Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:08, 26 Наурыз 2024

Құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озды

Шыңғыс Манарбекұлы
Фото:

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елімізде лудоманияның күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналып бара жатқаны туралы айтып, ойынға тәуелділік туралы заңды қабылдауды тездетуді тапсырды.

Президент сөзінше қоғамды іштей ірітетін ойынқұмарлыққа тап болғандардың саны елімізде 400 мыңға жеткен. Ендеше, лудоманияны емдеудің жолы қандай? Мемлекет қандай шара қолданбақ? Бұл туралы «Soberroad» психологиялық кеңес беру орталығының маманы Шыңғыс Манарбекұлымен әңгімелескен едік.

«Soberroad» орталығы қанша жылдан бері жұмыс жасап келеді?

–Жалпы «Кеңес» клиникасы 2017 жылы ашылды. Бастапқыда біз басқа орталықтар мен клиникаларға көмектестік. Кейінірек Данияр Мамайұлы бастаған «Кеңес» клиникасының негізін қалаушылар бәрі бірге тәуелділікке арылтуға арналған программа жазып шықты. Сөйтіп бір жылдан соң «Soberroad» ұйымының алғашқы клиникасы ашылды. Біздің бастапқы миссиямыз тәуелділікке ұшыраған адамдарға қысым жасамай, барынша қол ұшын созу, психологиялық тұрғыдан көмектесу болды. Қазір 3 жыл бойы осы бағытта жұмыс жасап келеміз. 3 клиника, 2 сауықтыру орталықтарымыз бар. Сонымен қоса, 30-шақты психиатр-нарколог мамандармен арнайы психиологиялық лабораториямыз жұмыс жасайды. Біз онда әрдайым бақылау жүргізіп, емдеу бағдарламасын жетілдіріп отыруға тырысамыз. Себебі дерт бір орында тұрған жоқ. Лудомания болсын, есірткіге тәуелділік болсын, қоғамда барған сайын ушығып, кең етек жайып келеді.

Емдеу барысы жайлы айтып беріңізші. Кешенді сауықтыру неден басталады?

–Бізге көбінесе ойынға тәуелді адамдардың өзі емес, әке-шешесі, жақындары хабарласады. Біз емдеу барысында олармен де жұмыс жасаймыз. Себебі бұл тек бір адамның басындағы мәселе емес. Алдымен біз түрлі сұрақтар қойып, мән-жайды анықтап, біліп алуға тырысамыз. Қанша қарызы бар? Қанша микрокредиттері бар? Неше рет қарызын жаптыңыздар? Қанша рет ойнамауға уәде берді? Бұл ақпараттардың бәрі біз үшін маңызды. Одан кейін біз тегін консультация жасаймыз. Мұнда да емделушімен бірге жақындары, әке-шешесі қатысады. Консультация барысында тәуелділіктің қай кезеңінде екені анықталып, лайықты шаралар белгіленеді. Мәселен, 1 деңгейдегі адамға сауықтыру орталығына жатудың қажеті жоқ. Оған психологиялық көмек көрсетіледі. Ал келесі кезеңдерде болса, сауықтыру орталықтарында емдеу керек болады.

Орталығында лудомандар мен өзге де тәуелділігі бар адамдарға әртүрлі емдеу шаралары қарастырылған ба?

–Бізде сауықтыру орталығында тәуелділік бойынша лудомандар да есірткі мен алкогольге тәуелді адамдармен бірге жатып емделеді. Себебі олардың барлығының түп тамыры бір. Ол – тәуелділік. Кейде емделушінің жақындары бұған қарсы болатын жағдайлар да кездеседі. Ондайда біз барынша түсіндіруге тырысамыз. Лудомандардың нейропсихологиялық механизмі де нашақорлар мен маскүнемдерге ұқсайды. Сол үшін өтірік айту, алдау, үйден қашу сияқты ортақ көріністер пайда болып жатады. Осы себепті біз оларды бөлмей барлығына бірдей көмек көрсетеміз.

Біздегі бағдарлама бойынша тәуелділігі бар адамдар алдымен детокс клиникаға жатқызылады. Бұл жерде бір жағынан ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардың ағзасы тазаланса, екінші жағынан емделушіні сауықтыру процесіне психологиялық тұрғыда дайындаймыз. Өйткені біз ешкімді де сауықтыру орталықтарына күштеп апара алмаймыз. Адамның өзі емделуге ниетті болып, сауықтыруға өз еркімен баруы керек. Ары қарай сауықтыру орталығында арнайы программа бойынша емдеу шараларын жүргізіп, науқастарды тәртіп пен жауапкершілікке үйретеміз. Арнайы уақыт кестесі, міндеттері мен кезекшілік болады. Таңғы 8-де тұрып, жаттығу жасайды. Таңғы астан кейін тазалық жасалады. Себебі тәуелді адамдар соңғы кезеңдерде тазалыққа көңіл бөлмейтін болады. Сауықтыру барысында психолог мамандармен, психотерапевтермен жұмыс жасаудың маңызы ерекше. Науқас мұнда да түрлі психологиялық жаттығуларды орындайды. Одан бөлек, спорт, далада серуендеу, боулингке бару, театрға бару деген сияқты түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, біз адамды қарапайым заттардан ләззат алуға үйретеміз.

–Орталықта науқастармен жекелеген жұмыстар жасала ма?

–Психологпен аптасына 3-4 рет жекелеген қабылдау болады. Қазір бізде бүкіл дүниежүзінде қолданылатын 12 қадамдық бағдарлама бойынша жұмыс жасалады. Бұл 1930 жылдары Билл Уилсон мен Боб Смит алкоголизмге қарсы әзірлеген Alcoholics Anonymous (AA) атты алғашқы он екі қадамдық бағдарлама болатын. Ол қазіргі таңда нашақорлық, құмар ойындар сияқты өзге де тәуелділіктерге қарсы кеңінен қолданылады.

–Сауықтыру шарасына жүгінген адамдардың қаншасы толық емделіп кете алады?

–Статистика бойынша, жыл басынан бері біздің сауықтыру орталығында наркотәуелділік бойынша емделген 75 адамның 38-і, алкоголизм бойынша 29 адамның 15-і, құмар ойындар бойынша 31 науқастың 26-сы толықтай тәуелділіктен арылған, қалыпты өмір сүріп жатыр. Жалпы көрсеткіш – 57,8%. Дегенмен 4 айлық оқшауланудан кейін қоғамдық өмірге қайта аяқ басқан әр адам үшін тіпті тәуелділіктен толықтай арылды дегеннің өзінде қауіп деңгейі өте жоғары болып келеді. Сол үшін емдеуден кейін қоғамға бейімделу, белгілі бір шектеулерді сақтау деген сияқты 2 айлық (постлечебная) бағдарлама жүргізіледі. Толық емдеуден өткен адамдардың ішінде кейбірі біздің орталыққа қайта келіп консультант, ерікті болып та жұмыс жасап жатады. Себебі бұрындары бұл мәселемен бетпе-бет келген адамдар келген науқасты жақсырақ түсініп, тіл табыса алады. Әрі оларға үлгі болып, бұл кеселді жеңуге үміт сыйлайды. Біздің орталықта оншақты психолог, отыздай психиатр-нарколог, жалпы саны 60-қа тарта маман жұмыс жасайды. Қазақстан бойынша мұндай штаб басқа ешқандай сауықтыру орталығында жоқ. Екі ай бұрын бізге Швецариядан Оливер есімді келіп, біздің даму қарқынымызды жоғары бағалады. Қазір біздің орталық халықаралық деңгейде беделді орталықтардың қатарында. Канада, Чехия, Дубай, Россия, Қырғызстан сияқты өзге елдерден де адамдар келіп емделіп жатады. Сонымен қатар нашақорлық, алкоголизм профилактикалары бойынша ДСМ-мен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Одан бөлек, 3 ай бұрын Астанада Ұлттық гвардия, ҰҚК және прокуратурамен бірігіп, лудоманияны анықтайтын тест жасап жатырмыз. Өйткені бұл кесел мемлекеттік қызметкерлердің арасында да таралып кетті.

–Лудоманияның қоғамға тигізер залалы қандай? Қандай шара қолдануға болады?

–Қазір біздің елде лудомания қауіпті деңгейге жетті. Елімізде құмар ойындар нарығы, тіпті жылжымайтын мүлік нарығын басып озып отыр. Сол үшін мемлекет тарапынан да белгілі шаралар қолданылуда. Қазір ұтысқа, қарызға шектеу қою сияқты түрлі амалдар ұсынылып жатыр. Сонымен қоса, меніңше, ойынға рұқсатты қазіргідей 21 жастан емес, 25 жастан беру керек. Және букмекерлік кеңселерде 100 мың, 150 мыңнан кейін лимит қою керек. Себебі жағдай одан әрі ушыға беруі мүмкін. Ал букмекерлік кеңселерді жабудың пайдасы шамалы. Себебі олардың саны азайғанымен, кірісі артып келе жатқанын статистикадан-ақ көруге болады. Және ең маңыздысы, жарнамаларды азайту. Қазір қайда қарасаң да құмар ойындардың жарнамасын көзің шалады. Тіпті еліміздің бас футбол премьер-лигасының өзі букмекерлік компания атымен аталады. Бұл тәуелділігі бар адамдар үшін үлкен триггер.

Сұхбаттасқан: Қосқанат Бауыржан

Тегтер: