МИБ және ТКШ мәселелері талқыланған форум тартысты өтті
Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Құрылтай сайлауы үгіт-насихат жұмыстары барысында Меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) мәселелері жөнінде форум өткізді. Форумға ЖСДП-дан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Асхат Рахимжанов, Талгат Татиков, Мақсұт Насибулов, Аслан Кульмагамбетов, Нурлан Ауесбаев, Раушан Аубакирова, Нурия Балтабайқызы және сала сарапшылары, МИП пен ПИК (Пәтер иелерінің бірлестігі) басшылары мен партия өкілдері қатысты.
Форумда сарапқа салынған мәселелердің басында көппәтерлі үйлердің заңдық және техникалық тұрғыдағы жүктемелері, қосалқы құрылыстар мен жер телімдері және тұрғындардың құқықтары төңірегіндегі тартысты ұсыныстар ортаға салынды. Шындығында, бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп, оның күмәнді тұстары көбею үстінде. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың құқықтары шектеліп, кей жағдайда өздері пайдаланбайтын кейбір нысандар үшін төлемдер жүргізіліп отырғаны анық. Бірақ бұл жағдайды тұрғындардың көбі біле бермейтіні анық. Себебі күмәнді де көлеңкелі тұстардың тұрғындарға ашылып айтылмайтыны да анық. Осы себепті партия өкілдері мен сарапшылар кез келген азамат өзіне жеке пәтер сатып алған кезде барлық тұрғын үйдің техникалық құжатын талап етуі керектігін айтады. Рас. Пәтер сатып алған шақта азаматтардың барлығы тек қолдарына пәтердің техникалық құжатын ғана алады. Ал толық үйдің не құрылыстың техникалық құжатын сұрайтындар некен-саяқ.
Бұл мәселемен ЖСДП ұзақ уақыт айналысып келеді. Осы уақыт арасында партияда салаға төселген сарапшылар қалыптасқанын айтты форум барысында ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов.
«Азаматтарымызды, тұрғындарды қолдау, олардың мәселелерін көтеру – партиямыздың ұстанымы. Осы негізде біз алғаш рет ПИК пен МИП мәселесімен бетпе-бет келдік. Өзекті жағдайларды көріп жүрміз. Қазір қатарымыз да артып отыр. Біршама күрделі жағдайларды заңдық тұрғыдан шешуге атсалыстық. Оған белсенді азаматтарымыз қолқабыс етуде. Мен осы азаматтарды шынымен жанкешті адамдар деп айтамын. Олар жылдар бойы әділетсіздікпен күресті. Ақыр соңында жеңіске жетіп, қазір өз тұрғын үйлерінің МИБ төрағалары болып отыр. Заң бәріне ортақ. Тек сол заңның жұмыс істеуі сіздердей азаматтардың арқасында жүзеге асып отыр. Әр үй – ол жай ғана мүлік емес, ол үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті арқалап жүріп, оның күтімі мен тұрғындардың мәселесін шешу де осы төрағалардың арқасында жүзеге асып жатыр. Кез келген құрылыстағы шағын бөлменің өзінің заңдық жолы, құжаты болуы керек. Ол жай ғана салынбағаны белгілі. Ол сол үй үшін маңызды бөлме. Ал оны өзге біреу келіп сырттан иемденіп алып, білгенін жасау деген – заңды бұзу деген сөз. Сондықтан партиямыздың «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасы азаматтарымызға бағытталып отыр. Бәріне әділдік жеңетіні анық», – деді партия төрағасы Асхат Нұрмағанбетұлы.
Оның айтуынша, кез келген шағым не өтініш қараусыз қалмауы керек. Бірлестіктердің төрағалары өздерінің құзыреті жетпеген жағдайда ЖСДП өкілдері мен сарапшыларына не партия тарапынан ұсынылған заңгерлерге жүгініп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге мүмкіндігі бар. Партияның ұстанымы – кез келген жағдайда азаматтарды қолдау. Бұл тұрғыда ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат, ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов айтты.
«МИБ пен ПИК – біздің партия үшін маңызды құрылымдардың бірі. Шынын айтсам, осыдан 10-15 жыл бұрын осы мәселемен алғаш бетпе-бет келгенде жағдай өте күрделі еді. Қазір заңдық тұрғыда біршама ретке келіп қалды. Оған біздің ЖСДП-ның сіңірген еңбегі, мына сарапшылардың көмегі орасан болды. Уақыт өткен сайын санымыз көбейіп, біздің қатарға қосылушылар молайып жатыр. Осында отырған азаматтардың барлығы да өзі үшін емес, өздерінің үйлері, көршілерінің мәселесі үшін жанашыр болып жүрген азаматтар. Біз оны жақсы түсінеміз. Сондықтан да қолқабыс етуге тырысамыз. Біздің күшіміз бірлікте. Бірігіп жұмыс істеген кезде ғана кедергіні жеңеміз. Біздің сайлауалды бағдарламамызда осы МИБ, ПИК, ТКШ мәселелеріне үлкен мән берілген. Сондықтан болашақта Құрылтайда да біз сіздердің ұсыныстарыңызды ескеріп, бірге жұмыс жасайтын боламыз», – деді Мақсұт Насибулов.
Форум аясында бірлестік иелері тарапынан бірнеше сауал да қойылды. Олардың қатарында партияның сайлауалды бағдарламасындағы тұрғын үйлерге байланысты көзделген кейбір тұстар тарқатылды. Форумның келесі кезегі арнайы баяндамалармен жалғасты. Сала сарапшысы, ЖСДП-дан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат Талғат Татиков құрылыс сапасы үшін құрылыс компаниясы жауап беруі керек екенін шегелеп айтты.
«Бүгінде жаңа үй пайдалануға берілгеннен кейін оның көптеген мәселесі МИБ-тің мойнына түседі. Лифт істемейді, шатырдан су өтеді, жылу жүйесінде ақау болады, инженерлік коммуникациялар талапқа сай жасалмайды, ал техникалық құжаттар толық берілмей жатады. МИБ құрылыс компаниясының қателігін түзететін ұйым болмауы тиіс. Пәтер сатып алған азамат тек шаршы метр емес, қауіпсіз әрі сапалы үй сатып алады. Сондықтан құрылыс компаниясының жауапкершілігі үйді сатып, ақшаны алған сәтте аяқталмауы керек. Біздің бірінші позициямыз – құрылыс ақауына құрылыс салушы нақты мерзім ішінде жауап беріп, олқылықтарды өз есебінен жоюы тиіс», – деді.
Сонымен қатар сарапшы кәсіпкерлікті де шектемей қолдау мен қоса тұрғынның құқығын қорғау қатар жүруі керек дегенді де ескертті.
«Біз құрылыс бизнесіне қарсы емеспіз. Керісінше, сапалы құрылыс салатын, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің дамуына жағдай жасалуы қажет. Бірақ кәсіпкерлікті қолдау тұрғынның құқығын әлсірету есебінен болмауы тиіс. Кәсіпкердің еркіндігі мен азаматтың қауіпсіздігі арасында әділ баланс болуы керек. Осы тұрғыдан «Ақ жол» партиясына да қарапайым сұрақ туындайды: құрылыс бизнесінің мүддесін қорғаумен қатар, сапасыз үйден зардап шеккен тұрғындардың құқығын кім қорғайды? Біздің үшінші позициямыз – мемлекет құрылыс салушы мен тұрғын арасындағы жауапкершіліктің нақты әрі әділ ережесін белгілеуі керек», – деді Талғат Қайроллаұлы Татиков.
Шындығында да, сарапшы айтқандай, МИБ-ке үйді басқарумен қатар, бұрыннан қалған проблемаларды шешу міндеті жүктеліп келеді. Бұл дұрыс емес. Үй МИБ-ке берілген кезде барлық жобалық, техникалық және атқарушылық құжаттар толық тапсырылуы қажет. Ал тұрғындардың ақшасы қалай жұмсалып жатқаны ашық болуы тиіс. МИБ – жай ғана үйді басқаратын ұйым емес. Бұл – тұрғындардың өз үйіне қатысты шешім қабылдайтын өзін-өзі басқару институты. Сондықтан МИБ құрылыс компаниясының кемшіліктерін жабатын құралға айналмауы керек. Тұрғын үй – ортақ мүлік, ол тұрғындардың меншігі. Оны құрылыс салушылардың жеке пайдасына беруге болмайды, дейді сарапшы Павель Шульгин.