Руханият

Мен саған ең асыл арманымды әкелдім...

Адамзат жаратылғалы бері кешкен ғұмыры мен өткен тарихы ұрпақтан-ұрпаққа белгілі бір ырғаққа түсіріліп, әуендетіп, ұйқастырылып айтылған деседі.

1

Сол үшін де поэзияны, өлеңді жазудан бұрын пайда болған өнерге балаймыз. Мың қатпарлы адам жанының иірімдерін дөп басып, күллі адамзаттың қасіреті мен қасиетін ақтарған «саф» өнердің бүгінге дейін өлмей не өшпей келе жатқаны оның қуаты мен құдіретінен хабар берсе керек. Өлеңнің бір аты «жастық» па дерсің?! Әйтеуір, өлең десе, жас ақындардың елдің түкпір-түкпірінен кеп бас қосатын жыр мүшәйралары мен поэзия кештері еске түседі. Жақында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған поэзия фестивалі өтті. Берел ауылындағы «Патшалар жазығының» құшағында ақындар шұрқырасып, Катон-Қарағайда басқосты, бірнеше күн қатарынан Алтай тауларын жыр кернеді. «Жас Алаш» оқырмандарына поэзия фестиваліне қатысқан ақындардың өлеңдерін бір топтама ретінде ұсынуды жөн көрді.

 

Ербол АЛШЫНБАЙ

Берел

Бедерлі Алтай бебеулі жолдың ұшында,

Мың жылғы рухтар түнеген аңғар.

Сөйлесе таулар көкірегімнің тұсында,

Өзіңе қарай тартады сан тарау жолдар.

Арғымақ мініп аспанға кеткен оғлан,

Уақытты көктей өтіп сағынып келер.

Он үш жылқының жалындай төгілген орман,

Қаһарлы ерлердің мәңгілік мекені Берел.

Он үш жылқының деміндей тарап,

Аруақты сөздер ақынның жырына көшіп.

Алапат шайқастар ұраны сіңген алап,

Ұлы түркіні тербеткен бесік.

Қоңыр жонда керілген арландай маңғаз,

Арғымақ тұлпар астында қаншырдай жарап.

Тұрған секілді сауытты сарбаз

Бұқтырма астына шөккен қалаға қарап.

Бөрілі тудай желбірер бір заман келер,

Ерлерге тағзым бөрідей атағы шулы.

Мұзтаудың мәңгі қарындай суықсың Берел,

Ыстықсың және қазақтың қаһары сынды.

 

Әскерхан АҚТАЙ

ЖОРҒА ЖЫР

Толғау

Ай, сенде де бір мұң бар
Жарығың бұлттан өтпейді.
Жұлдыздарда бір мін бар,
Сәулесін жерге төкпейді.
Қарашада кірбің бар,
Ханға сөзі жетпейді.
Аласада бір мұң бар,
Биіктік бойын шектейді....

Төбеде төре болмаса,
Төр болғаны не керек,
Бетегесі болмаса,
Бел болғаны не керек.
Азаттығы болмаса,
Ел болғаны не керек.
Қаз, аққуы қонбаса,
Көл болғаны не керек.

Қара судың бетінде
Қалқып алар қаймақ жоқ.
Хас шебердің қолында
Ою бар да оймақ жоқ.
Қаймана жұртта бір мін бар,
Ашу бар да айбат жоқ,
Азаматқа қарасам,
Айла бар да айбат жоқ...

Жаманнан туған жақсы бар,
Топта сөзді бастаған.
Жақсыдан туған жаман бар,
Ошақтан ойы аспаған.
Аруда да ару бар,
Етегін жел ашпаған...
Жақсы жігіт белгісі
Қасірет, қайғы көрседе,
Қайыспаған, қашпаған.
Сабаздықтың белгісі
Сабырлы көл секілді,
Сабасынан аспаған...

Шыңға жалғыз шықпаңыз,
Құздың шеті жар болар,
Қарашаның белгісі
Қапалай жауған қар болар.
Адамдықтың белгісі,
Ұятпенен ар болар.
Сыңсығаны қурайдың,
Сыбызғы күйі зар болар.

Алты айшылық асулар,
Атанның белін талдырар.
Жаман болса туғаның,
Жақынын жұртта қалдырар.
Іскерліктің белгісі,
Тақыр жерді тау қылар,
Жақсы әйелдің белгісі,
Жоқ нәрсені бар қылар.

Алтын айдар Алты Алаш
Алла бізге жар болсын.
Жағалай қонсаң жайлауың,
Жағасы қайың, тал болсын.
Жазиралы қонысың,
Жайылған түлік мал болсын.
Жесең асың алдыңда,
Жая менен жал болсын.
Ішсең сусын қандырар,
Қымызбенен бал болсын.
Алдыңнан атқан таң болсын,
Бәрі бізде бар болсын!
Әумин!

 

Ділдә УӘЛИБЕК

Аппақ дүние

«Не деген тамылжыған дүние – аппақ дүние»

О.Бөкей

****

Бұл жақта

қулық пен сұмдыққа орын жоқ секілді,

жамандық атаулы қысылар қарадай.

Күншілдік,

күпірлік,

кесірлік не түрлі, –

Аластап алады арша мен қарағай.

Бәрі – аппақ:

Күн-түні, көлеңке-күнгейі, тасасы.

Дүние тек ақтан тұрады!

Сенесің.

Көңіліңде кір бардай жасқана басасың.

Кірлетіп алам деп қорқақтай бересің.

Бұл жақта

уақыт та басқаша сырғитын секілді,

барлығы – бір саты жоғары,

барлығы – бір қадам ілгері.

Қызылды-жасылды жаулаған есіңді,

Түкке де татымас дүниенің дүрмегі.

Құстардың сыбыры,

көк шөптің суылы,

Күдері жадағай қылқаны бойлайды өр,

Алтайдың тұғыры, мұнартқан Мұзтауды

көр-дағы,

Ал ақын болмай көр!

Бұл жақта

ең ізгі, аяулы, жеткізбес арманың

маңдайға тағдыр боп жазыла салардай.

Кіршіксіз дұғадай бозала таңдарын

көр-дағы,

көр енді тазармай!

Ақ марал алдымда жол бастап келеді,

тек маған көрінер,

мүйізі – алтыннан.

Мен саған ең асыл арманымды әкелдім,

Ақшаңқан өр Мұзтау сұр бұлттан аршылған.

 

Оразай ЖЕҢІСҰЛЫ

ТЕҢБІЛКӨК

«...Сүйек бүтін. Жара жазылды. 
Әйткенмен... әуелгі, тума кебімді ұмыта алмайды екенмін.» 

М. Мағауин
«Кесік бас – тірі тұлып»

***

Шайқы ғасыр шайқап өтті мені де,
Қапияда құйылғандай құмға арай.
Өріктінің өзеуреген деміне,
Өліктерін иіскеткен жылдар-ай!

Құлағымда қоңыр зарлық жел еді.
«Өткеніңнің қасіреті менмін», – деп...
Түсімде ылғи Алтай асып келеді,
Құйрық-жалы қан-қан болған Теңбілкөк.

Кісінесе көкірегі жыртылып,
Нырау тартқан алакөңіл мендегі.
Ұстамақ ем шылбырына ұмтылып,
Қоңыр-қоңыр тағы дертім меңдеді.

Көп өксиді, көп өксиді жануар,
Мұңы, Зары көз жасынан бұрқырап
Кәрі Алтайдың, бабаларға саруар,
Шым-шым ғана сүйектері сырқырап,

Өтті деймін тым үрейлі бал ашып,
Жыны қашқан бақсы-бұлттар басынан.
Қасірет-ай!...
Қанға толған қарашық,
Теріп алып жүрмін жылқы жасынан.

Таушымылдық гүлдеп жылқы жасынан,
Қан мен шерін тамырына тұндырған.
Рухым-ай! Ұры ажалдан жасыған.
Рухым-ай, сүйретілген шылбырға!

Содан бері ... айтқым келіп көпке сын,
Томағалау тарта берем өңімде.
Кісілігім кері кетіп біткесін,
Кісінегім келетіндей менің де.

«Осы күнім өр басыма салық» деп,
Тірі тұлыпқа айналғанда мен бір күн,
Мінгіз дағы Алтай асып алып кет,
Теңбілдім-ай! Теңбілдім-ай!
Теңбілдім!

Тегтер: поэзия
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз