Құрық портында әйел адам алтын бұйымдарды жыныс мүшесінде жасырып өтпек болған
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, «Құрық» кеден бекетінің қызметкерлері «Зарифа Әлиева» теңіз кемесін Қазақстан аумағына кіргізу кезінде күмән тудырған жолаушыны анықтаған.
1964 жылы туған Қазақстан азаматы паспорттық бақылаудан өткеннен кейін жүріс-тұрысы кеден қызметкерлерінің назарын аударған. Әйелдің қадамы баяулап, қолын үнемі іш тұсына қойып жүргені байқалған.
Осыған байланысты кеден қызметкерлері Шекара қызметі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және көлік прокуратурасының өкілдерімен бірлесіп жеке тексеру жүргізген.Тексеру нәтижесінде әйелдің жыныс мүшесінде жасырылған 34 дана зергерлік бұйым анықталып, тәркіленген. Олардың қатарында 15 жиынтық (сырға мен сақина), жеті сақина, үш жұп сырға, бір шынжыр және сегіз түрлі білезік болған.
Бұл факті бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.Мемлекеттік кірістер департаменті адам денесіне жасырып тауар тасымалдау кеден заңнамасын өрескел бұзу болып саналатынын және мұндай әрекеттер үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Құзырлы органдар заңнамаға сәйкес тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде.