Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 18 Сәуір 2024

Құмар ойын: әрбір қазақстандық 10 миллион теңге қарыз

Құмар ойын

Жақында мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев заң жобасы аясында 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам өзгеріс енгізілгенін айтты.

Соның ішінде кәмелетке толмағандарға құмар ойнауға рұқсат берген заңды тұлғаларға айыппұл салу, букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын барынша шектеу қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелділік қазір еліміздегі қордаланған күрделі мәселелердің бірі. Жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елімізде лудоманияның өршіп тұрғаны айтылып, жаң қабылдауды жеделдету туралы талқыланған еді. Лудоманиямен күрес жөніндегі заң жобасы осы сессияның соңына дейін қабылданбақ.

Жалпы елімізде ойынқұмарлықтың етек жаюы күрмеуі қиын жағдайға айналғанын мынадан-ақ көруге болады. Бейресми деректер бойынша Қазақстанда казинолар мен букмекерлік кеңселердің айналымы 1 трлн-ға жетіп, жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. 400 мың адам ойынға тәуелді әрі тұрақты ойнаушылар болса, олардың қарыздары елдегі адам басына шаққанда орташа есеппен 10 миллион теңгеге жуық. Парламент мәжілісінің депутаттары өткен жылы құмар ойынның жарнамасына шектеу қоюды сұрап, жауапты министрлерге жолдаған сауалында төмендегідей дәйек келтірген еді. 2023 жылы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстық оқиғаның 20%-ы, ажырасудың 70%-ы, суицид бойынша тіркелген 3676 жағдайдың 20%-ына себепкер осы ойынға тәуелділік болып отыр. Демек, лудомания қазір жеке адамдардың басындағы ғана мәселе емес, жалпы қоғамдық індетке айналды деуге болады.

Соның ішінде жарнамаға алданып, жеңіл ақшаға қызығатындардың көбісі жасөспірімдер. Алайда енді 25 жасқа дейінгі азаматтарды құмар ойындарға немесе ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігуге тарту жеке тұлғаларға 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделеді. Бұдан өзге, ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға, бәс тігуге жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленетін болады. Мәселен, 25 жасқа дейінгілердің, сондай-ақ құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуға шектелген адамдардың құмар ойындарға қатысуына рұқсат бергені үшін орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 107 600 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатын болады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін қайта рұқсат бергені үшін уақытша лицензиясын тоқтату қарастырылған.

Сондай-ақ түзетулер ҚР Ойын бизнесі туралы заңнамасының ережелеріне сәйкес келмейтін жарнаманы таратқаны немесе орналастырғаны үшін тотализаторлар мен букмекерлік кеңселердің әкімшілік жауапкершілігін көздейді. Құжатта «Қазақстан Республикасының Жарнама туралы заңнамасының ережелеріне сәйкес келмейтін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын тарату немесе орналастыру, сондай-ақ мұндай жарнамаға қатысу жеке тұлғаларға – 60 АЕК (221 520 теңге), лауазымды адамдарға – 80 АЕК (295 360 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 120 АЕК (443 040 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 170 (627 640 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатын болады» делінген.

Ғафу Алтай

Тегтер: