Педагог TikTok-тағы жазбасы үшін жұмысынан айырылды
Огайо штатында жұмыс істеген мұғалім TikTok-та жариялаған видеосынан кейін қызметінен айырылды. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында 26 сәуір күні Ақ үй тілшілерінің дәстүрлі кешкі асы кезінде болған атыс оқиғасына қатысты пікір білдірген.
Fox News мәліметінше, бейнежазбада әйел АҚШ президенті Дональд Трамптың шабуыл кезінде зардап шекпегеніне көңілі толмайтынын жанама түрде жеткізген.
«Кейбіреулер жұма күні немесе кеше шешуші күн болуы мүмкін деген еді. Бірақ мен ұйқымнан оянғанда мүлде басқа жаңалықты естідім. Бізді шын мәнінде неден алаңдатқысы келетінін мұқият қадағалауымыз керек», – дейді ол видеода.
Бұл жазбаны Цинциннати қаласындағы BrightPath білім беру мекемесінде мектепке дейінгі тәрбиеші болып жұмыс істеген Коррин Баум жариялаған. Ол видеода нақты заңға қайшы мәлімдеме жасамағанымен және Трамптың аман қалғанына ашық түрде наразылық білдірмегенімен, оның сөзі қоғамда қызу талқылауға себеп болды.
Желіде кең тараған бейне көпшіліктің сынына ұшырап, ақыры педагогтың қызметінен босатылуына алып келген.
Еске салайық, 26 сәуірге қараған түні Вашингтондағы Washington Hilton қонақүйінде Ақ үй тілшілері қауымдастығының дәстүрлі кешкі асы кезінде атыс болған. Кешкі асқа АҚШ президенті Дональд Трамп пен әкімшілік өкілдері қатысқан еді.