Қоғам

Күршім орман шаруашылығында өрт шықты

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Абай ауылдық округі аумағында тұтанған табиғи өрт оқшауланды.

ТЖМ

Тілсіз жау ішінара «Күршім орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағына тараған.

Қол жетуі қиын орман алқабындағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күштері, орман шаруашылығының қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

Өрт ошағына «Қазавиаорманқорғау» десантын жеткізу үшін ТЖМ тікұшақтары мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің авиациясы пайдаланылды. Ал жерүсті техникасы жете алмайтын аумақтарда ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы әуеден сөндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы тікұшақ арқылы 41 рет су төгіліп, өрт ошағына 123 тонна су тасталған.

Өрт сөндіру барысында мамандар желдің бағыты мен тілсіз жаудың таралуын үздіксіз бақылауда ұстады. Ведомствоның мәліметінше, барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз