Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 27 Қыркүйек 2024

Молдабек Жанболатұлы, этнограф, тарихшы: Дәстүр бұзылды дегеніңіз – заң бұзылды деген сөз

1

Жақында Семейге барған сапарымызда этнограф, тарихшы, шежіреші Молдабек Жанболатұлымен сұхбаттасудың реті түсті.

 Өңірдің шежіресін жинап, жиыстырып жүрген, көптеген танымдық кітаптар жазған қаламгер 88 жасқа келсе де әлі тың. Қимылы ширақ. Амандық-саулықтан соң-ақ бірден әңгімеге көшті. Сөзін реніштен бастады. 

Мен алдымен азырақ ренішімді айтайын. Қазір кино түсіреді. Онда бір соқыр шал, тісі кетік кемпір, сосын доңғалағы қисық арба жүреді. Қайда барсаң соны көрсетеді. Бұл халықты жалықтырды. Сонан соң «Тұлға», тағы бірдеңе деген хабарлар түсіреді телеарналар. Онда да бір адамды қайталап көрсетеді. Кейіпкер бұрынғы айтқан әңгімесін қайталап айтып отырады. Ешқандай жаңалық жоқ. Бұл да халықты жалықтырады. Одан қалса, күндіз-түні концерт береді. Онда да ертеден келе жатқан әншілер, сан мәрте орындалған әні. Мұның себебі – ізденістің аздығы. Журналистер Алматы мен Астанадан ұзап шықпайды, айналасындағыларды қайталап түсіре береді. Жаңа кейіпкер, жаңа тақырып іздемейді. Өнер де, тарих та халықтың ішінде, сондықтан Алматы мен Астананың маңын шиырлай бермей, алыс облыстарға, халықтың ішіне барып тұру қажет. Мұны кәперлеріңде жүрсін деп айтып отырмын. Кейде түсірілген кинолардан оғаш, өркескел қателіктерді байқайсың, «әттеген-ай» деп күйінесің. Мысалы, Д.Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» фильмінде тарихи қателіктер бар.

– Нақты қандай қателіктер?

– Қазақ алты арыс дейді. Осы алты арыстың өзіне ғана тән этнографикалық, эстетикалық мәдени ерекшеліктері бар. Бұл киім киісінен де білініп тұрады. Ал қазір кино түсірсе, кемпірдің басына бір құлаш ақ орамалды орайды да, оны кимешек деп қояды. «Құнанбайда» да солай, арғынның киім үлгісінен жұрнақ жоқ. Әу баста, фильм түсірілерде Ақшоқыға, Құнанбайдың зиратының қасына біраз адамды жинады. Досханның өзі сөйледі. «Бәрі басқаша болады, қатырамыз» деді. Біз де өз ойымызды ортаға салдық. Сөйтіп, фильм түсірілді, бірақ басқа түгел түгі де жоқ, сол баяғы ескі сүрдек. Құнанбайдың, Абайдың төңірегіне қатысты әңгіменің, тарихтың бәрі халықтың көз алдында, біз – Құнанбайдың және Абайдың айналасын, өмір тарихын түгел білеміз. М.Әуезовтің «Абай жолында» да бәрі анық жазулы тұр. Мұхтар ештеңеден қия басқан жоқ, бәрін де соншалық дәлдікпен жазды. Киім киіске қатысты мәселені барлық киноларға тиісті қателік дейік. Енді сізге тарихи қатені айтайын. Кинода Құнанбайды түрмеден босатып алған Барақ төре деп көрсетеді. Негізі Құнанбай мен Барақ төре бір-бірімен бақталас адамдар. Барақ мың жылқы айдап беріп, Құнанбайды түрмеден шығарып алатын кісі емес. Менде Құнанбайдың түрмеден босағаны туралы құжат бар. Орысша жазылған, сонда айтады: «Құнанбайды түрмеден босатуға көмектескен Ш.Уәлиханов» деп. Уәлиханов деп отырғаны – Шоқан ба, Шыңғыс па, оны нақты айта алмаймын, бірақ Барақ емес екені анық. Мұны осындағы арғын, тобықтының бәрі біледі. Тарихты бұзу, шындықты бұрмалау қиянат, тіпті күнә. Енді мынаған қараңыз, Құнанбай мен Алшынбай бір шарбақтың ішінде құдалық сөйлесіп отыр. Қай қазақ қой қораның ішінде құдалық сөйлесіп еді. Бұлар өзге емес, қазаққа белгілі Алшынбай мен Құнанбай. Абай мен Ділдәні үйлендіргелі сөйлесіп отыр. Бұл дегеніңіз – Абайды, Құнанбайды қорлау. Сондай-ақ мұнда да қазақтың дәстүрін бұзып тұр. Құдалық дегеніңіз – қазақ үшін ең салтанатты нәрсе. Онда ең шешен, ақылды адамдар сөз алады. Оның өз сән-салтанаты болады. Фильмде осының бәрін бұзып отыр. Былай қарасаңыз, қарапайым ғана дүние, көз жүгіртіп өте салсаңыз да болады. Анығында, қазақтың этикасын, этнографиясын білетін адамдар үшін кешірілмейтін жағдай. Мұндай ұлттық құндылықтар қазақты қорғап, сақтап тұр. Сондықтан оны бұрмалауға болмайды.

Бір кездері қазақты надан, бейшара, қараңғы етіп көрсетуге тырысты. Бұл орыстар үшін керек болды. «Қазақты біз адам еттік, нан беріп тойғыздық, көзін аштық» деп айту үшін керек болды. Ал қазір тәуелсіздік алдық. Барымызды, бар салтанатымызды көрсетуіміз керек. Мысалы, корейдің фильмдерін көрсең, малынып тұрады, бар сән-салтанатын көрсетіп. Ал біз сол баяғы дөңгелегі қисық арба, жамау-жамау киіз үйден құтыла алмай келеміз. Неге өнерімізді, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттамаймыз? Мысалы, «Біржан сал» жақсы фильм, бірақ тым қысқа, оны кемі бес сериал етіп түсіру қажет еді. Сонда ғана салдықтың бар болмысы жан-жақты ашылар еді. Салдық – қазақ өнерінің ең жоғары шыңы. Салдықтың мәні жынды адам сияқты, ат үстінде бұлғақтап, айғайлап ән айту емес. Ол қазақтың барлық өнерінен хабардар адам болған, оның айналасына балуан, батыр, сөз тапқыш, жұмбақ шешкіш, әзіл айтқыш адамдар топтасып жүрген. «Біржан салда» осы салдық кеңінен көрсетілу керек еді. Міне, осындай нәрселер көңіліңе сыймайды, көріп-біліп отырған соң айтасың. Кейінгі ұрпақ дұрысы қалай екенін білсе екен дейсің.

– Қай кезде де өнерге, өнер иесіне іздеуші, насихаттаушысы керек. Қазір көп ізделмей тасада, елеусіз қалып қойған қандай тұлғаларды айтар едіңіз?

– Қазір тұлға деген сөзді жиі айтады. Күнделікті экраннан түспейтін кісілерді де тұлға дейтін болды. Ал бірақ шын талантты өнер иелері кейде елеусіз қалып жатады. Мысалы, Жәнібек Кәрменов туралы қысқа ғана хабардан өзге ештеңе жоқ. Ал Ж.Елеубековтің алғашқы шәкірті Мәдениет Ешекеев туралы да жарытып ештеңе жоқ. Болат Сыбанов деген әнші, әртіс, композитор болған. Қазір оны ешкім білмейді. Артында жоқтаушысы болмаған соң, өшеді. Бая Сағымбаева дейтін актрисаны да көп ешкім білмейді. Жақында қайтыс болды. 15 жасында Алматыда Қарагөз болып ойнаған. 16 жасында Мәскеуде Б.Майлиннің «Жалбырында» Қадишаны сомдады. Қазір оны ешкім танымайды. Осындай дүниелерді ойлап, кейде күйінесің. Совет кезіне өкпеміз жоқ, ол бір сондай саяси идеологияның заманы болды. Ал қазір тәуелсіз ел атандық. Енді неге бір-біріміздің етегімізден тартып отырмыз.

– Ертеректе, Совет өкіметі кезінде басшылық қызметте жүргеніңізде Наурыз мерекесін ұйымдастырған екенсіз. Өзіңіз бас болып сценарийін жазып. Енді осы туралы айтып беріңізші?

– Наурыз барлық рухани өмірдің азбукасы сияқты. Қазақ өзінің барлық тіршілігін табиғатпен байланыстырған. Ай туса айға қарап, осы ай былай болады екен деп болжам жасайды. Сол сияқты, көктегі жұлдызды, соққан желді, аққан суды да оқыған, тілін білген. Өзінің бар тіршілігін табиғатқа байлаған. Наурыз – көктем, жылдың басы, күн мен түннің теңелетін кезі. Енді жылдың ең ұзақ күні бар, ол – маусымның жиырма екісі. Мұны қазақ «Қымызмұрындық» деп атаған. Оны да тойлаған. Ал қыркүйектің жиырма екісі күн мен түн қайта теңеседі. Бұл кезде егін шабылады, шөп жиналады. Сондықтан оны «Сабан той» деп атаған. Ал қыстың ең қатал кезі – 22 желтоқсан. Мұны «Соғым басы» деп атаған. Сөйтіп, мезгіл-мезгілге бөліп, төрт той өткізген. Қазір наурызды ғана тойлап жүрміз. Оның өзін қырықпышақ етіп, тоз-тозын шығарды. Биыл «Көрісу күні» деп атап өтті. Иә, Көрісу күні наурызда болған, бірақ ол бір күндік іс-шара емес. Мен Жаңа Семей ауданында әкімнің орынбасары болып тұрғанымда үш жыл қатарынан үш күннен Наурыз тойлаттым. Сонда үш күн не істедіңіз дейсің ғой? Үш күнді де құр өткізген жоқпыз. Наурыздың өз әні, өз жыры, өз салтанаты, ұлттық ойыны бар. Дәл күн мен түн теңелгенде ойналатын, теңдікті көрсететін ойын бар. Қазір мұның бәрі ұмыт болды. Наурыздың ерекшелігі, сән-салтанаты қалмады. Бұрын наурызда қазақ алас жасаған. Алас дегеніңіз – от. Ол – барлық жамандықты, кінәні, кірді тазартады. Соны өткізуге ерінеді. Мен қайбір жылы әкімдікке айтып жүріп, әкімшіліктің алдына екі от жасаттым. Халықты соның арасынан өткіздік. Наурыздың бір рәсімі – осы.

– Сіз ұзақ жыл өңір тарихын зерттедіңіз, шежіре жинадыңыз. Наурыз секілді тағы қандай салт-дәстүріміз ұмыт болып барады?

– Басқасын айтпағанда, қазір бата берудің де жөнін ұмыттық. Тіпті батаның қадірі қалмай барады. Әншейін алақан жайып, «амандық-саулық болсын, Құдай тілеуіңді берсін» дей салады. Бата қандай тойға беріліп жатқанын да ескермейді. Қыз ұзатылып жатыр ма, келін түсіп жатыр ма, сүндет той ма бәрібір – бәріне беретіні бір бата. Негізі бата – қазақтың ең үлкен қасиетті, қадірлі, киелі дүниесі. Батаны сұраудың өз жолы болған. Баяғыда бата алу үшін бәленбай жерден ат арытып, арнайы іздеп келетін болған. Оның жол-жоралғысы бар. Атын жетелеп, шапанын алып келген.

Мен «Таным», «Талғам», «Тағылым» деген кітап жаздым. Әуелі тану керек, содан кейін тағылым алу қажет. Мұның басы сәлемнен басталады. Әуелі сәлемің түзу болуы керек. Қазір ұрлап, жырлап, бір-екі жылқы құрап алған кейбіреулер өмірі аштық көрмейтіндей, сәлемін қимай, кекірейіп қалады. Немесе бір лауазымды қызметке тұра қалса, қасыңнан кердеңдеп өте шығады. Бұл – кісіліктің жоқтығы. Қазақ «Жасына қарай төрлейді, жағына қарай сөйлейді» дейді. Бұл дегеніңіз – төр жасы үлкен кәрілердікі деген сөз. Ал қазір қайтеді, жап-жас жігіттердің мансабын көлденең тартып, төрге шығаратын болды. Адам әуелі өз орнын білуі қажет. Тебініп төрге озғаныңмен, ол саған қоныс болмайды. Міне, осының бәрі білген кісіге өсиет.

Енді салт-дәстүрдің бұзылғанын айтайын. Қазақтың қасиетті асы­ – ет. Оны қазір бесбармақ деп атап жүрміз. Күнделікті ақпаратта, экранда бәрі солай атайды. Біріншіден, адамда бес бармақ болмайды. Екі-ақ бармақ. Қалған саусақтардың өз атауы бар. Екіншіден, бесбармақ дегенді орыстар шығарған, қазақтар тамақты қолмен жейтін арам халық деп. Соны әлі айтып жүрміз. Сосын тамақ тартудың жолы-жосыны болады. Оны да ұмыттық. Табақ тартуда әр рудың өз ерекшелігі бар. Мысалы, мына Шұбартау ауданында керейлер табақ тартқанда бастың қасында екі сирақ жүреді. Ал Ақсуат жақта наймандарда бастың қасында бір сирақ жүреді. Арғын тобықтылар бастың қасына сирақ салмайды. Қазір мұның бәрі бұзылды. Әркім өз білгенінше табақ тартады. Айта берсең, мұндай жағдайлар көп. Сосын қазір табақты әкелгенде бата сұрайтын болған. Қазақта «Асатпай жатып құлдық деме» деген сөз бар. Негізі батаны қой сойғанда жасайды. Сосын тамақ желініп болған соң, ас қайырады. Қазақта әр нәрсенің өз тәртібі болған. Әйелдер асты қонағына оң қолымен ұсынған, ол – ізеттіліктің, құрметтің үлгісі. Ал ең құрметтейтін қонақ ауыл ақсақалының оң жағында отырған. Өйткені оң қолымен ыдысын әперіп, ас асатып, құрмет көрсеткен. Мұның бәрі – күнделікті қарапайым дүниелер. Бірақ аса маңызды дүниелер. Әрқайсысының өз мәні, мағынасы бар, өз тәртібі бар. Баяғыда Боқтыбай деген болыс болыпты. Бірде атшысын бір жаққа жұмсап жіберіп үйінде отырса, аяқасты тағы бір ауылға қонаққа баратын болыпты. Сөйтіп жанына бір жалшысын ертіп, жолға шығыпты. Қонақтарға қой сойылыпты, бір кезде бас келіпті. Боқтыбай басты алып кесе бастаса, әлгі жалшысы жамбасқа қол салыпты. Сонда Боқтыбай жалшысының қолын пышақпен қағып жіберіпті. Оның қолынан қан діздектеп ағып, тамаққа төгіліпті. Ақыры қайтадан қой сойылып, жаңадан табақ тартылған екен дейді. Боқтыбай неге жамбасқа қолын созған жалшысының қолын қағып жіберді. Себебі мұнда үлкен дәстүр бұзылып тұр. Қазақтың салты бойынша бас пен жамбасты бөлмейді. Басты кескен кісі келесіде жамбасты кеседі. Себебі баста құлақ пен ұртынан басқа жейтін түгі де жоқ. Басты құрмет үшін ғана тартқан. Ал жамбасты қиялап кесіп, майымен араластырып жеген. Бұл – тәртіп. Әлгі жалшы соны бұзып отыр. Боқтыбай дәстүрді сақтап отыр. Дәстүр сақтау дегеніміз – заңды сақтаумен бірдей. Ал дәстүр бұзылды дегеніңіз – заң бұзылды деген сөз. Қодар мен Қамқаны түйеге артып, Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлап, Қалқаманды атып жүргендердің бәрі қанішерлер емес. Олар қазақтың салт-дәстүрі бұзылмасын деп соны істеді.

– Сіз бір кездері Абайдың Жидебайдағы музей үйін қайта салуға атсалысқан екенсіз. Мұны қалай істедіңіздер, жұмысты неден бастадыңыздар?

– Абайдың үйі әуелде құйма кірпіштен құйылған, уақыт өте келе шіріп, ескірді. Сосын оны бұзып, қайта салатын болды. Алдымен жиналыс өтті. Бұл шаруаның басы-қасында сол кездегі Семей облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары Арғынғазы Қайсаханов өзі жүрді. Сөйтіп Қайсаханов мені технадзор етіп тағайындады. Сосын «үйдің іргетасын қозғамаңдар, бөлмелердің орны бұзылмасын. Үйдің жағдайын білетін кісілерден нақтылап сұра. Бастапқы есік-терезесі қалай болды, соның бәрін біл» деп, тапсырма берді. Қайсахановтың бұлай айтуының да себебі бар. Өйткені үй ертеде кітапхана болған. Сосын түйе фермасының орталығы болған. Сол кезде түйе сыймайды деп, есікті бұзған. Талай өзгерген. Енді ең әуелгі тұрқын қалпына келтіру керекпіз. Сөйтіп үй бұзылып болғанда Жидебайға бардым. Үйдің іргетасы есебінде 1015 сантиметрдей жерді қазып, тас қойыпты. Таңғалғаным – тасты жалпағынан емес, ылғи қырынан қойыпты. Оны сол күйінше қалдырдық, тек бетін тазартып құйып шықтық. Үйдің қай жері тақтай, қай жері сырғауыл болды, соның бәрін қадағалап отырдым. Есік-терезелері ауысып кеткен екен, оны қалпына келтірдік. Мұхтар дейтін Абайдың бүркітшісі болған. Сол кісінің баласынан сұрап, білдім. Қатпаның әйелі Мақып апаны іздеп бардым. Ол кісіден үйдің ішіндегі ыдыс-аяқ, дүние қалай жиналғанын сұрап, жазып алдым.

Мұның бәрі ың-дыңсыз бітті. Мәселе тошалаға келгенде шықты. Абай жылына он-он бас ірі қара сойған. Күнде ағылып келіп жатқан қонақ. Қазы-қартаны тошалаға іліп, астынан от жағып, ыстаған. Оның төбесі киіз үй сияқты болып келеді, төбесі ашық түтін тартып тұрады. Соны айтсаң, құрылысшылар түсінбейді. Ақыры ырың-жырың болып жүріп, араға Арекеңді салып, тошаланы да жасаттық. Бір дәліздің терезесі төбесінде еді, оның да қалпын бұзбай, шынылап жасағанбыз. Кейін облыс әкімі Д.Ахметов дәліздегі шыныны алдырып тастап, орнына тақтай қақтырыпты. Үйдің өзін аққа бояттырыпты. Үйдің енді ешқандай мемуарлық мәні қалған жоқ. Қойшының, сиыршының үйі ме, ажырата алмайсыз.

– Сонда үйдің әуелгі түсі қандай еді?

– Әуелгі түсі сұрғылт болатын. Терезелерінің айналасы ақпен ақталған. Ал қазір аппақ. Тіпті оған барғым да келмейді. Үйді өстіп жасату үшін көп қаржы жұмсады. Оның қаншасы Ахметовтің қалтасына кеткені бір Құдайға ғана аян. Біз әйтеуір бірдеңені бұзуға, бүлдіруге шеберміз. Қайта қалпына келтіруді білмейміз.

Сұхбаттасқан

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: