Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:36, 08 Ақпан 2024

Мемлекет атасы Назарбаев емес, Бөкейхан

Сұлтан Хан Аққұлұлы
Фото:

Әзіл-шынын араластырып айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевқа «мемлекетті басқаруға болмайды» деген ескерткіш орнату керек еді. Ол өзі билік басында отырғанда көрші ел президентімен кездесуде мынадай аңыз айтқаны бар: Рим императоры Калигула «көзім тірі тұрғанда маған ескерткіш орнатпаңдар» депті. Бұл аңызды ол «мен де тірі тұрғанымда өзіме ескерткіш қойылғанын қаламаймын» дегенді меңзеп айтқан.

Бірақ кейін осы сөзін жоққа шығарып, билікте отырғанда өзіне бірнеше ескерткіш орнатуға жол берді. Тіпті көшелерге оның аты беріле бастады. Қазір кез келген облыс орталығы мен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда ең үлкен даңғыл Назарбаевтың атымен аталады. Сталин кезінен келе жатқан сипаттамамен айтқанда, бұл таза жеке басқа табынушылық болды. Ол билік басында отырғанда ешкім мұндай пікір айта алмады, айтқан адам түрлі қудалауға ұшырайтын.

Ал қазір Назарбаевтың Алматыдағы, орталық мұражайдағы ескерткішін алып тастап жатыр. Мен мұны өте қисынды, табиғи құбылыс деп есептеймін. Енді Астанадағы халықаралық әуежайдан, әскери академиядан, университеттен, мектептерден атын алып тастау керек. Мұны тез арада істеу қажет. Оның бәріне қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған, шекарасын белгілеп берген Әлихан Бөкейханның есімін берген дұрыс.

Қазір Қазақстанда кім көрінгенге ескерткіш қоятын болған. Жақында Алматы қаласында Мұстафа Кемал Ататүрікке, Үндістанның тәуелсіздік алуына атсалысқан Махатма Гандиге, Астанада Францияның бұрынғы президенті, генерал Шарль де Голльға, Алматы мен Астанада Битлз деген әншілер тобына ескерткіш қойылды. Қаттырақ айтқанда, ит пен құсқа да ескерткіш қойылып жатыр.

Кеңестік жалған идеология бойынша қазақ мемлекетін 1920-жылдары коммунистер құрды. Бірақ шындығында 1917 жылы желтоқсанда Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары бұрынғы қазақ хандығының орнына заманауи қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Демек, қазақ мемлекетінің құрылғанына биыл 107 жыл толды. Осы елдің атасы саналатын Әлихан Бөкейханға және оның серіктеріне лайықты ескерткіш орнатылған жоқ. Назарбаев билікте отырғанда Әлихан Бөкейханды Астана қаласына жақындатпауға тырысты. Сол мақсатта 2016 жылы Әлекеңнің 150 жылдық мерейтойына мемлекеттік бюджеттен бір тиын бөлмеді.

Назарбаев биліктен кетсе де сол саясат әлі жалғасып жатыр. Ақпарат құралдарында Алаш қайраткерлері туралы көп жазуға, көп көрсетуге болмайды. Әсіресе Әлихан Бөкейхан туралы лайықты үгіт-насихат жүргізілмей келе жатыр. Әлиханның 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында тойлауға қарсы болды. Өйткені Назарбаев қолдан жасалған ұлт көсемі деген атына көлеңке түсуінен қорықты. Себебі бұл мемлекеттің қабырғасын қалаған мемлекет атасы Нұрсұлтан Назарбаев емес, Әлихан Бөкейхан екенін жұрттың бәрі жақсы біледі.

Негізі 32 жылдық тәуелсіздік тарихымыздың шынайы бағасы тағы бір 50 жылдан кейін беріледі. Қазір нақты, объективті баға айтылған жоқ. Ал Назарбаев ескерткішін құлату – халықтың ішінде құса болып жатқан ашу-ызасының көрінісі деуге болады. Биліктің жұрты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған саясатына наразылығы, қарсылығы деп түсіну қажет.

Ескерткіш қою керек болса, қазақ тілінің бүгінгі мәдениетін қалыптастырған Ахмет Байтұрсынұлына, Әлихан Бөкейханның ең жақын серігі, Алаш Орда үкіметінің ең жауапты қызметін атқарған Міржақып Дулатұлына қою керек. Бұл ұлттық идеологияны қалыптастыруға да үлкен септігін тигізеді.

Сұлтан Хан Аққұлұлы, алаштанушы