Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму көрсеткіштерімен танысты.
Кездесу барысында қала әкімі Президентке Астананың негізгі даму бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде елордада негізгі экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде тұрақты өсім байқалады.
Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың алғашқы төрт айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 588 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары. Инвестициялар өңдеу өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауда және логистика салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.
Президентке қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да ақпарат берілді. Қала әкімінің мәліметінше, бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толыққанды жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар жолаушылар ағынын арттыру және көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталып жатыр.
Кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары Астанада 44 жаңа мектеп салынған. Алдағы жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымын пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада екі оқушылар сарайы мен алты балабақша ашылады.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін елордада екі перинаталдық орталықтың, көпбейінді аурухананың және заманауи диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады.
Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және Smart City тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы жұмыстар туралы да баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылы қала бойынша 173 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 1,1 миллион түп жасыл желек отырғызу көзделген.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың даму қарқынына оң баға беріп, Астананы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Президент әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру және инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті.