Күміс жауған кіші әлем чемпионаты

24 ақпан мен 2 наурыз аралығында Болгария астанасы Софияда дәстүрлі «Странджа кубогы» турнирі өтті. Ауқымы кең әрі беделді турнир болғандықтан көпшілік оны «кіші әлем чемпионаты» деп атайды.
Биыл жарысқа Алжир, Қытай Тайпейі, Хорватия, Ұлыбритания, Уэльс, Франция, Өзбекстан, Грекия, Мажарстан, Моңғолия, Косово, Словакия, Түркия және Болгария боксшылары қатысты. Қазақстан турнирге құрамадағы ең үздік былғары қолғап шеберлерін алып барды.
Турнир ерлер арасында – 13, қыздар арасында – 12 салмақ дәрежесінде өтті. Қазақстан атынан жарысқа 25 – ер, 21 – қыз боксшы қатысты. Яғни әр салмақ дәрежесінде екі спортшыдан барды. Соған сай құрама қоржынына түскен жүлделер саны да аз болған жоқ.
Қазақстан қыздар құрамасының 15 өкілі жартылай финалға жеткен. Оның алтауы ақтық сынға жолдама алып, қалған сегізі қола жүлдегер атанды. Қола медаль Элянур Тұрғанова (50 келі), Жансая Рахымберді (52 келі), Жазира Орақбаева (52 келі), Сымбат Әлиасқар (54 келі), Лаура Есенкелді (63 келі), Гауһар Шайбекова (66), Азиза Исина (70 келі) және Шұғыла Нәлібайға (75 келі) бұйырды.
Ал финалға өткен 7 бұрымды боксшымыздың біреуі ғана чемпион атанды. Оның өзінде +81 келі салмақтағы Ләззат Күнгейбаева отандасы Дина Исламбекованы жеңіп, алтын медаль алды. Ақтық сында өнер көрсеткен өзге 5 боксшымыз – Әйгерім Сәттібаева (48 келі), Әнел Сақыш (54 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі) және Жібек Жарасқызы (81 келі) ел қоржынына күміс медаль салды.
Ерлер арасындағы бәсекеде 18 боксшымыз жартылай финалға жеткен, оның 14-і финалға жолдама алды. 4 салмақта (86, 75, 71 және 63,5 келі) қазақстандық спортшылар өзара алтын медальге таласты. Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі) және Данияр Рахымбердинов (92 келі) қола жүлдегер атанды.
Финалға шыққан спортшылар арасында Сабыржан Аққалықов (75 келі) пен Бекзат Нұрдәулетов (86 келі) мерзімінен бұрын чемпион атанды. Оларға отандастары Тимур Нұрсейітов пен Нұрбек Оралбай жекпе-жекке шықпай, жол берді. Ал Ертуған Зейнуллин (63,5 келі) мен Абылайхан Жүсіпов (71 келі) жерлестері Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Фарух Тоқтасыновты жеңді. Біздің боксшылар арасында 18 жастағы Төрехан Сабырхан (67 келі) ғана шетелдік қарсыласын жеңіп, алтын медаль алды.
Ал Даниял Сәбит (51 келі), Тимур Қабдешов (54 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Фарух Тоқтасынов (71 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Нұрбек Оралбай (86 келі) және Айбек Оралбай (92+ келі) күміс жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы 1 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға жайғасты. Ал ерлер құрамасы 5 алтын, 9 күміс, 4 қола медальмен командалық есепте көш бастады. Екінші орындағы Өзбекстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс пен 2 қола медаль еншіледі. Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет «Странджа кубогында» бірінші орын алды. Біздің боксшылар «кіші әлем чемпионатына» 1994 жылдан бері қатысып келеді.