Әлеумет

Минск азаматтарын Ресейге барудан уақытша бас тартуға шақырды

Беларусь билігі ел азаматтарына Ресейге, әсіресе Украинамен шектесетін өңірлерге сапарды уақытша шектеуді ұсынды.

Минск

 Билік мұны қауіпсіздік жағдайының күрделенуі және Брянск облысында беларусь азаматтары мінген автобустарға жасалған қайталанған шабуылдар туралы хабарлармен түсіндірді.

Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфовичтің айтуынша, Минск бұған дейін де азаматтарға Ресейдің шекаралық аймақтарына бармау жөнінде бірнеше рет ескерту жасаған.

«Біз бірнеше мәрте беларусь азаматтарына Ресейге, әсіресе шекаралық өңірлерге сапарламауға кеңес бердік. Ол жақта күн сайын дерлік дрондар құлап, түрлі төтенше оқиғалар болып жатыр. Шекаралар жабылған жоқ, бару не бармау – әркімнің өз таңдауы. Бірақ қауіп-қатерді бәрі ескеруі керек», – деді ол.

Вольфовичтің сөзінше, соңғы шабуылға ұшыраған автобус мектептің, спорт ұйымының немесе мемлекеттік мекеменің ұйымдастырған сапары емес, жеке ұйымдастырылған демалыс сапары болған. Жолаушылар Қара теңіз жағалауындағы Анапа қаласына бара жатқан.

Ол Украинадағы соғыс жалғасып жатқан жағдайда мұндай сапарлардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайтынын айтып, беларусь азаматтарына демалысты ел ішінде өткізуді ұсынды.

17 маусымда Брянск облысында Беларусьтен Геленджикке бет алған, ішінде балалар футбол командасы отырған автобусқа дрон шабуылы жасалғаны хабарланған. Автобуста 44 адам, оның ішінде 28 бала болған. Оқиға салдарынан балаларды ертіп жүрген бір әйел қаза тауып, алты адам, соның ішінде төрт бала жараланған.

Ресей мен Беларусь билігі бұл шабуыл үшін Украинаны айыптады. Алайда Украина Қарулы күштерінің Бас штабы айыптауларды жоққа шығарып, көрсетілген уақытта Брянск облысы аумағында украиналық дрондар қолданылмағанын мәлімдеді. Киев мұндай мәлімдемелерді «Кремльдің ақпараттық арандатуы» деп атады.

2 шілдеде Брянск облысында Минск–Анапа бағытымен келе жатқан тағы бір автобусқа шабуыл жасалғаны хабарланды. Беларусь Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға салдарынан екі жүргізуші мен бір жолаушы жарақат алып, Гомель облыстық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Автобустағы қалған 18 жолаушы зардап шекпеген.

Брянск облысының билігі бұл шабуыл үшін де Украинаны айыптады. Ал Украина тарапы бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз