Масылдықпен күресте министр Ертаев та аттан ауып қалуы мүмкін
Енді жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем бұрынғыдай төленбейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қазаннан бастап төлем мерзімін қысқартуды ұсынып отыр. Бұған дейін жұмыссыз қалғандарға 6 ай бойы әлеуметтік төлем төленіп отыратын, енді бұл мерзім 3 айға дейін қысқарады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері де төмендейді.
Осы уақытқа дейін жұмыссыздық бойынша төленетін ең жоғары төлем мөлшері 350 000-422 000 теңгеге дейін жететін. Алдағы уақытта бұл сома азайып, 267 750 теңге болмақ. Төлемнің ең жоғары сомасы 7 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 45 пайызынан аспауы тиіс. Осылайша қазан айының 1-інен бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы пилоттық жобаны қолданысқа енгізбек. Министрліктің түсіндіруінше, бұл өзгерістер мемлекеттік бюджетті үнемдеу үшін емес, азаматтардың уақытша жәрдемақыға арқа сүйемей, тұрақты жұмысқа тезірек орналасуын ынталандыру мақсатында жасалған.
Жұмыссыздықпен «егес» нәтиже берді ме?
Жалпы, біз соңғы жылдары жұмыссыздықпен қатты «егестік». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін кім басқарса да, ең алдымен жұмыссыздықпен күресуге тырысты. Мәселен, 2000 жылдардан бастап жұмыссыздықты жөнге қою үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеппіз. Бертін келе де жұмыссыздықты жеңу үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды. Одан кейін бұл бағдарламаның атауы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Тамара Дүйсенова басқарып отырған кезде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» болып өзгертілді. Бұдан соң, мемлекеттік ең ауқымды жоба – «Еңбек» бағдарламасы қолға алынды. Гүлшара Әбдіхалықова, Тамара Дүйсеновалардан бөлек осы саланы басқарған экс-министрлер Мәдина Әбілқасымова, Біржан Нұрымбетов, Серік Шәпкенов, Светлана Жақыповалардың кезінде де жұмыссыздықты тезге салу үшін біраз «маңдай тер» төгілді. Қазірде осы «індетті» жою үшін «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Бірінші жұмыс орны» дейсіз бе, әйтеуір толып жатқан жобалар баршылық.
Биыл жыл басынан бұл саланы басқаруға тағайындалған министр Асқарбек Ертаев та жұмыссыздықпен бел шешіп күресуге кіріскен сыңайлы. Өткенде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің алдында есеп берген ол елдегі жұмыссыздық деңгейі сол бұрынғысынша, 5 пайыздық деңгейде тұрғанын, ал қалған жұмыс істеуге қабілетті 95 пайыз азаматтар жұмысын істеп, еңбектің нанын жеп жүргенін айтты.
Министр «жұмыс істеймін» деген адамға «екі қолға бір күрек табылатынын», биылдың өзінде электрондық еңбек биржасына 845 мың бос жұмыс орны жарияланғанын, алайда жұмыс орындардың 30-40 пайызына жұмыс берушілер маман таба алмай отырғанын, сол себепті шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр екенімізді, жыл сайын Қазақстанға еңбек ету үшін шамамен 300 мың шетелдік келетінін айтты. Мұндай деректерді тыңдаған Үкімет басшысы еңбек министрлігіне елдегі жұмыс орындары туралы ақпаратты халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігін ескертті. Осылайша премьер-министрдің алдында есеп берген Асқарбек Ертаев жұмыссыздықпен күрес нәтиже беріп жатқанын айтты.
Министрлік масылдықтың төркіні қайда екенін түсіне ме?
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, бұдан былай үйінде жатып, мемлекеттен ақша алып қалғысы келетін жатыпішерлерге қойылатын талап күшейеді. Мысалы, 2024 жылы Үкімет жұмысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы төлеу үшін 79,3 млрд теңге қаржы шығындапты. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 118,5 млрд теңгеге өскен. Осылайша 2024 жылғы 275,7 мың адамнан 2025 жылы 331,7 мың адамға дейін көбейді. Ал биыл қанша азаматтың жәрдемақымен «жан бағып» жатқаны белгісіз. Әйтеуір енді бұл көрсеткішті одан әрі өсірмеу қажет. Халықты масылдыққа дәндетіп алмау керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сол үшін де жұмыссыздық үшін төленетін әлеуметтік төлемдерді азайтып, төлем мерзімін 6 айдан 3 айға түсіруді жөн көріпті.
Осы саланы зерттеп жүрген әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу МОЛДАБЕКОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, масылдықтың түп-төркіні басқада. Мәселен, бізде «Жұмыспен қамту-2020», «Жол картасы-2020», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» және басқа мемлекеттік бағдарламалар бар. Негізінде, осы бағдарламалардың бәрі әлеуметтік саясатты белсенді жүргізудің формалары еді. Әттеген-айы, қазір осы бағдарламалардың нәтижесін көре алмай жүрміз. Өйткені бұлардың басым көпшілігі тек қағаз жүзінде жүзеге асып жатыр. Масылдықтың түп-төркіні де тура осы жерден шығып отыр.

«Мұндай бағдарламаларға қатысатындар зейнетақы жарнасын өтірік бір кәсіпорындармен келісіп аударып отырады да, төлемді алып алғанша ғана жанталасады. Ал төлемді алып алғаннан кейін оны басқа мақсаттарға жұмсаған фактілер де кездесті. Мемлекеттің жұмыссыздықпен күресу үшін бөлінген субсидияларын, гранттарын басқа да мақсаттарға жұмсайтындар да бар. Кейбір жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары да бюджеттен бөлінген қаражат игерілді деп көрсету үшін осындай көзбояушылыққа барады. Бұл дегеніңіз – халыққа уақытша ақша берумен шектеліп отырмыз деген сөз. Мысалы, кәсіпорын бірнеше адамды қайта оқытуға өтініш берді делік, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Кейбір кәсіпорындар сол қаражатты алу үшін өзінде бар адамдарды қайта оқыттық деп рәсімдей салады. Міне, осылай жалған есеп беріп, реформаны қағаз жүзінде ғана жүзеге асыру белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге қатты кедергі болып отыр. Осыдан барып саланы дамытуға бөлінген мемлекеттің ақшасы құмға сіңген судай кетіп жатыр. Егер жағдай бақылаусыз осылай кете беретін болса, біз «кедейлік қақпанына» мықтап түсеміз», – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.
Мамандарды қайта даярлау жұмыссыздықтан құтқара ма?
Жалпы, сала маманының ойынша, біз қазір жұмыссыздықты жоюмақсатында мамандарды қайта оқытамыз, гранттар береміз, бірақ бізде өндіріс орындарының саны шектеулі. Мұны мойындау керек. Мемлекеттің қаражатын шығарып, қайта даярлықтан өтіп немесе қайта оқығандардың барлығы күні ертең қайда барады? Болашақта министрлік осы жағын да ойлау керек.
«Бізде нарықта ұсынылатын жұмыс орындары да шектеулі. Мұндайда мамандарды қайта даярлап, қайта оқыта бергеннен пайда жоқ. Олардың пайдасын көру үшін экономиканың нақты секторында, яғни ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, өндірісте, жеңіл өнеркәсіпте, тамақ өндіруде жұмыс орындары ашылуы керек. Қайта даярлаудан өткен мамандардың көпшілігі қазір алыпсатарлықпен айналысып жүр. Біздің қоғамдағы негізгі бизнес алып сату болып кетті. Бір жағымызда Қытай, екінші жағымызда Ресей тұр. Осы екі елдің арасында біз алып сатумен айналысып жүрміз. Қытай мен Ресейдің базарына айнала бастадық. Рас, бұл да бизнестің бір түрі. Дегенмен ескеретін нәрсе, алыпсатарлық экономикада инфляция арта береді. Бүкіл нәрсе сол елге келетін импортқа тәуелді болады. Осыдан барып доллардың бағасы көтеріліп, теңге құнсыздана береді. Ең негізгісі, пандемия кезіндегідей жағдай болып, шекара жабылып қалса, біз өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмай, ішкі нарықтың сұранысын толтыра алмай қаламыз», – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.
Әлеуметтанушының бұл пікірін «Жас Алаштың» тұрақты спикері Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ те қолдайды. Экономистің ойынша, қазір ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету үшін Польшаның алмасын, Испанияның қауын-қарбызын импорттап отырмыз. Оның орнына агроөнеркәсіптік секторды дамытып, ауыл шаруашылығымен айналысатын отандық шаруаларға нақты жағдай жасалса, ішкі нарықтағы өз өніміміздің үлесі әлдеқайда артар еді, еңбек өнімділігі де өсер еді.

«Қазір жағдайдың қаншалықты жүйесіз екенін ауыл шаруашылығындағы мысалдардан да көруге болады. Диқандар кейде келесі жылы не егетінін білмей қалады. Бір жылы Шымкент өңіріндегі шаруалардың барлығы жаппай мақта егеді, келесі жылы жаппай қарбыз өсіруге көшеді. Нәтижесінде, өнім шамадан тыс көбейіп, оны өткізетін нарық табылмай қалады. Тіпті қарбызды тегін таратуға дейін баратын жағдайлар кездеседі. Кей жылдары Алматы облысында пияздың да тегін таратылғанын көрдік. Міне, отандық өндірісті қолдау деңгейінің қандай екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Егер отандық өндіріс нақты қолдау тауып, экономикада тұрақты әрі жеткілікті жұмыс орындары ашылса, қайта даярлаудан өткен мамандар да жұмыссыз қалмас еді. Сондықтан мәселені тек азаматтарды қайта оқытумен немесе жатыпішер адамдардың көбейіп кеткенін айтумен шешуге болмайды. Оның артында нақты жұмыс орны, өндіріс және экономиканың нақты секторын дамыту саясаты қатар жүруі керек», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Білім алудағы теңсіздіктің жұмыссыздыққа әсері бар
Сондай-ақ мамандар үкімет болашақта мына мәселеге басты назар аударуы керек деп есептейді. Мәселен, бізге болашақта көпбалалы аналарға, жұмыссыз жүргендерге әлеуметтік төлем төлеуден бөлек, олардың балаларына жағдай жасау жағын ұмытпау керек. Олардың балаларына өздері тұратын аймақта, ауылда, қалада тегін баратын үйірмелерге баруға, жекеменшік мектептерде оқып білім алуына жолдамалар берілуі керек. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар болсын, жұмыссыздықпен бетпе-бет келген ата-аналар үшін де қолдарына қаражат ұстатқаннан гөрі, балаларына осындай мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Балалардың қосымша жан-жақты дамуына мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Ауылдағы мектептердің сапасын күшейтуге күш салған жөн. Ауылдағы білім деңгейі қаладағы білімнің деңгейімен бірдей дәрежеге көтерілуі қажет.
«Күні ертең осы балалар ержетеді. Еңбек нарығына араласады. Сол кезде инвестиция салынып, білімі жоғары мектептерде оқыған бала суырылып алға шығады да, ал жағдайы жасалмаған бала нарықтан өзінің орнын таба алмай қалады. Білім алудағы теңсіздік, ертең таптық теңсіздікке алып келеді. Сондықтан үкімет осы жағын қазірден мықтап ойлап, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңсіздікті теңестіру қажет. Кезінде мектеп қабырғасынан фундаменті дұрыс қаланбағандықтан да, қазіргі біздің еңбек нарығында сапасыз мамандар өріп жүр. Осыдан барып елде жұмыссыздық көрсеткіші өседі. Сондықтан осыны есте сақтаған абзал», – дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.
Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, елдегі барлық азаматтардың дамуына тең мүмкіндіктер жасалуы керек. Ауыл мен қала арасындағы алшақтық жойылып, ауылдық аймақтарда да сапалы білім беретін мектептер болуы тиіс. Егер ауылда шағын фабрикалар, сапалы медициналық орталықтар, шағын кластерлер, жайлы мектептер ашылатын болса, ауыл халқы да қалаға өре көшпес еді. Жұмыс орындары да ашылып, экономикалық тұрғыдан еңсеміз тіктелер еді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ