Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:27, 12 Ақпан 2024

Мәжіліс депутаты Жаңбыршин отандық бизнесті дамытпай отырған органдарды сынады

жаңбыршин
Фото: из открытых источников

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин көгалдандыру мәселесін көтеріп, әкімдіктер көшеттерді шетелден сатып алып жүргеніне шағымданды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде 2024 жылдың басына қарай 725,4 миллион ағаш отырғызылған. Депутат тиісті питомниктердің жоқтығынан отырғызылатын көшеттік материал жетіспейтінін айтты. 

Бәрімізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдан бастап 5 жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағашты отырғызу жөнінде тапсырмасы бар. Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көгалдандыру мәселесін Үкімет пен әкімдерге тағы да тапсырды. Мысалы, Павлодар облысындағы үш орман шаруашылығында бірде бір питомник жоқ. Мұндай жағдай батыстағы облыстарда да болып отыр. Қостанай облысында көшеттік материалдармен қамту 50-60% ғана. Ал қазір әкімдіктер отырғызу материалдарын шетелден алуды жоспарлауда, тіпті сатып алып жүр. Отандық бизнесті дамытуға ақша жоқ, бірақ сырт елдерден көшет сатып алып, шетелдік бизнесті қолдауға ақша бар! Нағыз мемлекет мүддесіне қарсы схема! Жергілікті прокуратура мен Антикор қайда қарап отыр?! Әлде олар «крыша» болып жүр ме?! – деді мәжілісмен отырыста.

Депутат атап өткендей, отырғызылатын материалдар өрттен зардап шеккен ормандарды қайта қалпына келтіруге де қажет. Оның айтуынша, қазіргі таңда 218 мемлекеттік және бар болғаны 29 жекеменшік питомниктер көшеттерді дайындаумен айналысады.

Жеке орман шаруашылығын дамытуды белсенді енгізуіміз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынын нақты қолдау механизмін енгізу өте өзекті. Аталған институтты енгізу орман алқаптарын ұлғайтуға ықпал етіп, питомниктер пайда болып орман бизнесін дамытуға серпін береді. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, көгалдандыру жұмыстары қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі және экологиялық ахуал жақсара түседі, - деп түсіндірді ол.