Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 15 Ақпан 2024

Мәдина Бақбергенова: Жәмиланың басты жанкүйерімін

Жәмила Бақбергенова
Фото:

Астаналық балуан Мәдина Бақбергенова (68 келі) жақында Қазақстан чемпионатында күміс жүлде иеленді.

Әйелдер күресінен лицензиялық турнир сәуір айында Бішкекте (Қырғыз Республикасы) өтеді. Бұл сынға ел чемпионы ретінде ардагер спортшы Елена Шалыгина қатысады. Дегенмен күрес түрлерінде олимпиада жолдамасы атаулы емес. Демек, егіздің сыңары Мәдина үшін де олимпиада үміті әлі сөне қойған жоқ. Бақбергеновалардың кішісі Жәмила ел чемпионатында олимпиялық салмақта (76 келі) өнер көрсетіп, топ жарды. Сәуірдегі лицензиялық турнирде Мәдина өзінен бес минут кіші Жәмилаға тілеулес болатыны күмәнсіз. Біз Мәдинаны сөзге тартып, қазіргі дайындығы туралы сөзге тарттық.

– Мәдина, 68 келі салмақ дәрежесінде Елена Шалыгина ел чемпионы атанды. Финалға жолдама алып тұрып, кілемге шықпадың. Мұның себебі неде?

– Бір жыл бұрынғы жарақатым әлі толық жазылмағандықтан, бапкерім екеуміз тәуекелге барудың қажеті жоқ деп шештік. Негізі, жаттығуды жарысқа бір ай қалғанда ғана бастаған едім. Өзімнің кілемге шыққым келді, бірақ бапкерім, жарым Нұрсұлтан Теміровтің ақылына құлақ астым. 

– Жарыс барысында жарақаттандың ба, әлде жазатайым жағдай ма?

– Бір жыл бұрын Бішкекте оқу-жаттығу жиынында белімді ауыртып алдым. Поляк қызымен күресіп жатып, қатты ауырсындым. Дәрігерлер тексеріп көріп, сүйек жарығы деп диагноз қойды. Жұлынның жүйке тамырын ұзақ емдедім, бірақ әлі де толық жазылғаным жоқ. Жаттығуды бастап кеткенде белімнің әлі толық қалпына келмегені білінді. Сондықтан кілемге ауырсынуды басатын дәрі егіп шығуға тура келді. Қазір ем алып жатырмын. Бәрі жақсы болады деп сенемін.
Алда Бішкекте өтетін іріктеу турниріне 68 келіде Шалыгина қатыса ма? Сенің мүмкіндігің бар ма?
Бапкерлер құрамы Бішкек турниріне ел чемпионатында топ жарған спортшыларды қатыстыратынын күнібұрын ескерткен. Демек, біздің салмақтың жеңімпазы ретінде Шалыгина жолдама иеленуге тырысады. Ал күміс жүлдегерлер алдағы Азия чемпионатында, яғни жолдама таратылмайтын турнирде бақ сынап көреді.

 – Қазір 68 келіде әлемде қандай балуан қыздарды басты қарсылас санайсың?

– Олимпиада қарсаңында соңғы әлем чемпионатының қорытындысы өте маңызды. 2023 жылы Белградта (Сербия) өткен әлемдік додада түрік қызы Бусе Тосун жеңімпаз атанды. Одан финалда жеңілген моңғол қызы Енхсайхани Делгермаа да аса мықты балуан саналады. Бұлардан бөлек қазірдің өзінде франциялық Кумба Ларроктың, молдовалық Ирина Рынгачтың және жапониялық Ами Ишиидің жолдамасы бар. 72 келіде, яғни олимпиялық салмақ дәрежесіне енбейтін салмақта екі жыл қатарынан (2022, 2023) әлем чемпионы атанған америкалық Амит Елор да 68 келіге төмендеп, олимпиада жолдамасына таласатыны белгілі болды. Олардың қатарына қытайлық балуан қыздарды да қосуға болады. Қырғыз қызы Мейірім Жұманазарова да бабында. Демек, біздің салмақта бәсекелестік өте күшті болғалы тұр.

– Отбасын құрып, сәбилі болған соң спортқа оралу, олимпиада жолдамасынан үміттену қаншалық ауыр?

– Мен 2016 жылы тұрмысқа шықтым. 2017 жылы сәбилі болдым. Балама үш ай толғанда жаттығуды қайта бастадым. Екінші баламды 2021 жылы дүниеге әкелдім. Ол кезде спортқа оралу, жаттығуды қайта бастау тұрғысында тәжірибем жеткілікті болды. Ең алдымен ағзаны қалпына келтіру шараларын дұрыс жасауға күш салдық. Арада бір жыл өткен соң Азия чемпионы атануым да біздің жаттығу процесін дұрыс қалыптастырғанымызды дәлелдеді. Әттең, жарақат алып қалдым, әйтпесе бабым өте жақсы еді.

– Әлем чемпионаттарында бірнеше рет бақ сынап көрдің. Олимпиададан кейін осы әлемдік дода ең мәртебелі жарыс саналады. Мұндай сынның басты ерекшелігі неде?

– Әлемдік додаларға 2015 жылдан бері үш рет қатыстым. Шынында да оның психологиялық салмағы өте ауыр. Барлық жағынан дайын болуың керек. Оның үстіне әлем чемпионатына қатысушылар да көбірек болады. 2022 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алғашқы айналымда украиналық Алла Белинскаяға есе жібердім. Алла екінші айналымда олимпиада чемпионы Тамира Менсадан (АҚШ) жеңілді, сөйтіп, менің де жұбаныш белдесуге барар жолым жабылды. Ал өткен жылғы әлем чемпионатына біздің салмақтан Е.Шалыгина қатысып, жұбаныш белдесуіне дейін барды. 

– Егізің Жәмила олимпиялық іріктеу сынына қатысатын болды. Ол 76 келіге толық бой үйретті ме? Олимпиада жолдамасын ала ала ма?

– Жәмила Азия ойындары қарсаңында 72 келі салмақта әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдегер атанды. Одан кейін дереу Азия ойындарында 76 келіде бақ сынап, күміске қол жеткізді. Өзінің арманы олимпиада сынға түсу болғандықтан, ол 76 келіге тұрақтап қалуды ойластырды. Ел чемпионатының алғашқы айналымында негізгі қарсыласы Эльмира Сыздықоваға есе жіберсе де, финалда қарымта қайтарды. Енді Бішкекте олимпиада жолдамасына таласады. Бауырымның әр табысын өзімнің жетістігімдей көремін. Екеуміз кілем сыртында бір-бірімізге үнемі көмектесеміз. Әдетте екеуміздің белдесулеріміз екі күнге жоспарланады да, ол күресіп жатқанда – мен, мен күресіп жатқанда ол ақыл айтып, мейлінше дайындаймыз. Қарсыластарым менен бұрын күрессе, Жәмила оларды сырттай бақылап, қандай осал тұсы барын айтып береді. Мен де оның қарсыластарын көзімнен таса етпеймін. Жаңа салмаққа ауысу қанша ауыр болса да, Жәмиланың Азия ойындарында күміс жүлде алуын өз басым өте жақсы бағалаймын. Егізім бұл салмақтың ерекшелігін сезінді, қандай мықты қарсыластары барын білді. Бәрі Алланың қолында. Бішкектегі турнирде Жәмилаға олимпиада жолдамасы бұйырып жатса, одан кем қуанбаймын. Қазір екеумізді де Н.Теміров жаттықтырып жүр.

– Әкең Науқаннұр – белгілі футбол жаттықтырушысы. Әкенің кеңесі спорт жолында қаншалық пайдасын беріп жатыр? Азия чемпионы атанып келгеніңде де Науқан ағаның сендерді сиыр сауып келуге жұмсағаны жайлы видеоны ел өте жақсы қабылдады.

– Әкем әуел баста бізді дзюдоға бергісі келді. Анам қарсы болды. Кейін ақырындап нәтиже көрсетіп, Алматыдағы «Шаңырақ» дарынды балалар мектеп-интернатына түскенімізде, екеуі де ақ батасын берді. Әкем ақылын аямайды, көп көмектеседі. Жәмила екеуміз бұрын үйдің де, даланың да шаруасын істей беретінбіз. Қазір бар шаруа інімнің қолында. Дегенмен үйге бара қалсақ, чемпионбыз демей, қай шаруаға да бел шешіп кірісіп кетеміз. 

– Әңгімеңе көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Есей Жеңісұлы