Саясат

Марченконың артында кім тұр?

Марченко елге оралды. Жай оралған жоқ, бірден Еуразиялық даму банкі төрағасына кеңесші боп «сап» ете қалды.

Марченконың артында кім тұр?

Бірақ ол Әзірбайжанға «шығарып әкеткен» халықтың қаржысын қайтарды ма? Жоқ. Мәселе де осы әңгімеде.

Еліміздегі зейнетақы қорындағы қаржы қалайша шетел асты? Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, 2014 жылдың қазан айында сол кездегі басшылар (Ұлттық банкті 2013 жылдың қазан айынан бастап Қайрат Келімбетов басқарды) Әзірбайжан халықаралық банкінің қарыз портфелін купондық ставкасы 8,25 пайызбен 10 жылға сатып алуға 250 млн доллар жұмсаған. Бұл қаржылық операцияға Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры мамандарының еш қатысы жоқ. 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығында Әзірбайжан халықаралық банкінде қаржы проблемасы туындайды. Бірақ Ұлттық банк салынған қаржыны дереу кері қайтару жөнінде еш шара қолданбаған.

     Есесіне баспасөзде «шетелде ақшам жоқ, майбах мінбедім, Алматыда екі бөлмелі пәтерім ғана бар» деп шерменде болған Григорий Марченко 2016 жылы Әзірбайжандағы AGBank деген қаржы құрылымына акционер болып шыға келеді. Инсайдерлік ақпарат көздері біздің банкирдің Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің отбасымен тығыз қарым-қатынасы туралы жазады. Бірақ Марченконың банкі ұзақ өмір сүрген жоқ. Биыл мамыр айында AGBank банкрот жариялап, лицензиясынан айырылды.

     Кейбір ақпарат көздеріне сенсек, одан Марченконың мұрты да қисаймаған. Банк қиын жағдайға тап болғанда-ақ бұл қызметті тастап, Лейла мен Арзу Әлиеваның офшордағы көптеген компаниясын басқарған көрінеді. Сөйте жүріп Григорий Марченко Эстонияға қоныс аударды. Уақытша тұруы үшін инвестициялық ықтиярхат алған. Сөйтіп, Балтық теңізінің жағалауынан үлкен жер телімін сатып алып, демалыс аумағын салады. Сарапшылар осы шығынның бәріне шамамен 2,5-3 миллион доллар жұмсалды деп есептейді.

Еуропада кез келген инвестиция мен капиталдың қайдан келгені ресми түрде расталуы тиіс. Эстония бүгінде Еуроодақтың мүшесі. Оның үстіне Григорий Марченконың Эстониядағы кәсіпорнының күмәнді әрекеттері мен салықтарды бүркемелеуі Эстон үкіметінің Марченкоға берген ықтиярхатының күшін жоюға мәжбүрледі. Марченкоға елге қайтқаннан басқа жол қалған жоқ. Пәлен қаржы жұмсап салған құрылысын 450 мың долларға әрең сатқан. Бірақ ол өзінің Алматыға қайта оралуын пандемияның өршуімен түсіндіріп әлек.

       Григорий Марченконың Еуразиялық даму банкі төрағасына кеңесші болып келуі де қызық. Ресей тарапы Марченконың банк басқармасының келісімін алмастан келгенін телеграмм-каналдарда жазуда. Естеріңізге сала кетсек, банктің төрағасы ресейлік Николай Подгузов болса, басқарма төрағасы – Қазақстан Республикасы премьер-министрі Асқар Мамин. Яғни мұндай «кенеттен» келген шешімнен Асқар Мамин де бейхабар қалса керек.

Григорий Марченконың мұндай үлкен құрылымға келуін оның өткен өмірімен байланыстырумен түсіндіруге болады. Алматыдан шыққан жас жігіт Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтын тамамдаған. Бірақ ол сол кездегі стандарт бойынша бес жыл емес, одан да ұзақ уақыт оқыды. Оның бір институт қабырғасында мұншалықты «көпжылдық өсімдік» болуы – үлгерімінің нашарлығынан екен. Әйтпесе оқуды жақсы бітірсе, бірден СІМ немесе КСРО сыртқы сауда министрлігіне жұмысқа тұруы керек еді. Ал «біздің бала» Қазақстанға оралып, Қазақ КСР түсті металлургия министрлігінде кіші қызметкер деңгейінде жұмыс істейді. Тек 90-жылдардан кейін Германияға стажировкаға барғанда Deutche Bank өкілдерімен танысып, Қазақстанда осы банктің мүддесіне жұмыс істеді.

     Содан бастап Григорий Марченконың тасы өрге домалады. Ең бірінші және соңғы вице-президент Ерік Асанбаев марқұмның көмекшісі болды. Дәулет Сембаевпен жақсы қарым-қатынас орнатты. Марченконың әкесі Қазақ КСР КГБ партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген еді. Жас Гриша сол кезден-ақ КГБ, одан соң ҰҚК-ға жұмыс істеп келген. Қаржы және банк қызметкерлерінің көңіл күйі туралы, саяси және бизнес-элитаға жеке-жеке мінездеме беріп, есепшоттарындағы қаржы жайлы ақпарат беріп отырған көрінеді. Ол туралы марқұм Рахат Әлиев кезінде жазып кетті. Енді орыстар Марченконы Еуразиялық даму банкіне не КГБ, не ҰҚК әкелді деп шошып отыр. Бұл жерде Ресей президенті Владимир Путиннің де бұрын қайда жұмыс істегенін еске түсірген жөн. Сондықтан Марченконың тасы әлі де өрге домалап тұр.

      Естеріңізге салсақ, Еуразиялық даму банкі 2006 жылы құрылған. Оны Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Тәжікстан мемлекеттері құрды. Банктің жарғылық қоры – 7 млрд доллар, негізгі қызметі мүше-мемлекеттердегі нарықтық қатынастарды дамытуды көздейді. Штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан.

   Ең соңғы мәлімет бойынша ЕДБ-ның рақатын Беларусь мемлекеті көріп отыр. Экономикасын тұрақтандыру үшін Лукашенко басқаратын мемлекет ЕДБ-дан 2 млрд доллар қарыз алған.  

Тегтер: Без Тега
Тоқтар Жақаш
Тоқтар Жақаш Тоқтар Жақаш

Оқыңыз