Тоқаевтың сынынан кейін ҚМДБ араб сөздерінің орнына қазақша атауларды қолдануға кеңес берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қарым-қатынаста діни ортада жиі қолданылатын араб сөздерінің орнына қазақ тіліндегі төл атауларды пайдалануды ұсынды.
Мәселен, ҚМДБ "ифтар" және "сухур" сөздерінің орнына "ауызашар" мен "сәресі" деген атауларды қолдануға шақырды.
Сондай-ақ бес уақыт намазды "таң", "бесін", "екінті", "ақшам" және "құптан" деп атауды ұсынды.
Ал "ахи", "ухти", "абла", "аби", "брат", "сестра" сөздерінің орнына "бауырым", "ағам", "інім", "әпкем", "апам", "қарындасым" деген қазақша сөздерді қолдануға кеңес берді.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев діни ұғымдарға қатысты араб сөздерін қазақтың төл сөздерінің орнына қолдану үрдісін сынға алған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы кезде діни ортаға қатысты араб сөздерін пайдалану сәнге айналған. Президент мұндай үрдіс сұрақ туғызатынын айтқан еді.