Құтқарушылардың елеусіз еңбегі
Адам өмірін құтқару – жоғары және жауапты миссия. Өз тағдырын жауапқа тігіп, өзгенің өмірін арашалауға ат салысатын тайсалмандардың бірі – құтқарушылар.
«Бейбіт күннің батырлары» саналатын өрт сөндіру және құтқару қызметкерлерінің елеусіз еңбегіне лайық арнайы атаулы, кәсіби мерекелік күн де белгіленген. Әр күні ерлікке бергісіз құтқарушылардың кәсіби мерекесі жыл сайын 19 қазан күні атап өтіліп келеді. Бұл айтулы мерекенің тойланып келе жатқанына биыл – 28 жыл. Кәсіби мерекеге орай биыл елімізде 543 құтқарушы марапатталды. Құтқарушыларға медальдар, төсбелгілер және алғыс хаттар табыс етілді.
Құттықтау эстафетасын Ұлытау облысы да жалғастырды. Кәсіби мерекеге орай, құтқару саласы қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған іс-шара өткізілді. Шара барысында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Ұлытау облыстарының Төтенше жағдай департаментіне басшы Есен Байыров арнайы сөз сөйлеп, қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
- Өзге үшін өз өмірін қатерге тігу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік. Сондықтан үлкен жүректі талап ететін қызметте жүрген азаматтарымыз бен ардагерлеріміз қашан да құрметке лайық. Осы салада аянбай еңбек еткендіріңіз үшін, сіздерге алғыс білдіреміз, – дейді Есен Байыров.
Шара барысында төтенше жағдай қызметкерлеріне облыстың қала-аудандарына толық жабдықталған су жаңа қызметтік көліктер берілді. Автокөліктердің кілтін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы салтанатты түрде табыс етті.
Тоғыз техниканың ішінде өрт сөндіру автоцистернасы, 32 метр болатын 9 қабатты автосаты, авариялық-құтқару автомобилі, құтқару автокөлігі, жедел-жеңіл автокөліктер бар.
- Жыл сайын біздің еңбегіміз еленіп жатқанына қуаныштымыз. Биыл да қалыс қалмадық. Облыс әкімдігі тарапынан қызметімізге қажетті техникалар толықтырылып жатыр. Шарада табыс етілген көліктерден бөлек, авариялық құтқару жұмыстарына арналған құрал-жабдықтар да алдық. Облыс құрылғанға дейін біздің 65 пайызымыз ескірген техника және нормаға жетіспеушілік болған. Былтырғы жылы 14 бірлік техника алған болатынбыз. Биыл 8 техника тағы алып жатырмыз. Бұның өзі жақсы көрсеткіш. 40 пайызға жаңарды деуге болады, – Ұлытау облысы өрт және авариялық қызмет басшысының орынбасары Дархан Конуршинов.
Кілт табыстау рәсіміне Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов та қатысып, құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
Берік Әбдіғалиұлы өз кезегінде апатты жағдайға қажетті техникаларды алу жұмыстары алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.
Мереке қарсаңында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жас мамандар жұмысқа қабылдау кеші өтті. Қатарға енді қосылған қызметкерлер өз міндетін абыроймен атқаруға ант берді. Қызметке енді араласқан жастардың бірі өрт сөндіруші, енді бірі диспетчер мен құтқарушы қызметіне қабылданды. Олар түрлі апаттың алдын алып, салдарын жою үшін еңбек ететіндерін айтады. Мамандарға жағдай жасалған.
Облыста халық саны аз болғанымен, жер көлемі үлкен. Апат пен өрт кезінде жедел әрекет ету оңай емес. Соған қарамастан, төтенше жағдай қызметі міндетін адал атқарып келеді.
- Биыл жаз мезгілінде қуаңшылық және басқа да залалдардың салдарынан түрлі өрттер орын алды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмыла еңбектенуінің арқасында қауіп-қатер дер кезінде сейіліп, қайғылы жағдайға ұласқан жоқ. Әрі қарай да жұмыстарыңыздың нәтижесі жақсылықпен ұштаса берсін, – дейді облыс әкімі.
Салтанатты жиынға келген ардагерлер мен құрылым басшылары қызмет бабында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Елеулі еңбек еткен құтқарушылар облыс басшылығы мен министрлік тарапынан марапатқа бөленді.
Шыңғыс АТАЙ
Ұлытау облысы