Әлеумет

Трамп Қазақстанға да әсер етуі мүмкін кедендік баждарды тоқтатты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейден мұнай мен газ сатып алатын елдерге қарсы қосымша кедендік баждарды енгізуді уақытша тоқтатты.

Трамп

Бұл шектеулер Қазақстанға да әсер етуі мүмкін еді.

16 қазанда Трамп Ресей мен Иранға қарсы санкцияларды қарастыратын "Грэм заңының" бірқатар талаптарын қолдануды тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Аталған заң Ресей тауарларына кедендік бажды 500 пайызға дейін арттыруды, сондай-ақ Ресей мұнайы мен газын ең көп сатып алатын бес мемлекеттің АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына қосымша 100 пайыздық баж енгізуді қарастырған.

Бұдан бөлек, Ресейге халықаралық санкцияларды айналып өтуге көмектесетін мемлекеттерге де шектеу қою көзделген.

Қазақстанға қандай қауіп төнген еді?

Қазақстан Ресеймен тығыз сауда-экономикалық байланыста болғандықтан, америкалық санкциялардың жанама әсеріне ұшырауы мүмкін елдердің қатарында аталған.

Алайда Қазақстанға дәл осы заң аясында қосымша баж енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданбаған. Сондықтан Трамптың жарлығы Қазақстанға салынған баждарды алып тастау емес, ықтимал жаңа шектеулердің қолданылуын тоқтату дегенді білдіреді.

Ақ үй жариялаған құжатқа сәйкес, Трамп бұл шешімді АҚШ-тың ұлттық мүдделерімен түсіндірген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Вашингтон санкциялардың Ресейге ғана емес, әлемдік экономика мен АҚШ-тың өзіне тигізетін ықпалын да бағалауды көздеп отыр.

Жаңа шектеулердің қолданылуы уақытша тоқтатылғанымен, Ресейге қарсы бұрын енгізілген санкциялар күшінде қалады.

Айта кетейік, бұл шешім АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқандқа сапары қарсаңында қабылданды. 19 қазанда Самарқандта АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекеті, соның ішінде Қазақстан қатысатын C5+1 форматындағы келіссөздер өтеді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз