Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:38

Мен адамнан қорықпаймын, әділетсіздіктен қорқамын

1
Фото: Жас Алаш коллаж

Алматы облысының Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды.

 Әділдік талап етіп жатқандар өте көп. Жасөспірімнің өліміне «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының қатысы бары айтылып жатыр. Арадан көп өтпей, марқұмның үйін де әлдекімдер өртеп жіберді.  Біз марқұм Шерзат Болаттың әкесі және әпкесімен арнайы үйіне барып сөйлестік. Желіде желдей есіп, аты аталып жүрген Хасан, Ержан дегендердің кім екенін марқұмның отбасы мүшелерінің өздері айтсын.

Қаржаубай Нұрымов
Фото: Жас Алаш

Қаржаубай Нұрымов, Шерзат Болаттың әкесі: Балам «аға-папа» деп айқайлады

Қақтығыс 3 қазан күні түнгі 23:26 кезінде басталды. Бұл дүкенге кешкісін ғана баратынмын. Күндіз жолдасым, қарындасым, бауырым болады. Олар бір жерге баратын болып, менен сұрады. Кешкісін келіп, дүкенді жабайын дегенмін. Сол уақытта екі жігіт кіріп келді. Бет-әлпетіне қарасам, бірі жас, бірі үлкендеу екен. Үлкені мені әңгімеге тартты. Дүкенді қашан аштың, қай жерде жұмыс істейсің, қанша табыс табасың деген сияқты әңгімелер болды. Содан соң ол шығып кетті де, жас жігіт қалып қойды. Ол сыра сұрады. «Жігіттер, дүкен жабылды. Түнгі он бірге дейін ғана істейді» деген едім. «Жоқ, сыра бер» деп көнбей қойды. Қанша түсіндіріп айтсам да болмады. Сосын сұрағанын бердім. «Ақшасын аудардым» дегенде күлдім де, «бауырым, ақша аударған жоқсың, айып етпе, төлей сал» дедім. Ол төлегенін айтып, жалған чек көрсетті. Дүкенде терминал тұр ғой, соны нұсқап, «ақша түссе мына жерден көрінеді» дедім де, бәлесінен аулақ деп, ол жігітті шығарып салғым келді. Бір кезде «телефонымды қуаттап бер» деді. Дүкенді жабам дегенше, 5 минутқа қоюға келістім. Кассаны жауып, ертеңге қажетті тауарларды түгендеп жатқанда балам кіріп келді. Негізі балам кешкісін дүкенге мүлдем келмейтін. Келген себебі – қарындасым телефон қуаттағышын ұмытып кетіпті. Соны алып кетуге келіпті. Сол кезде мен де жас жігіттің телефонын бердім. Телефонын алып, темекі сұрады. Адам шаршап тұрған кезде келіп алып тегіннен тегін ананы-мынаны сұрап тұрғасын бәле іздегенін білдім. Бірақ темікі де бердім. Балам ана жігітпен сөзге келіп қалғанымызды көріп қалды. Жас жігіт дүкеннен шыққан кезде оған ілесіп, ұлым да шықты. Мен де іле-шала ізінен шықтым. Жас жігіт баламды балағаттап, намысына тиетін сөздер айтып жіберіпті. Жас бала ғой. Ұлымнан сұрасам, «шешемнен боқтады және сізге тиісіп тұр ғой» деді. Сөздеріне шыдамаған Шерзат оны, осылайша, ұрып жіберген.

Дәл сол кезде мен де шыға келдім. Бәрі видеода көрініп тұр. Екеуін ажыратып алдым. Жас жігіттің мұрнынан қан ақты. Телефонын алып әлдекімдерге қоңырау шалды. Мен оған барып: «Бауырым, ешкімге хабарласпа, жігітсің ғой, жігітше шешейік» дедім де, дүкеннен су алып шығып, бетін жудым. Оған Шерзаттың әкесі екенімді, балама өзім жауап беретінімді айттым. «Өзіңдікі де дұрыс емес, келіп алдың да біресе сыра, біресе темекі, біресе телефон дедің. Баланы боқтап тұрсың. Бір жағынан қарасаң, сенікі дұрыс емес» деп түсіндірдім. Бетін жуып бола сала ол біреуді шақырды.

Golf III көлігімен екі жігіт келді. Нұрбол дегені «Хутордың жігітімін, Талғардың барлық жағдайына мен жауап беремін. Мені танымайсың ба?» деді. Оған танымайтынымды айттым. Ол ашулана бастады. Бұл уақытта балаға көлігімді беріп, үйге қайтарып жібергенмін. Сосын Нұрболмен сөйлестім. «Балада шаруаларың болмасын. Әкесімін, өзім жауап беремін. Не істейін? Ауруханаға апар десеңдер апарайын. Емдетейін, болмаса ақшасын берейін. Ішем-жеймін десеңдер кафеге апарайын. Бейбіт түрде тарайық, төбелеспейік. Бір қазақтың баласымыз. Балам сендерден 10 жас кіші, ұят болады» дедім. Бір кезде қол алысып келістік. Сосын «жас жігіт сауықсын, есін жиғасын не айтады қолымнан келгенше жасап беремін» дедім. «Жарайды, аға» деді де кетті. Бірақ көп өтпей қайтып келді де, «шот төлеймін» деп дүкенге алып кірді. Жас жігіттің алған заттарын төлегесін бір кезде ашуланып, маған пышақ көрсетті. Бұлар камераға түспей қалуы мүмкін. Бірақ қолында пышақ болды. Суық қарумен қорқытқысы келді. Сосын сыртқа алып шықтым да «нақты саған не керек. Түсіндіріп айттым, түсінбедіңдер. Егер болмайтын болса мен онымен төбелесейін, менен қорықса баламмен шықсын. Ол да болмайды десеңдер, екеуміз жекпе-жек төбелесейік. Болмаса, мені ұр» дедім. Сосын ашуланғанымды көріп, сабасына түсіп, алдымен кетпекші болды. Мен дүкенге кіріп кеткен едім ол бір жігіттерді телефонмен хабарласып, шақырды. Hyundai Accent-пен жігіттер келді. Осындай қарбалас уақытта інім де келіп қалды. Ол маған «бұл жігіттерді танимын. Қатарласпыз, өзім сөйлесемін» деді. Дәл сол кезде акценттегі жігіт жиналғандарға «соғыңдар» деп бұйырды. Ол жігіт қысқаша ғана өзін «Шика» деп таныстырды. Ең үлкені сол екен деп топшыладым.

Бір кезде бірнеше жігіт дүкенге кіріп кетті, мен олардың іздерінен кірдім. Төбелес болатынын біліп, полицияға хабарластым. Сол уақытта біреудің сыртта құлаған дыбысын естідім. Сыртқа қарай жүгіріп едім, бір жігіт қолында пышағы бар, сыртқа шығармады. Бірақ оған да қарамай шығып кетіп едім, біреуі бетімнен бөтелкемен ұрды. Орнымнан тұрып жатқан кезде арқама бір затты тықпақшы болып жатқанын байқап, жолдың арғы бетіне секіріп өтіп кеттім. Жолды айналып келсем жанжал болып жатқан жерге аяқастынан анам, жолдасым келіп қапты. Көліктердің бірі келіп, бірі кетіп жатқанын көрген таныстар айтыпты. Бір жігітте ғана пышақ бар екенін көзім шалды. Соны өзіме қарай тартып, кеңдеу жерге алып шығуға тырыстым. Сөйтіп жатқан кезде мылтықтың даусы шықты. «Ат-ат» деп жатқанын естіп қалдым. Кімнің қолында мылтық барын, кім алып келгенін нақты көрмедім. Бірақ мылтық маған қарай атылды. Жанымдағы көліктің терезесіне тиді. Сол кезде акценттегі жігіт көлігіне отырып кетіп бара жатты. Мен де балама «қаш» деп үлгердім. Інім Нұрғанат та біреулермен алысып жатты. Балам «аға-папа» деп айқайлады. Бірақ мен жетіп барам дегенше пышақтап, мылтықпен ұрып жатты. Мен де Нұрғанатты ұрып жатқан біреуін итеріп жібердім. Қазір сізге мұның бәрін толық баяндап бере алмаймын. Есімде қалғаны осы оқиғалар.

Шерзат Болат қаза тапқан дүкен
Шерзат Болат қаза тапқан дүкенге адамдар плакат іліп, жоқтау сөздерін жазып кетіп жатыр. Фото: Жас Алаш

«Бала әкесі үшін емес, әке әр баласы үшін жауап береді»

Тергеу басталған кезде аудандық ішкі істер басқармасына көңілім толмады. Себебі олар балам қаза тапқасын түн жарымда шақырып алып, «сенің үстіңнен шағым түсті. Біреулердің үйіне барыпсың» деді. Мен ешкімге бармайтынымды, кек алмайтынымды түсіндіріп айттым. «Әділетті түрде сотпен, заңмен» шешемін дедім. Оларға «акцентпен келген жігітті іздеп жатырмын. Дүкендегі видеоны сіздер алып кеттіңдер, сол қайда» десем, «ол жоқ» деп айтты. Ашуланып кеттім. Шындығында баламды өлтіргендердің үйіне барған жоқ едім. Досымды жібердім. Оның да әкесі бар сөйлесейік деп ойлағам. Бала әкесі үшін емес, әке әр баласы үшін жауап береді. Бар ойым сөйлесу ғана болған. Үйге тыныштық беруін сұрағым келген. Себебі Хутордың жігіттері бейіт басына барыпты. Халықпен бірге жаназаға келіп, видеоға түсіріп жүр екен.

«Талғардағы полицияның 70-80 пайыз қызметкері Хутордың жігіттері»

Марқұм Салтанаттың ағасы көмек беріп жатыр. Тегін қорғаушылар көмекке келіп, іс жүрді. Балам қаза тапқан 4 қазаннан бері бізді тергеу мәселелеріне қатысты ешкім іздемеді. Әлеуметтік желіден көріп жатқан шығарсыздар, әкім де, прокурор да қандай қылмыс болғанын білмейді. Аудандық ішкі істер басқармасының қылмысты жасырғысы келетін себебі – басқарманың 70-80 пайыз қызметкері Хутордың жігіттері. Баламды ұрған жігіттердің де туыстары полиция қызметкері. Нақты ешкімге жала жаппаймын, бірақ «төбелесті баста» деп бұйырған жігіт те құқық қорғау органында жұмыс істейді. Жетеуі ұсталып, қалған төртеуінің ұсталмай жатқаны да сол себепті. Ал екі әйел куәгер ретінде жүреді, үстінен қылмыстық іс қозғалмайды. Бұған менің көңілім толмады. Меніңше, тергеу дұрыс жүрмей жатыр.

Хасанның жігіттері деген кімдер?

Біреулер бұлардың Хасанның жігіттері екенін айтады. Оның өзін нақты танымаймын. Бірақ Талғарға қарайды, бандиттерді реттейді, біреулерге ақша береді дейтінді естуім бар. Қысқаша айтқанда, барлығын сол шешеді екен. Оның ағасы Талғардағы әкімдікте жұмыс істейді. Талғардағы дүкендер, ресторандар соларға «отметкада» отыр екен. Дүкенге келген кезінде де олар менің жедел жәрдемде жұмыс істейтінімді біліп алған. Басында маған ескертті. «Біреулер келеді, сұрағанын бер» деген. Мен де «келсе сұрағанын беремін» деп келіскенмін. Бірақ далаға жүгіріп шығып, «сен аласың ба?» деп сұрамаймын ғой. Берем дегенде де, біреуге бірдеңе беретіндей жағдайда емеспін. Талғарда дүкен, кафе ашсаң келіп ақша сұрайтындар бар дейді. Талғарда әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН), прокуратура, аудандық ішкі істер басқармасы құрдымға кеткен. Бұл жерден әділдік ала алмаймыз. Талғардағы полицияның өзі жемқорлыққа әбден бейімделіп алған. Қарапайым халықтың жағдайы оларға қызық емес. Неге десеңіз, Хутордың жігіттері жылда адам өлтіреді. Мен баламның ғана жағдайын айтқым келеді. Бірақ үйге адамдар келіп жатыр. Тапа-тал түсте біреудің көзін ойып алған, біреуді атып тастаған, бірнеше қызды зорлаған деген оқиғаларды естіп жатырмыз. Хуторда бұндай жағдай жиі болып тұрады. Бала кезден білеміз, Хутордың жігіттерінен бәрі қорқады. Себебі олар шакал сияқты бірден пышақ салады, жабылады. Кейін жаза болмайтынын, ақшамен шешетінін біліп, солай істейді. Себебі олардың артында әкімдікте болсын, басқа жерде болсын, тіреулері бар. Мені қорқады деп айтады, мен ешкімнен қорықпаймын.

«Түрмеден Еркош звондады»

Менің тікелей туыстарыма емес, маған бейтаныс нөмірлерден қоңырау шалады. Жаназа кезінде біреулер үйге келеді. Көбін танымайсың. Сондай кезде заңгердің көмекшісі едім деп телефонды берді. «Түрмеден Еркош деген боламын, сол жігіттердің ағасымын. Тыныш жүр» деді. Мен оған соңына дейін баратынымды, бұл іске араласпауын айттым. Кейіннен жаназа кезінде бір жігіттер келді. Көңіл айтқан сияқты болып сөйлесті. Олар да Хутордың жігіттері екен. Қорқытуға келіпті. Кейін мені бейіт басына алып барды да, «балаңның жанынан өзіңе де орын қазып дайындап қой» деп ескертіп айтып кетті. Ал мен оларға «қан төгілгенін қаламаймын, сендерден қорықпаймын. Бұлай жалғаса беретін болса, қан төгіледі» дедім. Маған қазір арандатуға алданбау керек. Әділетті шешім болады деп күтіп отырмын. Қазақ елі мені қолдап отыр.

Тергеу жұмысына қатысты нақты іс жүріп жатқан жоқ. Басында үш тергеуші тағайындалған екен. Оның біреуі Талғардікі. Бірақ мен оған қарсы болдым. Тергеушілерді танымаймын. Ал Талғардың полициясы марқұм баламның сыныптастарын қорқытып, алып кетпекші болып, қысым жасап жатыр екен. Олардың әке-шешелері маған хабарласты. Хюндай акценттегі жігітті өзіміз іздеп жатырмыз. Себебі полиция оны іздеп жатқан жоқ. Ол ұсталған жігіттердің арасында жоқ. Президенттен сұрайтыным, әділ шешім. Халық қай жағынан болса да көмек беріп жатыр. Басымды иіп, рақмет айтамын. Мен әділдік үшін соңына дейін барамын.

Перизат Нұрымова
Фото:Жас Алаш

Перизат Нұрымова, марқұм Шерзат болаттың әпкесі: Полицияның берген уәделерінің бірі де орындалмады

Сырт тараптан қысым болып жатыр. Бірақ дәл кім екенін білмеймін. Қазадан кейін түнгі 03:20-да Талғар қаласына көлікпен кіріп келе жатқанда арт жақтан көліктің шырағын өшіріп-жағып біреулер белгі берді. Жанымда жолдасым бар еді. Оған жылдамдықты арттыруды сұрадым. Арттағы екі көлік сонда да ізімізден қалмай қойды. Ауылға кіреберістегі аркада бақылау камерасы бар болатын. Сол жерге жақындағанда қалып қойды. Олар жай ғана шырағын өшіріп-жағып, белгі беріп қана қойған жоқ. Көліктің нөмірі де болмады. Артымыздан біреуі қысып, екіншісі жанымызда қатарласып жүріп, бізді жолдан шығарғысы келді. Анонимді адамдар ағаңның, жеңгеңнің нөмірін бер деп қоңырау шалды.

Тергеу жұмыстарына да көңіл толмайды. Себебі әлі басталған жоқ. Біресе анам талып, біресе әкем талып, қала берді бауырым пышақталып, үйде жатыр. Солардың арасында жүгіріп, қорғаушы іздеуге уақыт жоғалтып алдық. Бала қаза тапқан күннің ертеңіне аудандық ішкі істер басқармасын «біз не істейік, арғы қадам қалай болсын, қорғаушы іздей берейік пе?» деп сұрағанымызда, ішкі істер басқармасының бастығы «ой, сіздер асықпаңыздар. Бәрі ұсталып жатыр» деп арқамнан қағып, шығарып салған. Былай қарап тұрсаң форма киіп, ант берген үлкен азамат. Соған сеніп қалдық. Сөйтіп жүріп уақыт жоғалттық. Қазір кінәлілерді тергеп жатқан шығар. Өткенде бізге «бұларды МВД-ға ауыстырамыз, екі қызды қамаймыз» деп уәде берген еді. Олардың бірі де орындалған жоқ.

«Менің жеке талабым – әкімді орнынан алып тастасын»

Қазір көбі «телефонмен түсіргенше көмек бермей ме?» деп айтып жатыр. Сол адамдар қорықса да бір телефонмен видеоға түсіріп, екіншісімен полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан. Солардың видеосы болмаса, біз ештеңені дәлелдей алмайтын едік. Ағам төбелес басталмай тұрып полицияға хабарласқан. Жүрегі сезген болу керек. Сол адамдар 24 сағаттық кезекшілікке шықты ғой, біреуі болмаса, басқасы телефон тұтқасын көтергенде бұлай болмас еді. Баланың өлімі жарты сағатта болды. Сол азғантай уақытта жанжал, төбелес болып, бітіп қалған. Олар біз хабарласқанда келгенде, мигалканың даусынан жігіттер қашып кететін. Бала өлмейтін еді. Менің жеке талабым – әкімді орнынан алып тастасын. Аудандық ішкі істер басқармасының, жедел жәрдем басшылары қызметінен кетсін. Олар уақытында қызметін толық атқармайтын болса, жұмыс істеп неге керек. «10 минутта келді» деп айтып жатыр. Бізге олардың барлық трагедия біткеннен кейін келгені не керек?! Кино түсіріп жатырмыз ба?! Бір-екі күнде өзім эксперимент жасап көремін. Маған сол дүкеннің алдында тұрып бір адам қоңырау шалады, мен ішкі істер басқармасында отырып дүкеннің алдына қанша уақытта бара алатынымды тексеремін. Біздің дүкен 10 минуттық жер емес. Олардың жедел қызмет кезінде жылдамдығын арттыруға рұқсаты бар. Бәлкім, асықпай, жаяу келген шығар.

«Айуанның өзі мұндай істей алмайды»

Акценттегі жігіттің өзі полиция қызметкері деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ оның толық аты-жөнін ешкім білмейді. Бізде таппай жатырмыз. «Шина» деген лақап аты ғана белгілі. Шыңғыс дегенді ұстадық дейді. Оның ішінде Шыңғыс, Абзал, Нұрқияс деген балалардан бөлек, акцентпен келген жігіт болды. Біз сол жігітті тауып бер десек, «ондай азамат жоқ» деп, өзімізді алдаусыратып, ақымақ қылғысы келеді. Егер адал қызметтегі адамдар болса, ұстап беретін еді. Өздері істі жүргізе алмады, жапқысы келді. Бұлардың балалары жоқ па? Бұл кісілердің аналары жоқ па деген сұрақ мені мазалайды. Бұлар қалай адаммын, айуаннан өзгемін деп жүре алады. Бұлардың санасы мен түйсігі айуандықты жасап тұр. Айуанның өзі мұндай істей алмайды. Бұларды малға теңей алмаймын. Себебі малдың сүтін ішесің, етін жейсің, адалынан соясың. Ол да адамға көмек. Мұндай адамдарды малға теңеудің өзі дұрыс емес. Бұлар киіп жүрген формаларының қадір-қасиетін білмейтін адамдар. Неге барлық адам полиция болып кетпейді, неге барлық адам жедел жәрдемде істемейді? Сол білімді олар не үшін алды? Полиция қызметкерінің тоқсан пайызы ерлер. Ол кісілер қалай үйіне барып, балаларының бетіне әкемін деп қарайды? Қанішерлер мен жауыздарды қорғап, тамақ тасып жүрсе, балаларына қандай өнеге көрсетеді?

Перизат Нұрымова
Фото: Жас Алаш

«Шерзатты анасының құшағында пышақтады»

Сол күні түнде маған 00:20-да Шерзат «бізге біреулер тиісіп жатыр» деп хабарласты. Дүкенге келсем, бәрі бітіп кетіпті. Анам есеңгіреп отыр екен. Бір ғана патруль полициясы келіпті. Жалғыз өзі не істей алады. Жұмысының салғырттығы ғой. Пышақ жарақаты дегенді біліп тұрып, жедел жәрдеммен бір қызметкер келіпті. Бұл сауаты жетпейтін, өз жұмысын атқара алмайтындардың тірлігі. Пышақ жарақаты деп мәлімет берілгеннен соң да жай дәрігерлер келген. Олар не істей алады. Уақытында олар келсе, бауырым тірі қалар еді.

Шерзаттың бала екені түрі айтып тұр ғой. Мынаған не деп келеміз деп ойламады ма екен?! Видеодан да көрген шығарсыздар. Бірінші пышақты ұрады, кірмей қалады. Екінші рет ұрғанда жүрекке кіреді. Үшінші рет арқадан ұрғанда жай ұрмай, пышақты көтеріп жіберген. Яғни баланы өлсін деп әдейі істеп тұр. Жаны шықсын деген. Жыртқыштар олжасын тістеп алып сүйрейді ғой, дәл сол сияқты пышақты тығып, көтеріп жіберіп тұр. Сойғанмен бірдей. Мұны олар Шерзат анасының құшағында кезде істеген. Видеодан көрсеңіздер, бала қашып келе жатып бір пышақ кірген кезде құлаған. Ол бір пышақ кіргеннен өлмейтін еді. Шерзат анасының құшағына келіп құлағанда екінші пышақты арқадан, өкпе тұсынан ұрады. Одан кейін де тоқтамай, мылтықтың дүмімен басынан ұрады. Бірінші соққыны анасы қолымен қағып жібереді. Екінші соққы Шерзаттың басына тиеді. Сол кезде баланың аузынан қан кеткен...

P.S. Марқұм Шерзат Болаттың отбасынан алған сұхбатымыз газет бетіне ықшамдалып берілді. Арнайы репортажымыздағы сұхбат толықтай Jas Аlash Youtube арнасында жарияланды. 

Жазып алған Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: