Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:35, 19 Қараша 2023

«Куәгерлер болуы мүмкін»: Салтанат Нүкенованың әулеті қазақстандықтарға жүгінді

Салтанат Нүкенова
Фото:

Салтанат Нүкенованың отбасы куәгерлерді іздеу үшін қазақстандықтарға жүгінді. Бұл туралы марқұмның ағасы Айтбек Амангелді айтты.

Instagram желісіндегі жазбасында ол қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді. Нүкеновтер әулеті сотталушының отбасымен татуласпағанын хабарлады.

"Марқұм қызымыздың топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанымызға қатты батты. Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз. Мыңдаған адам қайғымызға ортақтасып, шын көңілдерін білдіріп, бізді жұбатып жатыр.
Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел Президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз», - делінген хабарламада.

Нүкеновтер әулеті болған оқиғаның куәгері болуы мүмкін қазақстандықтарға тергеуге көмек сұрап өтініш білдірді.

«Бүгінгі күні тергеу органдары тарапынан қылмысты ашу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Президенттің пәрменімен бұл оқиға ерекше тергелетін іс болып тіркелді. Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда. Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз. Егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білсеңіз полицияға немесе біздің қорғаушыларымыз: И О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұраймыз.
Егер сіздің қылмыстық іске қатысты маңызды ақпаратыңыз болса, бірақ жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секеміңіз болса, сізге заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы белгілі болды.  8 қараша күні кешке Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан әйел алған жарақатынан көз жұмды. Марқұм бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаеватың жұбайы, Павлодар қаласының тумасы Салтанат Нүкенова болып шықты. Бишімбаевтың өзі де сол күні кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды.