Мұхтар Жәкішев қызының ұзату тойына қатысты сынға жауап берді
«Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайдың ұзату тойы өткенін айтты. Оның сөзінше, қызы алты жылдан бері кездесіп жүрген Карл есімді азаматпен шаңырақ көтерген.
Жәкішев бұл қуанышты күннің өзі үшін ерекше мәнге ие екенін жасырмады. Себебі үлкен қызы тұрмысқа шыққан кезде ол түрмеде отырғандықтан, тойға қатыса алмай, тек жазбаша құттықтау жолдаумен шектелген.
Ал бұл жолы қызын ақ босағадан өзі шығарып салуға мүмкіндік туған.
Ол сондай-ақ қызының өмір жолы оңай болмағанын еске алды. Әкесі қамауға алынғаннан кейін Алтынай шетелге кетуге мәжбүр болып, әке қамқорлығынсыз өскен. Соған қарамастан жоғары білім алып, журналистика мен модельдік салада өз орнын тапқан.
Әлеуметтік желіде күйеу баласының ұлтына қатысты айтылған пікірлерге жауап берген Жәкішев адамды шыққан тегіне қарап емес, ісі мен адамгершілігіне қарап бағалау қажет екенін айтты.
«Мен үшін ең маңыздысы – қызымның бақыты. Адамның ұлты емес, болмысы мен әрекеті маңызды», – деді ол.