Әлеумет

Лавров: Ауғанстаннан Орталық Азияға содырлар турист ретінде өтуге әрекет жасап жатыр

Халықаралық экстремистік ұйымдардың содырлары Ауғанстан арқылы Орталық Азия елдеріне босқын немесе турист ретінде кіруге әрекет жасап жатыр.

Лавров

Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді.

Лавров бұл мәлімдемені 16 қазанда Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ конференциясында жасаған.

Оның айтуынша, Ауғанстанның Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен шекаралас аудандарында террористік және экстремистік топтардың белсенділігі сақталып отыр.

«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстанның аталған елдермен шекаралас аудандарында террористік және экстремистік ұйымдардың елеулі күштері, жаттығу лагерлері мен тірек бекеттері бар», – деді Лавров.

Ресей сыртқы істер министрінің сөзінше, содырлар Орталық Азия мемлекеттеріне заңды және заңсыз жолдармен, соның ішінде босқын немесе турист ретінде өтуге тырысуы мүмкін.

Лавров Ресей арнайы қызметтерінің бағалауынша, негізгі қауіп «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының Ауғанстандағы бөлімшесі – «Вилаят Хорасан» тобынан төніп отырғанын айтты.

«Радикалдар Ауғанстанды Орталық Азия мен Ресей аумағына террористік әрекеттерді тарату алаңы ретінде пайдаланғысы келеді», – деді ол.

Сол жиында Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Ауғанстан аумағындағы террористік ұйымдар мүшелерінің жалпы саны 23 мыңнан асатынын мәлімдеді.

Бұл мәліметтер Ресей тарапының бағалауына негізделген.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз