Саясат

Мұғалімдер vs Кітапханашылар: Аймағамбетов кім жағына шығады?

Тоқаевтың тапсырмасы, Аймағамбетовтің бастамасыПедагог мәртебесі сөз болып, бір қарағанда, іске аса бастаған сәтте министр болып келе қалып, басқа болмаса да, мұғалімдердің алдында сүйкімі артып шыға келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тек мұғалімдердің алдында ғана емес, мектептегі өзге де қызметкерлердің алдында биіктей түскісі келетін сияқты.

Мұғалімдер vs Кітапханашылар: Аймағамбетов кім жағына шығады?

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Аймағамбетов осы уаққа дейін аса бір мән бермей келген мәселені айтып қалды: «мектеп кітапханаларының кітап қоры ескірген әрі жұтаң» екен. Осыдан кейін, «мұқият айналысу және нақты ұсыныстар енгізу» туралы тапсырма алған министр кітап оқытудың басқаша жолын қарастырып көрмекке бел буыпты.

Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп болған (!) министр енді мектеп кітапханашыларының статусын көтеруді қолға алыпты. Бірақ, ол жұрт қуана құптайды деген бастамасы дауға айналады деп күткен жоқ. Өйткені, ол кітапханашылардың мәртебесін көтеру мәселесінде бірнеше факторды есепке алмады. Соның негізгісі – мұғалімдердің  ұзақ уақыт бойы жаға жыртыса жүріп жеткен мәртебелеріне басқалардың ортақтаса кетуіне көнбейтіні.

Бұл педагог мәртебесінің әлі де төмен екенін көрсетеді

Белсенді мұғалімдер Аймағамбетовтің бұл бастамасына қарсылық білдіріп жатыр. Олардың бәрі дерлік кітапханашыларға педагог статусын беру – бұл мұғалім мәртебесіне нұқсан келтіреді деп есептейді.

Алматы облысы, Қарасай ауданының мұғалімі (БАҚ-қа жұмыс істейтін мектепті нақтылауға болмайды деген талап бар дейді) Айман Сағидолла кітапханашыларға арнайы үндеу жолдап, өздеріңізді құрметтесеңіздер, мұғалімдерді араластырмай-ақ жалақыларыңызды көтеруді сұрауларыңыз керек еді деген сын айтты.

— Осы кезге дейін мұғалімдер болып, қоғам болып педагог мәртебесін көтеру, жалақы өсіру төңірегінде, мұғалімдер неге көше сыпырады, неге біреудің концертіне барады, неге оларды тоқпақтай береді деп талай шуладық қой. Қанша рет хат жаздық, министрге, басқасына. Бірақ, кітапханашылар бізді қолдап, не хатымызға қол қойған емес, не бізге қосылып, қарсы шыққан емес. Олардың қосылмайтыны – бізге, мұғалімдерге жасалған қысастар мен заңсыздықтарға кітапханашылардың да үлесі зор. Мен өзім сарай газеттері деп атаймын, сол газеттерге зорлықпен жазғызуды мектепте кітапханашылар жүзеге асырады. Педагог мәртебесі туралы заң шығып, мұғалімдердің жалақысы көтеріле бастағанда, (соншалық өсіп кетпесе де, бұрынғыдан тәуір), үкімет те, билік те бізбен санаса бастаған кезде, енді келіп, педагог болғысы келіп қалыпты.

— Сіз сонда кітапханашылардың жалақысы көтерілгеніне қарсысыз ба?

— Жалақылары көтерілсін! Олар да Қазақстан азаматы ретінде жалақы көтеруді сұрауға құқылы. Бірақ, олардың не деп жүргенін қараңыз: «Неге мұғалімдердің жалақысы көтерілгенде, біздікі көтерілмейді?» Жалақы сұрасын, талап қойсын, бірақ, оған неге мұғалімдерді араластырады? Бұл былайша айтқанда, күншілдік қой. Мұғалімдерді менсінбеу, қорлау деп есептеймін. Кітап дегеннің өзі керемет дүние ғой, кітапханашы деген де өзінше мәртебе. Неге соны алға тартпайды, неге кітапханашы статусын сұрамайды? Мектепте жұмыс істейтіндердің бәріне педагог статусын бере берсе, мұғалім мәртебесі туралы заң не үшін шықты?! Қоғамда мұғалімдерді алдыға салып, өзінің проблемасын айту, мұғалім мәртебесінің әлі де төмен екенін көрсетеді.

— Жалпы, мектеп кітапханашысының міндеті қандай?

— Кітапханашының міндетін білмеймін, мектептегі істейтін шаруасы – жылдың басында кітап таратады; жылдың аяғында газет-журналға жаздыру үшін, мұғалімдерден заңсыз ақша жинайды; оқу жылының соңында кітап жинап алады. Біз әлеуметтік желіде осы мәселені көтергенде, олар «жоғарыдан бұйрық келсе, біз басқа не істеуіміз керек?» деп жазды. Бұйрық деген – арнайы мөр басылып, ресми түрде келу керек қой. Ал, оларға жай ғана ауызша нұсқау береді. Олар соны бұйрық деп есептейді екен.

— Кітапханашылар мектеп директорына бағынады ғой?

— Оларға жұмыс беруші – мектеп директоры. Олар мектеп директорына және «зав.хозға» бағынады. Олар да «тех.персоналдың» тізіміне кіреді. Бір жағынан, олардың да намыстанатынындай бар. Бірақ, ол үшін мұғалімдердің жағасына жармаспай-ақ, өздеріне кітапханашы деген статус сұрауына болады ғой?

Айман кітапханашылар қаншалықты ізденеді деген сұраққа жауап беруден бас тартты. Дегенмен, өзі көрген кітапханашылар арасында оқушыларға кітап бермей, кітапханадан қуып шығатындардың болғанын растайды. Өйткені, кітап жоғалтып алам деп қорқады. Айман айтқан тағы бір мәселе – мектеп кітапханаларының жағдайының нашарлығы. Көп мектептерде оқырман залы жоқ. Кітап қорының аздығы екі бастан түсінікті. Оқырман залы оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де маңызды. Сабақ арасында дайындығын пысықтаса, сабақтан тыс уақытта отырып, өзінің қызығушылығы бойынша әдебиеттерді қараса… Бірақ, бұл жағынан да іздегеніңді таппайсың дейді. 

Мәселе тек жалақыда ғана емес

Qazaqstan телеарнасындағы «Ашық алаң» ток-шоуында осы мәселе сөз болып, соған қатысқан кітапханашы мен мұғалім бір біріне «бұлар» деп қол сілтей сөйлеп, ұзақ дауласты. Сонда кітапханашылардың сөзін сөйлей келген кейіпкер «біз мұғалімдердің сабақ жоспарын жасауға көмектесеміз» деп салды. Ал, бағдарламаға қатысушы мұғалім бұл сөзді толықтай жоққа шығарып, өздерінің, тіпті, мектеп кітапханасын да пайдаланбайтынын, керекті әдебиеттер мен ақпараттарды интернеттен алатынын айтты. Осы мәселеге қатысты пікір сұрағанымызда, Алматы облысы, Талғар ауданында мектеп кітапханашысы болып жұмыс істейтін Айгүл Имағамбетова оқушыға кітап бермеу деген мәселе жоқ екенін айтты. Тіпті, оқушыларды ынталандыру үшін «үздік оқырман» байқауын өткізіп, арнайы сыйлықтар береміз дейді. Кітап көрмелерін де өткізіп тұрады. Оның айтуынша, соңғы екі-үш жылда мектеп кітапханасына көркем әдеби кітаптар түспеген.

— Мектепте кітап қоры өте аз, міне жаңа көркем әдеби кітаптар түспегелі екі-үш жыл болып қалды. Оқырмандардың аз, көп болуы да сол кітап қорына байланысты ғой. Оқушылар кітап сұрап келгенде, таппай қалатын жағдайлар жиі болады.

— Оқушылар кітап оқысақ деп едік деп, жиі келе ме? Қандай кітап сұрайды?

— Иә, ондай оқушылар өте көп. Жоғары сынып оқушылары «Махаббат, қызық мол жылдарды» сұрайды. Ол осы уақытқа дейін болмаған, соны жақында Талғар ауданының кітапханасынан сұратып алдық. Сосын,  ертегілер сұрайды. 1-ден 4 класқа дейінгілер.

— Қазір әлеуметтік желідегі жазбаларға қарасақ, жақында қазақша аудармасы шыққан «Хәрри Поттер» балалардың қызығушылығы туындап жатқанын байқауға болады. Сіздерден бұл кітапты сұрай ма?

— Сұрайды. Бірақ, бұл кітап бізде жоқ. Жалпы, аударма кітаптар өте аз.

Кітапханашы баспасөзге жазылу мәселесіне кітапханашылар жауапты екенін растады. «Басылымдар тұрған кезде оған көбіне кім жазылады? Жазғызады ғой… бұл бұрыннан келе жатқан нәрсе», дейді. Бірақ, бұрынғыдай үстемелемейді екен. Ал, өзі жұмыс істейтін мектепте мұғалімдер мен кітапханашылардың арасында ешқандай дау туындамағанын айтады. Бұл мәселе тек жалақы үшін ғана туындап отырған жоқ, бұл кітапханашылардың өздерін дамытуы үшін керек нәрсе деп есептейді және кітапханашылар өзін педагог статусын алуға лайық дейді.

— Мен «ЖенПИ»-де оқыдым. Басында Библиография факультетін бітіргеннен кейін, біз де педагогпыз деп есептегенбіз. Сол себепті, мектеп кітапханашысында педагог статусы болуы керек, мәселе тек жалақыда ғана емес.

— Библиография факультетінде мамандыққа қатысты не оқытады?

Кітаптың шығу тарихы, дүниежүзілік әдебиеттер, оқырманмен қарым-қатынас жасау туралы психологияда оқытылады.

Айгүлдің айтуынша, қазір кітапханашылардың жалақысы мұғалімдерден 3-4 есе аз.

Мұнда ерекше мән беретін бір мәселе бар. Аймағамбетов алғаш министр болып келе салған күннен бастап, білім саласындағы барлық проблеманы ашық айтқан болып отырып, кінәні бұрынғы басшыларға аударумен айналысты. Және сол аралықта, бұл мәселелерді шешуді қолға алып жатқанын, барынша тырысып жатқанын айтумен болған. Енді, соңғы екі-үш жылда мектепке жаңа әдебиеттер түспеді десек, оның дәл жартысы бір жарым жылдан бері министр болып келе жатқан Аймағамбетовке тиесілі. Сол себепті, мектептерде кітап қоры неге аз деген сұраққа бірден бір жауапты адам, әзірге, Аймағамбетов. Бірақ, Тоқаевтың тапсырмасынан кейін кітап оқу туралы жақсылап ақыл айтып, мораль оқыған бас мұғалім өзі айтқан кітап оқитын, парасатты ұрпақ тәрбиелеуді кітап қорын көбейтуден емес, кітапханашының статусын көтеруден бастағанды жөн көрген сияқты.

Мектеп кітапханаларын Мәдениет және спорт министрлігіне өткізіп берсін

Бірақ, бұл мәселе мұғалімдер мен кітапханашылар пікірін қаққа жарып, дау туындатқан соң, енді қандай шешім қабылдауға тиіс? Біз осы сұрақты тағы да бірнеше мұғалімге қойып көрдік. Соның бірі белсенді мұғалім Тұрсынай Басқынбаева.

— Аймағамбетов мынадай дау шыққаннан кейін кітапханашыларды да ренжітпей, мұғалімдерді де ренжітпей, өз жұмысына сай кітапханашыларға басқа мәртебе беру керек шығар. Кітапханашы деген мәртебе берсін, айлығын мұғалімдермен теңестірсін. Болмаса, мәдениет қызметкері немесе ағартушы деген статус беру керек. Тек педагог емес. Тіпті, ол қолынан келмесе, мектеп кітапханашыларын Мәдениет және спорт басқармасына біржола өткізіп берсін. Жалпы, кітапханашылардың педагог статусын талап етуі – мұғалімдерге құрметсіздік деп есептемеймін. Тек, әркімге бір бере берген соң, педагог атын аласартып алмаймыз ба деген әңгіме. Оның үстіне, кітапханашылардың функционалдық міндеттері педагог статусына сай келмейді.

Бұл мәселенің туындауы – кітапханашылардың қызметтік міндеті мен этикасын дұрыс білмейтінінен туындап отыр деп есептейтін тағы бір мұғалім Орал қаласында жұмыс істейтін Айнұр Садыр кітапханашыларға педагог статусын беру үшін ЖОО-лардан арнайы педагог-кітапханашылар дайындайтын мамандық ашу керек деп есептейді. Айнұрдан кітапханашылардың президент жолдауын насихаттаумен де айналысатынын айтады.

— Тәрбиелік шаралар өткізеді, мерекелік, атаулы күндерді – ұлылардың туған күндеріне байланысты іс-шаралар ұйымдастырып жатады. Одан бөлек, президенттің жолдауын насихаттайды, білім саласына қатысты, кітаптардың таныстырылымын жасайды. Бұл енді қадағалауға байланысты. Көбіне, қалалық жерлерде бәсекелестік бар, бір бірінен қалмауға тырысады. Ал, ауылдық әріптестерімнен естуім бойынша, ол жақта жағдай онша мәз емес. Әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой, кітапханашылар мектепте сауда-саттықпен де айналысқан деп. Одан бөлек, қазір қалалық жердегі мұғалімдер мен ауылдық жердегі мұғалімдер екі түрлі. Мәселен, бізде газетке жаздыру мәселесі жоқ дей алам, газет керек болса, кітапханашыға айтамыз, олар керек басылымды тауып береді. Ал, ауылдағы әріптестеріміз 20-25 мың теңгеге жазыламыз дейді...

Тоқаевтың Аймағамбетовке берген тағы бір тапсырмасы – ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасын теңестіру болатын. Бірақ, қаладағы мұғалімдер газетті кітапханадан оқып (оқығысы келсе), ауылдағысы  мәжбүрлі түрде бірнешеуіне жазылып жүргенде, президенттің «теңестіру» туралы тапсырмасы оңайлықпен іске аса қоймайды-ау.

Аймағамбетов кітапханашылар мен мұғалімдердің арасына от жағып қойып, қарап отыра қоймас, өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай алып шығатын, бір шешімін айтып қалар. Қанша дегенмен, мектептердегі кітапханалар мәселесін өзі емес, басқа емес, президент көтерді ғой...

Тегтер: Без Тега
Алмас Нүсіп
Алмас Нүсіп Алмас Нүсіп

Оқыңыз