Сараптама

Мәскеу өртенген күн

18 маусымда Украина Мәскеу мен Ресейдің бірнеше өңіріне ауқымды дрон шабуылын жасады. Шабуыл негізінен Ресей астанасын жанармаймен қамтитын Мәскеу мұнай өңдеу зауыты болды.

Зеленский, Трамп және Путин

 Ресей Қорғаныс министрлігі сол түні ел аумағында 555 дрон, ал Мәскеу мэрі Сергей Собянин Мәскеу маңында 180 дрон атып түсірілгенін мәлімдеді. Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды «Ресейдің украин қалаларына жасаған соққыларына жауап»деп мәлімдеді. 18 маусымнан кейін Ресей-Украина соғысының сипаты тағы өзгерді. Бұған дейін майдан шебі Донбасс, Херсон, Запорожье, Харьков, Сумы бағыттарымен өлшенсе, енді соғыстың бағыты Ресейдің ішкі инфрақұрылымына ауа бастады. Украина Мәскеудің «қауіпсіз тыл» деген сенімін шайқалтты. Ал Ресей бұған қарапайым тұрғындар қаза тауып жатқан жаңа шабуылдармен жауап берді.

Мәскеу
Фото: AFP

Киевтің жаңа тактикасы

Украинаның 18 маусымдағы шабуылы кездейсоқ әскери операция емес еді. Бұл – Киевте бірнеше ай бойы қалыптасқан жаңа стратегияның ашық көрінісі. Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын, мұнай базаларын, теміржол көпірлерін, порттарын және әскери-өнеркәсіптік тізбегін нысанаға ала бастады. Мұндағы басты есеп – Ресей армиясын майданда ғана емес, экономикалық және логистикалық тұрғыдан да тұралату. Зеленскийдің «Украина өртенсе, Мәскеу де өртенеді» деген сөзінің астарында «Енді Украина да Ресеймен тең соғыса алады, өз қаруы бар» деген мағына жатыр. Себебі Украина бұрын Батыс қаруына тәуелді ел ретінде көбіне қорғаныс позициясында көрінсе, қазір ол өзінің ұзақ қашыққа ұшатын дрондарын дамытып, Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға жүйелі соққы жасай алатынын көрсетті.

Мұндай шабуылдардың әскери мәні бір бөлек, саяси әсері тағы бір бөлек. Ресей билігі ұзақ уақыт бойы өз қоғамына соғысты «арнайы әскери операция», ал майданды алыс аймақтағы шектеулі қақтығыс ретінде түсіндіріп келді. Мәскеу аспанынан дрондардың көрінуі, мұнай зауытының өртенуі, жанармай тапшылығының Ресей өңірлеріне тарауы – осы пропаганданы толық әшкереледі. Украина Ресейдің мұнай инфрақұрылымы оның армиясының отыны, логистикасы, табысы және ішкі тұрақтылығы екенін жақсы біледі. Сондықтан Киевтің дрондары «Ресейдің соғыс машинасын майданнан тыс жерден қажыту» тактикасына айналды.

Киев
Фото: Thomas Peter/REUTERS

Мәскеудің жауабы

18 маусымдағы шабуылдан кейін Ресей жауап ретінде Киевке және Украинаның басқа қалаларына зымыран-дрон соққыларын күшейтті. 2 шілдеде Ресей Киевке жүздеген дрон мен ондаған зымыран ұшырып, шабуыл салдарынан кемі 30 адам қаза тауып, 90-нан астам адам жараланды. Украина әуе күштерінің мәліметінше, сол түні Ресей 74 зымыран және 496 дрон қолданған.

Бұл шабуыл биыл Киевке жасалған ең қанды соққылардың бірі болды. Қалада 130-ға жуық ғимарат бүлінген. Мыңдаған тұрғын жертөлелер мен метро станцияларына тығылды. Зеленский Ирландияға сапарын қысқартып, Киевке оралуға мәжбүр болды. Ол «одақтастар уәде еткен әуе қорғанысы уақытында жеткізілгенде, көп адамның өмірін сақтап қалуға болар еді» деген мазмұнда мәлімдеме жасады.

Мәскеу шабуылдың Украина дрондарының Ресейге жасаған соққыларына жауап екенін айтты. Кремль Ресей әскери басшылығы Путинге баяндама бергенін, Мәскеу өз соғыс мақсаттарына жету үшін қысымды арттыра беретінін мәлімдеді.

Путин
Фото: скриншот

Путин не деді?

28 маусымда Владимир Путин Украина ұсынған алыс қашықтықтағы өзара соққыларды тоқтату идеясын қабылдамайтынын айтты. Путин Ресейдің Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын толық бақылауға алу мақсатын жалғастыратынын мәлімдеген. Ол Украинаның дрон шабуылдары Ресейдің кей өңірлерінде жанармай тапшылығын туғызғанын мойындап, әуе қорғанысы өндірісін жедел арттыру қажеттігін айтты. Путиннің мәлімдемесіне қарағанда, Ресей майдандағы қысымды тоқтатпайды, Украина қалаларына соққыны күшейтеді. Демек, Мәскеу соғыста келіссөзді емес, күшпен қажытуды таңдап отыр.

Украинаның мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары Ресейдің жанармай нарығына қатты әсер етті. Reuters 24 маусымда Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін импорттау жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын жазды. Агенттік мұны Ресейдегі бірнеше ірі мұнай өңдеу зауытының тоқтауымен және бензин өндірісінің маусым соңына қарай жылдық есеппен шамамен 25 пайызға төмендеуімен байланыстырды. Алайда Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәскеуден ресми өтініш түспегенін айтқан.

Бірақ мәлімдеме ресми немесе бейресми болсын, мәселенің мәні басқада жатыр. Себебі Ресей – әлемдегі ірі мұнай өндірушілердің бірі. Осындай елдің Қазақстаннан бензин сұрауы немесе сұрауы мүмкін деген ақпараттың өзі соғыстың энергетикалық балансқа қаншалықты әсер еткенін көрсетеді. Әдетте Қазақстан Ресейден мұнай өнімдері, әсіресе авиаотын бойынша тәуелді тұстарын ескеретін. Ал енді жағдай кері сипат ала бастады. Ресей өз ішкі нарығын ұстап тұру үшін көрші елдердің ресурсына көз тіге бастады. Қазақстанның да мүмкіндігі шектеулі. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары, жазғы маусымдағы сұраныс, авиаотын тапшылығы секілді факторлар Астанаға жанармай экспорттауға мүмкіндік бере ме екен? Тіпті бір дереккөз Қазақстан бензин берсе, оның орнына Ресейден авиаотын алуы мүмкін екенін айтқан.

Ресей тек Қазақстан жанармайына ғана көз тігіп отырған жоқ. 1 шілдеде Үндістаннан теңіз арқылы жанармай ала бастағаны туралы ақпарат тарады. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, кемі 60 мың тонна бензин жөнелтілген, ал Мәскеу әртүрлі елдерден айына 400 мың тоннаға дейін бензин импорттауды жоспарлауы мүмкін.

Осы мәліметтерді қорытатын болсақ, жанармай тапшылығы – Украинаның дрон шабуылының ең айқын нәтижесі. Мұндай тапшылық Ресей қоғамына соғыстың бағасын сездіреді. Майдандағы шығынды билік жасыруы мүмкін, бірақ жанармайы жоқ бос бекеттерді жасыру қиын. Тіпті мүмкін емес. Қазіргі күндегі Ресейдің жанармай бекеттеріндегі көліктердің ұзын-сонар кезегі осыны дәлелдейді.

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы: Зеленскийдің жоспары іске аса бастады

– Қазір соғыс барысына қарасақ, Зеленскийдің жоспары біршама іске аса бастады. Өйткені бүкіл Ресей бойынша жанармай жетіспеушілігі байқалады. Кремль жанармай өндіруді 40 пайызға дейін азайтты. 13 МӨЗ-і (мұнай өңдеу зауыты) күйреп, тоқтапты. Мұны Киевтің жетістігі деп айтсақ, қате болмайтын шығар. Қазір осындай шабуылдардан Ресей қаржылық дағдарысқа тап болды. Біріншіден, мұнайын сата алмай, қазына толмай қалды. Екіншіден, «көлеңкелі флотын» АҚШ бірінен кейін бірін ұстады. Бұл да үлкен шығын. Сондықтан Ресейдің жалпы қаржылық ахуалы өте қиын.

Алайда Ресей қол қусырып қарап отырған жоқ. Киевке шабуылын үдетті. Қазір майдан шебі ширығып тұр.

Жақында Украина Қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Валерий Залужный Украина президенті Владимир Зеленскийге мемлекет басшысы сайлауына қатысатынын мәлімдеген. Соған байланысты «Зеленский сайлаудағы рейтингін көтеру үшін Мәскеуге шабуылды күшейтті» деген де хабар тарады. Меніңше, Зеленский ұзақ уақыт президент болуды қаламайды. Ол бұл орынға жабысып қалмаған. Қазір тек өз отанын мына майданнан аман алып шығуды ойлайды. Соғыс бітпейінше президент сайлауын өткізбейтінін де мәлімдеді. Әрине, бұл да логикаға саяды. Соғыс жағдайында ешқандай мемлекет сайлау өткізгісі келмейді. Ал соғыс біткен соң Украинада сайлау болса, халықтың кімге дауыс беретіні белгісіз. Залужныйдың да өтіп кету мүмкіндігі жоғары. Бас қолбасшы болды, қазір дипломатиялық тәжірибе жинады. Абыройы да жоғары. Енді президент болып сайлануы да ғажап емес.

Ал Киевтің шабуылына келер болсақ, Мәскеудегі бомбалаудан кейін Трамп Зеленскийді мақтады. Осыдан соң сарапшылар арасында енді Ақ үй Киевке қару беруді көбейтуі мүмкін деген де сөздер таралды. Жалпы АҚШ Украинаға соғыс барысында қару беруді тоқтатқан жоқ. Тек қазір бұрынғыдай тегін емес, ақша төлеп алады. Ал қаржыны Еуропа беріп жатыр. Сондықтан Украинаның жағдайы Ресейден жақсы. Тіпті қазір Украина Қырым түбегін де қыспаққа алды. Соған қарағанда, соғыс бүгін-ертең біте қоймайды. Бітсе де, Ресейдің геосаяси жеңілісімен аяқталады.

Трамп пен Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Трамп Зеленскийді не үшін мақтады?

Осы кезеңде АҚШ президенті Дональд Трамптың рөлі де ерекше көрінді. 25 маусымда Трамп Зеленскийді «батыл» деп атап, оның Ресейге қарсы соғыста «жақсы тактика ұстап отырғанын» айтты. Бұған дейін ол бірнеше рет Украинаға қатысты екіұшты пікір білдіріп, соғысты тез тоқтатуға уәде берген. Ал бұл жолы Зеленскийді ашық мақтауы Киевке дипломатиялық демеу болды. Әсіресе Ресейдің жаппай шабуылдары мен НАТО саммиті қарсаңында мұндай сөздің саяси салмағы бар. 4 шілдеде Трамп Путинмен де, Зеленскиймен де сөйлесті. Reuters Кремль көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзіне сүйеніп, Трамп Путинге Украина бойынша келісім табуға көмектесуді ұсынғанын жазды. Сол кезеңде Зеленский де Трамппен сөйлескенін, соғысты аяқтауға нақты мүмкіндік бар екенін және АҚШ шешімі маңызды екенін айтты. Бірақ Трамптың араағайындық ниеті бірден нәтиже бере қояды деу қиын. Себебі бұған дейін де Трамп соғысты тоқтатамын деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Оның ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Оның үстіне Путиннің Киевке жасалатын қысымды тоқтату ойы жоқ екенін жоғарыда жаздық. Соның айғағы – Мәскеу 2 шілде және 6 шілдеде Киевке тағы да ауыр соққылар жасады. Яғни дипломатиялық байланыстар жүріп жатқанымен, майдандағы жағдай өзгерген жоқ. Мәскеу келіссөзге әскери қысыммен барғысы келеді, Киев болса соққыға соққымен жауап беріп, Батыстан көбірек әуе қорғанысын талап етіп отыр.

1 шілдеде Ресей әскерилерінің Қытайда жасырын әскери дайындықтан өткені белгілі болды. Бұл дайындықты Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов жеке мақұлдағаны туралы да мәлімет тарады. Дерек бойынша, 2025 жылдың соңында шамамен 200 ресейлік әскери Қытайдағы нысандарда оқыған. Бағдарламаға дрон қолдану, жарылғыш заттар, миналар, радиоэлектронды күрес, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс элементтері кірген.

Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтерді негізсіз деп жоққа шығарған. Бейжің соғыс басталғалы өзін бейтарап көрсетіп келеді. Бірақ аталған деректер рас болса, бұл Ресей-Қытай әскери байланысының бұрын айтылғаннан терең екенін көрсетеді. Әсіресе дрон, электронды соғыс, миналар және химиялық-радиациялық қорғаныс секілді бағыттар Украина майданындағы қазіргі соғыс сипатына тікелей қатысты.

Бұл мәліметтің 18 маусымнан кейінгі дрон соғысы аясында шығуы кездейсоқ емес. Ресей Украина дрондарына қарсы әуе қорғанысын күшейтуді қажет етіп отыр. Путиннің өзі осыны ашық айтты. Егер Мәскеу Қытайда әскери дайындық ұйымдастырса, бұл оның соғысқа ұзақ мерзімді дайындалып отырғанын білдіреді. Яғни Ресей тек бүгінгі шабуылдарға жауап іздеп отырған жоқ, келесі кезеңдегі технологиялық соғысқа да бейімделуге тырысады.

Соңғы күндері Ресей Киевке тағы да зымыран-дрон шабуылын жасады. 6 шілдеде Ресей зымырандармен, дрондармен Киевке шабуыл жасап, ондаған адам қаза тауып, 46 адам жараланды. Украина әуе күштері Ресей 68 зымыран және 351 дрон қолданғанын, әуе қорғанысы 37 зымыран мен 326 дронды атып түсіргенін мәлімдеді. Бірақ Киев баллистикалық және гипердыбысты зымырандардың бірде-бірін қағып түсіре алмаған.

Бұл шабуыл 2 шілдедегі қанды соққыдан кейін небәрі бірнеше күн өткен соң жасалды. Киевтің Подол және Дарница аудандарында көпқабатты тұрғын үйлер бүлінді. Подол ауданындағы бірнеше тұрғын үй қираған, құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздеп жатыр. Ресей Қорғаныс министрлігі «әскери және энергетикалық нысандарға шабуылдағанын» мәлімдеді, бірақ зардап шеккен нысандар арасында тұрғын үйлер де бар. Зеленский бұған дейін Ресей тағы да ірі шабуылға дайындалып жатқанын ескерткен еді. Ол Батыс елдерінен, әсіресе Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды көбейтуді сұрады.

Осы шабуыл НАТО саммиті қарсаңында жасалды. Бұл да кездейсоқ емес. Мәскеу әдетте ірі халықаралық жиындар алдында әскери қысымын күшейтіп, Украина мен оның одақтастарына «соғыстың бағасын» еске салады. Мұның өзі егер келіссөз бола қалса, оған Путиннің артықшылықпен барғысы келетінін көрсетеді.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз