«Менің ғажайып әлемім»: Ұлттық музейде Гүлфарида Жаниярованың жеке көрмесі ашылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде суретші-иллюстратор, дизайнер, театр костюмдерінің суретшісі әрі авторлық қуыршақ шебері Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме қазақстандық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердің дамуына үлес қосып жүрген суретшінің көпжылдық шығармашылық ізденістерін көпшілікке таныстыруға арналды. Экспозицияда автордың кескіндеме туындылары мен қолмен жасалған авторлық қуыршақтары қатар ұсынылып, келушілерге суретшінің шығармашылық әлемін жан-жақты тануға мүмкіндік берді.
Көрме екі түрлі өнер бағытын – кескіндеме мен авторлық қуыршақ жасауды бір арнаға тоғыстырғанымен ерекшеленеді. Экспозицияда табиғат көріністері, гүлдер әлемі, ұлттық мәдениет пен қазақы болмыстан шабыт алған шығармалар, сондай-ақ қиял мен көркемдік шешімге құрылған ерекше бейнелер қойылды. Әрбір жұмыс автордың дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және нәзік эстетикалық талғамын айқын көрсетеді.
Келушілер назарына «Калла гүлдері», «Қызыл тұңғиықтар», «Қызыл раушандар», «Сары ирис гүлдері», «Күнбағыстар» сияқты табиғаттың әсемдігін бейнелейтін шығармалармен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық киім үлгілері мен тұрмыс-тіршілігін арқау еткен көркем туындылар ұсынылды. Суретшінің туындыларында ұлттық нақыш пен заманауи көркемдік тәсілдер үйлесім тауып, дәстүр мен бүгінгі өнердің сабақтастығы көрініс тапқан.
Гүлфарида Жаниярованың шығармашылық жолы театр өнерімен тығыз байланысты. Театр саласында жинаған тәжірибесі оның композициялық шешімдеріне, образ жасаудағы шеберлігіне және көркемдік қолтаңбасының қалыптасуына үлкен әсер етті. Бүгінде ол Қазақстандағы авторлық қуыршақ өнерінің танымал өкілдерінің бірі саналады. Сонымен қатар, Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының мүшесі атанған алғашқы қазақстандық шебер ретінде оның еңбектері әлемнің әртүрлі елдерінде ұйымдастырылған көрмелерде бірнеше рет таныстырылып, шетелдік өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды.
Экспозиция аясында барлығы 50 кескіндеме туындысы мен 20 авторлық қуыршақ қойылды. Авторлық қуыршақтардың әрқайсысы өзіндік мінезімен, ерекше пластикасымен және көркемдік шешімімен дараланып, келушілердің қызығушылығын тудырды. Ал кескіндеме туындылары түстер үйлесімі мен сәндік нақышы арқылы табиғаттың әсемдігін, адамның ішкі жан дүниесін және ұлттық мәдениеттің байлығын бейнелейді.
Мұндай көрмелер отандық суретшілердің шығармашылығын кеңінен насихаттап қана қоймай, бейнелеу өнері мен сәндік-қолданбалы өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, шығармашылық индустрияны дамыту және жас буынның өнерге деген қызығушылығын қалыптастыру бағытындағы маңызды мәдени жобалардың бірі саналады. Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» көрмесі де осы мақсаттарға қызмет етіп, көрерменге өнердің сұлулығы мен рухани құндылығын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.