ашылды. Мұның бәрі әуелі Алланың және арман-мақсатымды қолдаған отбасымның арқасы.

Түгелбек Қасымұлы
Фото: Түгелбек Қасымұлы

Түсіме кірген Тәж-Махалды көру бақыты

Менің бір ерекше естелігім бар. Ол – Тәж-Махал туралы. Бала күнімде, тоғыз жасымда Үндістанды көргім келді. Ол кезде бұл тек қиял сияқты еді. Жердің ар жағындағы бір жұмбақ әлем секілді көрінетін. Сол арманымның ішінде ең айқын бейне – Тәж-Махал болды. Ақ мәрмәрдан салынған сол ғажайыпты мен өңімде көрмесем де, түсімде жиі елестететінмін. Ақ сарайдың алдында тұрғандай боламын, өзімді жарық пен тыныштық араласқан бір әлемде жүргендей сезінемін.

Кейін жылдар өтті. Уақыт мені басқа жолдарға жетеледі. Бірақ сол бала кездегі арман жоғалған жоқ. Ол тек күте білді. 59 жасымда Үндістанға барғанда, елшiліктегі мамандардың өздерi алып жүрдi. «Қасыңызда жүрмесек болмайды, әйтпесе сiздi көшеде қағып кетуi мүмкiн» деді. Сол кезде адам арманы кейде кеш орындалса да, бірақ ешқашан кеш болмайтынын түсіндім. Тәж-Махалды өз көзіммен көрген сәтте ішімнен ерекше бір тыныштық сезіндім. Бұл жай саяхат емес еді. Бұл – балалық шақпен кездесу сияқты болды. Адамды алға жетелейтін күш – оның арманы. Арман өлмейді екен. Тек уақыт күтеді. Бірақ соңғы үлкен арманым – АҚШ-қа веложол түспеді. Сол үшін ағылшын тілін де ептеп үйреніп едім. Шамамен 9 тілде емін-еркін «нан сұрап жей аламын».

Түркістаннан Еуропаға ашылған есік

Үлкен сапардың алдында мен алдымен Түркістанға бардым. Бұл жай географиялық бағыт емес еді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, тәу етіп, дұға оқып шығуды жөн көрдім. Адам ұзақ жолға шыққанда тек денесін емес, рухын да дайындауы керек.

Сол сапардан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан бағытында жүрдім. Қырық градус ыстық. Кей жерде одан да жоғары. Бірақ мен сол жолдарда өз ағзамды таныдым. Адамның бойында қандай қуат барын қиындықта ғана білесің. Күн күйдіріп тұрса да, жол тоқтамайды. Кейде айналаңда тіршілік белгісі көрінбейді. Бірақ сондай сәтте өзіңмен өзің сөйлесуді үйренесің. Жалғыздық қорқынышты емес. Қорқыныштысы – адамның өзімен тіл табыса алмауы.

Орталық Азия сапарларынан кейін менің табаным тыншыған жоқ. Келесі мақсат – Мәскеу болды. Бірақ мен үшін Мәскеу соңғы нүкте емес еді. Ол – Еуропаға ашылар қақпа болатын. Мәскеуден өткен соң мен үшін жаңа әлем басталды. Ол тек географиялық шекара емес, ойдың да, тәжірибенің де кеңеюі еді. Беларуссия, Польша, Германия – әр елдің жолы бөлек, әр адамның мінезі бөлек. Бірақ бәрінде бір нәрсе ортақ екенін байқадым. Адам қай жерде жүрсе де, түсіністікке, жылы сөзге мұқтаж. Кейбір қалаларда мені таңырқай қарсы алды. Нан мен тұз ұсынып, бөтен емес, өз адамы сияқты көрді. Сол сәттерде мен «Адамдар бір-бірінен соншалықты алыс емес екен» деген ойға келдім.

Францияға жеткен сәт жадымда ерекше сақталды. Парижге таңғы уақытта кірдім. Алматы уақытымен өмір сүріп жүрген әдетім бар. Сол себепті денем де, ішкі ырғақ та басқа кеңістікке бірден бейімделе қоймайды. Бір күні Франция мен Испания арасындағы орман өртіне байланысты жол жабылды. Бағытым өзгерді. Не істерімді білмей, елшілікке хабарластым. Олар «кері қайтыңыз» деді. Содан кері қайтуға тура келді. Бірақ жолда күтпеген жағдай болып, полиция тоқтатты. Бар білетін сөзімді айтып, түсіндірмек болдым. «Қазақстан, веломарафоншы, достық» деген сөздерді қайталай беремін. Олар түсінген жоқ, бірақ жүздерінде күдік те, қаталдық та азая бастады. Бір кезде велосипедімді көлікке салды да, өздерімен бірге ала жөнелді. Алайда сол сәтте мен өзімді тұтқын сияқты сезінбедім. Керісінше, адамдардың түсінбеушілігі де кейде түсіністікке алып келетін жол екенін ұқтым. Ақыры олар мені Парижге жеткізді. Сена өзенінің жанына тоқтап, «енді жүре беріңіз» дегендей ишара білдірді. Париж есігін осылай ашты. Бірақ ол қала маған тек әсемдік емес, адамдардың бір-бірін сөзсіз де түсіне алатынын көрсетті.

Уақыт өте келе мен өзімді тек саяхатшы ретінде емес, адамдар арасындағы көпір сияқты сезіне бастадым. Қай елге барсам да, ең алдымен сол елдің адамын тануға тырыстым. Өйткені картадағы шекаралар адамдардың жүрегін бөлмейді екен. Мен барған елдерде Қазақстан туралы көбірек білгісі келетіндер көп болды. Сол кезде өз еліңді таныту – үлкен жауапкершілік екенін ұқтым. Сондықтан әр сапарымда мен өзімді бейне бір бейбітшілік елшісіндей сезіндім. Маған виза алуға Сыртқы істер министрлігі көмектесетін. Оны мемлекеттiң қашықтығына қарай үш айға ашып бередi. Жол бойы елшiлiктерге хабарланады.

Түгелбек Қасымұлы
Фото: Түгелбек Қасымұлы

Таудағы түн және 25 рет өлімнен аман қалудың сыры

Иранға барған сапарым тіпті бөлек әңгіме. Түрікменстаннан өтіп, Копетдаг тауына жеткенде табиғаттың қаталдығын анық сезіндім. Күннің ыстығы соншалық, жаңа алған аяқкиімімнің табаны ашылып кетті. «Үйінен қырық қадам ұзап шыққан адам – мүсәпір» дейді ғой. Тура сол күйді кештім.

Таудағы жалғыз аяқ жол. Бір сәтте айналада ешқандай тіршілік белгісі қалмады. Тек мен, велосипед және тау ғана. Қас қарайып, түн түсті. Биіктеген сайын жол ауырлай берді. Бір кезде алыстан әлсіз жарық көрінді. Жүрегім әлденеге үміттенді. Бірақ сол мезетте «Мен кімге асығып бара жатырмын? Таудың басында мені кім күтіп отыр?» деген сұрақ қойдым.

Сол ой мені тоқтатты. Жолдың ортасында түнемек болдым. Тастың қуысына кіріп, таңды күттім. Суық түн, тыныштық, алыстан шыққан әлсіз дыбыстар – бәрі адамды өз ішіне үңілдіреді екен. Сол түні мен жалғыздықты қорқыныш емес, сабыр ретінде қабылдадым.

Иранға екі рет бардым. Бірақ Мекке мен Мәдинаға велосипедпен жету мүмкін болмады. Кей елдер қауіпсіздікке байланысты мұндай сапарға рұқсат бермейді. Әрине, ол кезде көңілімде бір өкініш болды. Бірақ уақыт өте келе кей арман жолда қалып қоятынын түсіндім. Бұл – жеңілу емес. Бұл – тағдырдың жоспары. Мен үшін ең маңыздысы – жеткен жер емес, сол жерге дейінгі жол болды. Бірақ 2014 жылы Мекке-Мәдина қаласына, 2015 жылы Кубаға, 2016 жылы Жапония еліне табаным тигеніне шүкіршілік еттім.

Ұзақ жол – тек әдемі көрініс емес. Ол – қауіп те, сынақ та. Мен өмір жолымда талай рет өліммен бетпе-бет келдім. Шамамен 25 рет сол шекке жақындаған шығармын. Румынияда көлік қағып кетті. Ауыр жарақат алсам да, ішкі бір күш мені қайта тұрғызды.Кейде екі күн ұйқысыз жол жүресің. Үшінші күні міндетті түрде бір қауіп жақындайды. Сол кезде өзіңмен өзің сөйлесесің. Сонда миға «Сол жаққа емес, оң жаққа құлата гөр» деп хабарлама жібересің. Оны қабылдаған ми денеге өзі орындатады. Бұл – инстинкт пен тәжірибенің тоғысқан жері.Жолда тек дене емес, сана да шынығады. Қауіпті сезіну – әлсіздік емес, тірі қалудың бір жолы.

Түгелбек Қасымұлы
Фото: ашық дереккөз

Қозғалыс – менің өмірім

Өмір бойы бір нәрсеге сеніп келемін. Ол – адамның ұзақ жасауының сыры – қозғалыста. Қазір сексеннің жотасына шықсам да, сол ойымнан айныған емеспін. Кейде жастар менен: «Ата, осынша қуатты қайдан аласыз?» – деп сұрайды. Сонда мен оларға дәрінің атын айтып немесе ерекше емді көрсетіп жатпаймын. Бір сөзбен ғана «Қозғалыңдар» деймін. Өйткені адам тоқтаған жерде дене де, көңіл де тұралайды. Әрине, дұрыс тамақтану өз алдына.

Біз кейде табиғатты өзімізден бөлек нәрсе сияқты көреміз. Бірақ адам да – табиғаттың бір бөлшегі. Жер тоқтап қалған жоқ, күн мен ай сөнген жоқ. Неге? Өйткені бәрі қозғалыста. Адам да солай болуы керек. Қимылсыз отырған сайын бойдағы қан айналымы баяулайды, жүрекке салмақ түседі, жан сергектігі азаяды. Мен мұны кітаптан оқып алған жоқпын, өмірден көрдім.

Жұрт «Қазақ – аттың үстінде туған халық» дейді. Рас, бірақ аттың үстінде адам көп қозғалмайды. Ал велосипедтің жөні бөлек. Онда бүкіл денең қимылдайды, терлейсің, шаршайсың, бірақ сол шаршаудың ішінде тіршілік бар. Тер арқылы бойдағы ауырлық та, жиналған уайым да шыққандай болады.

Қазір артыма қарасам, жарты миллион шақырымға жуық жол жүріппін. Әлемнің қырықтан астам мемлекетін аралаппын. Жер шарын он рет айналғандай жол басыппын. Бірақ мен сол сапарлардың ешқайсысын рекорд үшін жасаған емеспін. Мен үшін жол – жарыс емес, өмірдің өзі.

Алматыда өткен 17 марафонға қатыстым. Қазір жасым келген сайын жаяу жүгіру марафонын тоқтаттым. Осы шарада 3 адам қайтыс болып кетті. Жалпы, жүгірудің де өз ережесі бар. Соған мұқият мән беру керек. Соңғы рет 78 жасымда Қостанайда өткен Ы.Алтынсариннің 150 жылдығына барып, қатысып келдім.

Динара Мыңжасарқызы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз