Мыңнан астам әйел декреттік төлемді заңсыз алған – Еңбек министрлігі
Қазақстанда декреттік төлемдерді заңсыз алу фактілері бойынша мыңнан астам әйел қылмыстық істердің фигурантына айналды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң бұзушылықтар Әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің ішкі тексерістері барысында анықталған. Вице-министрдің мәліметінше, еліміздің 13 өңірінде декреттік төлемдерді заңсыз рәсімдеу деректері бойынша 38-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
– Қазіргі уақытта бұл істер бойынша мыңнан астам әйелдің қатысы тексерілуде. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 3 миллиард теңгені құрайды. Тоғыз қылмыстық іс бойынша заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімдері шығарылды, – деді Виктория Шегай.
Ал Қаржы министрі Мәди Такиев келтірілген шығын көлемі мен қаражатты қайтару мәселесіне қатысты профильді ведомствода ішкі аудит жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның нәтижелері аяқталғаннан кейін нақты мәліметтер жарияланбақ. Министрлердің сөзінше, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларын анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.