«Күдікті қайта оралып, тағы бірнеше пышақ жарақатын салған»: Нұрай Серікбай ісінде жаңа дерек айтылды
Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында оқиға куәгері жауап беріп, қылмыс болған сәтте көргендерін баяндады.
Куәгердің айтуынша, алғашында ол айыпталушының қызды тек ұрып жатыр деп ойлаған. Оның сөзінше, Нұрай қатты айқайлағанымен, ештеңе айта алмаған.
Әйел ер адамға полиция шақыратынын ескерткен. Осыдан кейін айыпталушы кетіп бара жатқандай көрінген. Алайда араға аз уақыт салып қайта бұрылып келіп, өзімен бірге алып жүрген үлкен пышақты шығарып, қызға қайтадан бірнеше рет соққы жасаған.
Куәгердің айтуынша, пышақтың жүзі шамамен 15–20 сантиметр болған және оның көлемі қараңғыда да анық көрінген. Ол жаңа соққылардан кейін Нұрайдың дауысы бірден басылғанын жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Шерхан Аймахан бойжеткенге 30-дан астам пышақ жарақатын салған. Прокуратура дерегіне сәйкес, ол бұған дейін Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, үнемі хабарласып, үйінің маңында күтіп жүрген және бір рет күштеп алып кеткен.
Ал айыпталушы сотта болған оқиғаны есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді. Дегенмен бұған дейін жүргізілген сот-психиатриялық сараптама оның әрекетіне толық жауап бере алатынын, яғни есі дұрыс екенін анықтаған.