"Самұрық-Қазына" қор басшысының ұсталуына қатысты жаңа мәлімдеме жасады
"Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталуына қарамастан, жұмысын әдеттегідей жалғастырып жатқанын хабарлады.
Қор өкілдері басшылықтағы жағдай инвестициялық жобалар мен серіктестер алдындағы міндеттемелерге әсер етпегенін мәлімдеді.
Компанияның хабарлауынша, инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттеме бұрынғы шарттар бойынша орындалып жатыр. Қолданыстағы келісімдердің талаптары өзгеріссіз қалған.
Сондай-ақ қордың инвестициялық жобалары мен стратегиялық бағдарламалары бекітілген жоспарға сай жүзеге асырылуда. Ұйым қаржылық және институционалдық тұрақтылығын сақтап, негізгі қызметтерін атқаруды жалғастырып жатқанын атап өтті.
"Самұрық-Қазына" қазақстандық және шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктес болып қала беретінін айтып, барлық серіктеспен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.