«Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы»: ҚМДБ әлеуметтік желіде тараған пікірге жауап берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желіде тараған «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікірге қатысты мәлімдеме жасады.
ҚМДБ мұндай мазмұндағы мәлімдеменің қоғамда түсінбеушілік туғызғанын атап өтіп, Ислам діні адамдарды даналықпен насихат айтуға, өзгені ауыр сөзбен айыптамауға және әр адамның ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін еске салды. Сондай-ақ діни мәселелерге байланысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс еместігі айтылды.
Бұдан бөлек, аналар мен қыз-келіншектерді бейәдеп сөздермен кемсіту де өрескел қателік екені атап өтілді. Діни басқарма адамның арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді Ислам құптамайтынын жеткізді. Алайда дін мен ұлттық дәстүрдің құндылықтарын насихаттайтын, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін әндерге рұқсат берілетіні жөнінде Ислам ғалымдарының пікірлері бар екенін мәлімдеді.
ҚМДБ қазақстандықтарды әрбір сөзге жауапкершілікпен қарауға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамдағы бірлікті нығайтуға шақырды.