Әлеумет

Куәгерлердің қауіпсіздігі үшін: Иаков Воронцовтың ісі жабық режимде қаралады

Алматыда Орыс православ шіркеуінің (ОПШ) бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовқа қатысты сот процесі жабық режимге ауыстырылды. Бұған қарсылық білдірген Воронцов аштық жариялаған.

Иаков Воронцов

16 қыркүйекте Алматының Медеу аудандық сотында Иаков Воронцовқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Сот отырысын бұдан әрі жабық режимде өткізу туралы өтінішті прокурор Арлан Исмаилхан берген. Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған қарсы шыққан. 

Қорғаушының пікірінше, процесті жабу айыпталушының сотта қорғану құқығына қосымша шектеу келтіреді. Соған қарамастан судья Жасұлан Хусаинов прокурордың өтінішін қанағаттандырған.

Шешім жарияланғаннан кейін Иаков Воронцов онымен келіспейтінін айтып, аштық жариялаған. Осыдан соң журналистер мен тыңдаушылар сот залынан шығарылды. 

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Воронцовтың аштық жариялауын сот шешіміне қарсылық білдіру формасы деп атады. Қорғаушы тарап Воронцовқа қатысты қылмыстық қудалауды саяси сипаттағы іс деп есептейді. Бұл – адвокат пен айыпталушы тараптың ұстанымы. 

«Есірткі притоны» туралы айып алынып тасталды

Бұған дейін прокуратура Воронцовқа тағылған екі айыптың бірін алып тастағаны белгілі болды.

15 қыркүйекте оған табысталған жаңа айыптау актісінде Қылмыстық кодекстің 302-бабының 1-бөлігі – есірткі қолдануға арналған притон ұстау туралы айып жоқ.

Алайда Воронцовқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ. Оған Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша – өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау немесе тасымалдау жөніндегі айып тағылып отыр. 

Воронцов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Ол үйін тінту кезінде табылған заттардың өзіне тиесілі емес екенін айтқан.

Воронцов қалай ұсталды?

Иаков Воронцов 13 ақпанда Алматыдағы үйінде жүргізілген тінтуден кейін ұсталды. Полиция сол кезде үйден ұнтақ тәрізді тыйым салынған заттар табылғанын мәлімдеген.

Алдымен сот оны есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 10 тәулікке қамаған. Әкімшілік қамау мерзімі аяқталғаннан кейін ол қылмыстық іс аясында қайта ұсталып, 25 ақпанда сот қамауға санкция берген. 

Тергеу барысында Воронцов психиатриялық сараптамадан да өткен. Кейін Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросы дәрігерлер одан психикалық ауытқу анықтамағанын хабарлаған. 

Иаков Воронцов кім?

Иаков Воронцов – Орыс православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері. Ол Қазақстанда қазақ тілінде құлшылық рәсімдерін өткізуімен және Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынауымен танылған.

2022 жылы Воронцов соғысты тоқтатуға шақырған православ дін қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойған. Кейін Орыс православ шіркеуі оны қызметтен шеттетіп, ақырында діни санынан айырған.

Одан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын православ діни бірлестігін тіркеуге әрекет жасаған. Алматының Әділет департаменті бірлестікті тіркеуден бас тартқан.

Воронцов пен оның қорғаушылары қылмыстық істі оның қоғамдық және діни қызметімен байланыстырады. Ал Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің өкілдері бұған дейін қылмыстық тергеуге қатысы жоқ екенін және бұл құқық қорғау органдарының құзыретіндегі мәселе екенін мәлімдеген. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз