Live

ҚҰТ фильмі көрерменге жол тартады

27 мамыр күні «Арман» кинотеатрында белгілі режиссер Айхан Чатаеваның жаңа туындысы – «ҚҰТ» көркем фильмінің премьерасы өтеді.

Құт

Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фэнтези жанрындағы кинотуындының негізгі идеясы – туған жерге, ата-баба мұрасына деген құрмет пен махаббат.

Режиссер әрі сценарий авторы Айхан Чатаеваның айтуынша, фильм көне түркі мифологиясы мен қазақ дүниетанымына негізделген.

«Қазақ халқының Көк тәңіріне сыйынып, Ұмай-ананы қастерлеген көне түркі өркениетінен бастау алатын ең үлкен дәстүрдің бірі – ата-баба аруағын қадірлеу. Туған жерді, ата-баба сүйегі жатқан мекенді қорғау – қасиетті ұғым. Әйтпесе Жаратушының сыйы – ҚҰТ қашады», – дейді режиссер.

Фильм оқиғасы жазғы демалыс кезіндегі шағын Ақтоғай ауылында өрбиді. Басты кейіпкер – ауыл ақсақалы Рақымбайдың немересі Қайсар. Оның рөлін жас актер Заңғар Тұрсынқазы сомдайды.

Қайсар үшін шынайы өмір мен көне түркі аңыздары тұтас әлемге айналған. Ол Рухтар елшісінің даналығын түсінуге ұмтылады. Бұл рөлді Әлия Бөпежанова ойнайды.

Фильмде аңыздағы Қара Мергенге қарсы шыққан батырдың бейнесі бүгінгі заманмен астасып, туған жерге көз тіккен байлық иелеріне қарсы күрес тақырыбы көтеріледі. Қара Мерген образын Болат Момынжанов сомдаған.

Кинотуындыда қазіргі қоғамның өзекті мәселелері де көрініс табады. Фильмге жас актерлер Бақдәулет Ақылбекұлы, Айша Мақсотова және белгілі өнер иелері Қонысбек Бекайдаров, Дариға Күшкенбайқызы, Гүлмира Хасанова, Мұхтар Қапалбеков түскен.

Фильмнің көркем бейнеқатарын оператор Борис Трошев жасаған. Сондай-ақ картинада суретші Алексей Шиндин, киім суретшілері Ажар Әубәкірова мен Әлия Имашева, композитор Әбілқайыр Жарасқан еңбек еткен.

28 мамырдан бастап ҚҰТ фильмі еліміздің ірі кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Тегтер: "Құт" фильмі
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз