Әлеумет

Пезешкиан Иранда үш айлық бұғаттаудан кейін интернетті қайта қосуды тапсырды

Иран президенті Масуд Пезешкиан елдегі интернетке қолжетімділікті қайта қалпына келтіру туралы Байланыс министрлігіне тапсырма берді.

Иран

Бұл туралы ирандық ISNA агенттігі және басқа да жергілікті БАҚ хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ғаламторға қолжетімділік 26 мамыр күні қайта ашылады.

NetBlocks мониторинг жобасының мәліметінше, Ирандағы интернеттің соңғы жаппай өшірілуі 87 күн қатарынан жалғасқан.

Жоба өкілдері мұндай шектеу елдегі өлім жазалары туралы ақпараттың жабық болуына алып келгенін атап өтті.

«Бұл шара түрмедегі сыншылар, диссиденттер мен туристердің жағдайына қатысты ашықтықты толық жойды. Олар күн сайын адам төзгісіз жағдаймен бетпе-бет келіп отыр», – деді NetBlocks.

Иранда интернет 28 ақпан күні Израиль мен АҚШ-тың соққыларынан кейін бұғатталған болатын. Сол кезде Тегеран Парсы шығанағындағы америкалық әуе базаларына зымырандар мен дрондар жіберген.

Осы кезеңде Иран тұрғындары тек мемлекеттік ішкі желі — интранет арқылы ғана байланысқа шыға алған.

Алдын ала есеп бойынша, бұл «цифрлық қараңғылық» Иран экономикасына миллиардтаған доллар шығын келтірген. Цифрлық сервистер, электронды сауда, фриланс және шағын бизнес қатты зардап шеккен.

IT саласы мен оған байланысты секторлардағы миллиондаған жұмыс орны қауіп астында қалған. Көптеген отбасы шетелдегі туыстарымен байланыса алмай қалған. Сонымен қатар ауруханалар мен маңызды инфрақұрылым нысандары да күрделі қиындықтарға тап болған.

Сонымен бірге Иранда «таптық интернет» туралы сын күшейген. Мәліметтерге сәйкес, шенеуніктер, элита өкілдері, профессорлар және «сенімді азаматтар» интернетке шектеулі немесе толық қолжетімділікті сақтап қалған.

Бұл қоғамда үлкен наразылық туғызып, билікке «цифрлық апартеид» жасады деген айыптар айтылды.

Бұған дейін Пезешкиан вице-президент Мохаммад-Реза Арефке қауіпсіздік мәселелері мен Жоғарғы көшбасшының ұстанымын ескере отырып, интернетті қайта қосу бойынша арнайы комитет құруды тапсырған еді.

Иранда бұған дейінгі ұзақ интернет бұғаттауы 8–17 қаңтар аралығында болған. Ол кезде елде жаппай наразылық акциялары өткен еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз