Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:10, 23 Сәуір 2025

Лавров шығарған дау және Кремль мен Ақорда арасындағы сабылыс

Лавров пен Нұртілеу
Жас Алаш коллаж

Сәуірдің басында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Алматыға келіп кеткен.

 Сол сапарында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ықыласына бөленіп, арман болған АЭС-ке қолы жеткендей болып, қуанып қайтты. Бірақ өз еліне барған бетте тағы бүлінді. Алматыда Қазақстанды «достығымыз жарасқан көрші» деп мақтағанымен, Мәскеуде Астананың ұстанымын сынға алды. 

Әңгімені басынан бастайық. Лавров 20 жылдан бері Кремльдің сыртқы саясатын басқарып отыр демесеңіз, аса дарынды дипломат ретінде көзге түскен адам емес. Керісінше, елдестіруден гөрі жауластыруға бейім саясаткер ретінде танылған. Өзге ел өкілімен келіссөзде өзін тең дәрежелі әріптес емес, қарсы тараптан жоғары тұрған тұлға ретінде ұстап, күшке салып, тізеге басуға дайын тұрады. Одақтас елдердің ішкі ісіне араласып, сырттай тон пішу оның үйреншікті әдеті.

Біз бұған дейін Лавровтың Алматыға сапары жайлы мақала жазып, ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында не айтылғанын сөз еткен едік. Сол жиында Ресейдің бас дипломаты Ресей-Украина соғысына бейтарап позиция ұстанатын, Батыс елдерімен бет жыртысқысы келмейтін Қазақстанда отырғанын ұмытып, Кремльдің көпке ұнамайтын ұстанымдарын алға тарта сөйлеген.

Алдымен Еуроодақ пен Ұлыбританияны сыпыра жамандап, соғысқа соларды айыптады. Одан кейін әдеттегідей Украина билігін ұлтшылдар жайлап алған, өзге ұлттарды қуғындап жатыр деген ескі жырын толғады. Содан қыза келе «Мәскеу Зеленскийге орыс халқы бар территорияны ешқашан бермейді», «Украина алған бетінен қайтпаса, Ресей шабуылды тоқтатпайды, тіпті Киев билігін орысфобиялығы жоқ режимге ауыстырады» деп күшейген.

Алматыдағы ТМД жиынына келген 9 мемлекеттің ішінде Әзербайжан мен Армениядан басқасы Мәскеуге мінез таныта қоймасы анық. Баку Еуропаға жақындығы мен Түркияға туыстығына арқаланып, өзін сәл еркін ұстайды. Былтыр Ақтауда болған ұшақ апаты кезінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев табандап тұрып алып, Кремль қожайыны Владимир Путин одан кешірім сұрауға мәжбүр болған. Ал Армения Әзербайжанмен қақтығыс кезінде көмектеспегені үшін Мәскеуге аздап өкпелі. Бірақ Ереванның дәл қазір Ресейден бет бұра қоятын шамасы жоқ, өкпеші баладай бұртиғаны болмаса, Кремльмен кетісе алмайды. Былтыр ҰҚШҰ саммитіне келмей қойғанымен, биыл ТМД жиынына жетіп келгені соның айғағы.

Ал Орта Азиядағы 5 елдің жайын «арман бар, дәрмен жоқ» деп сипаттауға болатын шығар. Олар өзара одақтасып немесе Түркі мемлекеттері ұйымына, Қытайға және Батыс елдеріне жақындап, Ресейге тәуелділікті азайтқысы келеді. Бірақ ешбірі тәуелсіздік алғаннан бері дербес дамып, жеке бағыт ұстанатын дұрыс жолды таңдай алмаған, КСРО кезіндегі жүйені әлі сақтап отыр. Демек оларға дәл қазір Кремльге кіріптар күйден арылу қиын.

Соған қарамастан, Мәскеу Орта Азиядағы «дос елдерді» жіті қадағалап отырады. Астана көше атын қазақшаласа, Ташкент мемлекеттік қызметкерлерден өзбек тілін талап етсе, ресейлік БАҚ пен саясаткерлері ұлардай шулап шыға келеді. Сондағы ойы посткеңестік елдердің бәрі Мәскеуге Беларусьтей адал болса дейді. Демек Лавровтың орыс әлеміне қарсы шыққаны үшін Украинаны аямаймыз деген сесі Орта Азия елдеріне қарата айтылып отыр. Империялық пиғылдан арылмаған Кремль көпшіліктің көңіліне «Киевтен кейінгі кезек кімдікі» деген қорқынышты ұялатқысы келеді.

Лавров бастаған кезекті дау

Алматыдан орден тағып, көңілі тасып қайтқан Лавров Мәскеуге барған бетте «Коммерсантъ» басылымына сұхбат берді. Ресейдің әлемнен оқшауланып қалғанын өздерінен емес, өзгеден көретін көне әдетіне басып, әркімді бір жамандап, әркімге бір соқтығып отырып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да қағытып өтіпті. Ол дипломатия тілін қайырып қойып, өзге ел басшысының сөзін ашықтан-ашық сынаған.

Бәрін басынан бастайық. 2022 жылы маусымда өткен Санкт-Петербург форумында Ресейдің пропагандашыл журналисі Маргарита Симонян Қазақстан президентіне күтпеген жерден Луганскі мен Донецк республикасы жайлы сұрақ қойған. Тоқаев БҰҰ жарғысына сілтей отырып, бірінші кезекте әр мемлекеттің аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтып, ЛХР мен ДХР-ды мойындамайтынын жеткізген. Бұл мәлімдеме ресейліктерге ұнамай, Астанаға ақпараттық шабуыл үдеген еді.

Сол әңгіме үш жылдан кейін Лавровтың есіне түсіпті. «Қазақстан президентінің сөзі есімде. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз өз ұстанымымызды қазақстандық достарымызға түсіндірдік. Оның пікірінше, тек аумақтық тұтастық маңызды. Бірақ мен тағы да қайталаймын: егер БҰҰ қатарында болсаңыз, ұйым жарғысын толық құрметтеу қажет. Аумақтық тұтастық өз жеріндегі барша ұлттың мүддесін толық қорғай алған елдерге ғана қаратылған. Егер мұны орындай алмаса, онда сол елдің аумағының бір бөлігі бөлініп шығуына болады», – дейді Лавров.

Ресей сыртқы істер министрінің бұл сөзінен дипломатияға жат леп есіп тұр. Өзге елдің ұстанымы ұнамаған күннің өзінде бас салып сынауға болмайтынын Лавров не білмейді, не өзін үстем санайтын өктемдігіне басып, әдейі осылай сөйлеп отыр.

Ресейлік дипломат БҰҰ жарғысына бағыну керек дегенді бекер айтып отырған жоқ. Халықаралық ұйым ережесінде кереғар келетін бір тұс бар. Бірде мемлекеттердің территориялық тұтастығы сақталатыны жазылса, екінші жерде ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы бар екені жазылған. Тоқаев алғашқысына сүйеніп, Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия, Абхазия және ЛХР мен ДХР-ды мойындамайтынын айтқан. Ал Лавров екінші бапты өзіне оңтайлап, бұрмалап отыр.

Бірақ Лавров бұл сөзі өзіне таяқ болып тиюі мүмкін екенін ескермеген сияқты. Ресей бірнеше автономиялы республикадан құралған, елде тәуелсіздік алуға ниетті көптеген ұлт қоныстанған. Егер Татарстан, Башқұртстан, Тыва сияқты автономды аумақтар өз-өзімізді басқарып, жеке ел боламыз десе, Кремль рұқсат бере ме? Бұл мүмкін емес екені белгілі. Жалғыз Лавров емес, тұтас Ресей билігінің саясаты қарама-қайшылыққа толы. Мысалы, өз аумағындағы аз ұлттардың тілі, мәдениеті жылдам жойылып жатқанына еш мән бермей, Қазақстан сияқты көрші мемлекеттердің ішкі ісіне араласып, орыс тілін қорғаштайды. Сол сияқты БҰҰ жарғысындағы қатар тұрған екі баптың өздеріне керегіне ғана көз салып отыр.

«Лавров бұл сөзді ең алдымен Украинаға жасаған қысымын әлем алдында ақтап алу үшін, екіншіден, Астанаға ескерту ретінде айтып отыр. Қазақстанның шығысы мен солтүстігінде орыс азаматтары көп. Бір күні олар да Украинадағыдай бөлінгісі келуі ықтимал деген астарлы әңгімені меңзеп отыр деп есептеймін. Демек Лавровтың бұл сөзіне немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл Лавровтың аузымен айтқан Мәскеудің ресми ұстанымы болуы мүмкін. БҰҰ жарғысы мен ірі мемлекеттер берген кепілдік бізді қорғайды деп сенуге болмайды. Сақ болуымыз қажет. Украинаға да кепілдік берілгенін ұмытпаған жөн. «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, қауіпсіздік мәселесін қазірден бастап қамтамасыз етуіміз керек сияқты», – дейді саясаткер Азаматхан Әміртаев.

Лавров дауынан кейін де Қазақстан мен Ресей арасында бірнеше барыс-келіс болды. Алдымен екі елдің президенті телефон арқылы сөйлесті. Ақорда мемлекет басшылары екі ел арасындағы серіктестік мәселесін талқылағанын хабарласа, Кремль әңгіме барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық, Ресей мен АҚШ арасындағы диалог, Жеңіс мерейтойы жөнінде сөз болғанын хабарлады. Екі тарап та кім қоңырау шалғанын айтқан жоқ. Бірақ ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов бастама Мәскеу тарапынан болған деп болжайды. Өйткені сөйлесуге Астана құлықты болса, Кремльдің баспасөз қызметі мұны сөзсіз атап өтер еді дейді.

Саясаттанушының бұл пікірімен келісуге болатын сияқты. 19 сәуірде Қазақстанға Ресейдің энергетика министрі Сергей Цивилев келіп, Тоқаевтың қабылдауына кірді. Кремль телефонда екі президент энергетика мәселесін талқылағанын айтқан. Демек Цивилевтің сапары телефонда келісілген болып тұр. Ақорданың баспасөз қызметі министр Тоқаевқа Путиннің жеке хабарламасын жеткізгенін хабарлады. Бірақ ол не хабарлама екені белгісіз. Сарапшылар «құпия хабарлама» АЭС-ке байланысты болуы мүмкін деп болжайды.

Ресей Қазақстанда салынатын алғашқы АЭС құрылысын қолға алу үшін құлшынып жүргені белгілі. Бұған біздің билік те кет әрі емес. Лавровтың Алматыға сапарында Мұрат Нұртілеу АЭС-ті Мәскеу салса қарсы емес екенін аңғартқан. Путин мен Цивилев те сол АЭС жайын сөз еткен болуы мүмкін.

Сондай-ақ Кремльді алаңдататын тағы бір мәселе бар. Жақында «Қазатомөнеркәсіп» АҚ мен чех компаниясы ČEZ a. s. Чехияның атом электр станциясына Қазақстан табиғи уран концентратын жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойды. Чехия бұған дейін бұл өнімді Ресейден алып келген. Яғни «Қазатомөнеркәсіп» Кремльдің «клиентін» тартып алып отыр. Біздің ел уранға бай екенін ескерсек, бұл үрдіс Чехиямен тоқтамай, тұтас Еуропа қазақ уранына көшіп, Ресей бір шетте қалуы мүмкін. Мәскеу қолындағы мұндай майлы жіліктен айырылғысы келмейді. Сол үшін Астанаға ат сабылтып, осы мәселені шұғыл талқылауға кіріскен болуы да мүмкін...

Қуаныш Қаппас

Тегтер: