Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:37, 25 Сәуір 2024

Лудомания: аурудың салдарымен емес, себебімен күресу керек

Лудомания

Қазақстанда құмар ойындарына қарсы қатаң талаптар мен шектеулер қарастырылады. Заң жобасының алдын ала нұсқасына сәйкес, енді құмар ойындарға 25 жастан бастап қана рұқсат берілетін болады.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен казиноларға несие бойынша қарызы немесе 90 күннен астам мерзімге төленбеген алименті бар клиенттердің ұтыстары мен депозиттерін қабылдауға тыйым салынуы мүмкін. Бұған дейін біз еліміздегі лудоманияның салдары мен онымен күресу үшін қарастырылып жатқан шаралар жайлы айтқан болатынбыз. Бүгін осы әзірленіп жатқан заң жобасына қатысты әлемдік тәжірибелер мен заңгер мамандардың ұсыныстарын сарапқа салып көрмекшіміз. Заңгер Кудус Аршамовтың сөзінше, құмар ойындарына қатысты заң қатаң болуы тиіс. 

Кудус Аршамов, заңгер

«Лудомания, яғни құмар ойындарға деген тәуелділік адамдардың өзара қарым-қатынасына ғана емес, жалпы қоғамдық ахуалға, оның қаржылық жағдайына да тікелей әсер етеді. Біздің қоғамымызда да бұл дерттің тамыры терең жайылып кетті. Қазір, өкінішке қарай, елімізде осы ойынқұмарлықтың әлегі тимеген отбасылар кемде-кем. Бұл жағдайлардың бәрінен құмар ойындарға қарсы біздегі мемлекеттік идеологияның жоқтығын байқауға болады. Адамдар не үшін ойынға салынады? Жауап қарапайым. Өйткені әлеуметтік тең емес жағдайда өмір сүреді. Тиісінше, жұмыс істемейтіндер бірден бай болғысы келеді. Сөйтіп, өзіне ғана емес, жақындарына да зиянын тигізіп тынады.

Совет өкіметі кезінде қылмыстық заңда «құмар ойындар» деген бап болды. Олар мұндай ойындардың жақсылыққа апармайтынын, халықты апиын сияқты улайтындығын жақсы түсінді. Лудомания сияқты мәселелермен заңнамалық деңгейде күресу керек. Біріншіден, ойын сайттары мен қолданбаларының кез келген жарнамасына тыйым салу. Екіншіден, мұндай сайттарды ұйымдастырушыларды анықтап, қатаң түрде тоқтату керек. Бұл алаяқтардың көпшілігі біздің елден тыс жерде екені түсінікті, дегенмен басқа елдердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеу қажет. Кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айыру сияқты қатаң шаралар қарастырылуы керек. Лудомания да нашақорлық сияқты қауіпті кесел. Ойынға тәуелді болған адам ақша табу үшін кез келген қылмысқа баруға дайын болады. Бізге батыс құндылықтарын қабылдауға әлі ерте. Өйткені біздің менталитетіміз батыстан түбегейлі ерекшеленеді. Сондықтан бізге дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызға негізделген мемлекеттік жүйе қажет».

Жалпы мәдени көзқарастар, тәуелділік пен қылмысқа қатысты алаңдаушылыққа байланысты Азия елдерінің көпшілігі құмар ойындарға тыйым салуды немесе қатаң реттеуді қолдайды. Олардың кейбіреулері туризмді ынталандыру мақсатында казиноларды заңдастырғанымен, үкіметтер қатаң бақылау мен қадағалауды сақтай отырып, сақтықпен әрекет етеді. Мәселен, Қытай мен Оңтүстік Корея елдерінде құмар ойындардың көптеген түрлеріне тыйым салынған. Оңтүстік Кореяда ат жарысы, веложарыс пен лотерея сияқты құмар ойындардың бірнеше таңдаулы түрлеріне ғана рұқсат етілсе, 1995 жылы қабылданған құмар ойындарға қарсы заң құмар ойындардың барлық басқа түрлеріне тыйым салды.

Дегенмен онлайн гейминг пен спорттық ұтыс ойындары әлі де оффшорлық веб-сайттар арқылы заңсыз түрде жұмыс жасайды. Ал Жапония 2018 жылы казиноларды қамтитын интеграцияланған курорттарға (IRs) рұқсат беретін заң қабылдады. Көптеген жылдар бойғы пікірталастардан кейін үкімет мұны туризм мен салық түсімдерін арттыру тәсілі ретінде қарастырды. Дегенмен заң мұнда Жапония азаматтарының кіруіне тыйым салу және жоғары салық мөлшерлемесі сияқты көптеген шектеулерді енгізеді.

Ал заңгер Айыпхан Мұхамәдиев бізге құмар ойынына тәуелділіктен айықтыруға айтарлықтай қаржы жұмсалатынын айтады. Маманның сөзінше, ең дұрысы салдарымен емес, себебімен күрескен жөн дейді.

Айыпхан Мұхамәдиев, заңгер

«Елімізде ойынға тәуелді азаматтар көбейіп келеді. Бұл ең алдымен елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Қазірдің өзінде елімізде лудомандардың саны 400 мыңға жуық екені айтылады. Және олардың тәуелділіктен толықтай айығып, зиянды әдетінен арылуы үшін әрқайсысына кемінде 2-3 миллион теңге жұмсалады дейді. Осы себепті, бізге аурудың салдарымен емес, себебімен күресу керек. Ол үшін, ең алдымен, жарнамаларға бақылау қою маңызды. Бізде тіпті президенттің қатысуымен өтетін тікелей эфирдегі спорт матчтарының өзінде букмекерлік кеңселердің жарнамасы өріп жүреді. Сосын жас шектеуін 25-ке көтеру, ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік жеткіліксіз сияқты. Елімізде құмар ойындарына толықтай тыйым салатын уақыт жетті деп ойлаймын».

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, құмар ойындарына тәуелділікті азайту үшін ең әуелі заң қатаң болуы тиіс. Сосын оның себебіне жіті көз жіберіп, қоғамды құрсаулаған дерттің тамырын үзу қажет. Мұнда ең бастысы – адамның өз сапасы, қоғам, туған-туыс алдындағы жауапкершілігі. Сапалы, ақ, адал өмірге ұмтылысы. Сондай-ақ азаматтардың құқығы заңдық тұрғыда қорғалуы аса маңызды.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: